Фото: Polisia.kz.
ІІМ аумақтық бөлімшелері жүргізген тексеріс барысында қазіргі таңда 727 автомектеп жүргізушілерді даярлайтыны белгілі болды. Алайда олардың қызметінде бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, көптеген автодромдарда жол белгілері, жол таңбалары мен жарықтандыру жеткіліксіз, ал кейбір оқу көліктері техникалық ақаумен пайдаланылған.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 20 ұйғарым берілді. Сонымен қатар, 59 оқу ұйымы жүргізушілерді даярлау кезінде міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ көліктерді пайдаланғаны белгілі болды.
Тексеру нәтижесінде ІІМ Әкімшілік полиция комитеті 701 оқу тобының қызметін тоқтатты.
Ішкі істер министрлігі желіде тараған жалған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді
Ведомство мәліметінше, автомектептердің есебі мен оқу топтарын тіркеу «Автомектеп» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе арқылы берілген куәліктердің заңдылығын, оқу бағдарламасының орындалуын және оқу көліктерінің есебін онлайн режимде тексеруге болады.
Бұдан бөлек, саладағы бақылауды күшейту мақсатында автомектеп ашу тәртібін хабарламалық жүйеден рұқсат беру форматына көшіру ұсынылып отыр. Сондай-ақ олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізу көзделген.
Осы бағыттағы өзгерістерді қамтитын «Жол жүрісі туралы» заңға түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.
Ішкі істер министрлігі «Автомектеп» ақпараттық жүйесін енгізді