Министрдің айтуынша, тиісті өзгерістер жақын уақытта бекітілуі ықтимал.
«Біз бұл өзгерістерді таяу уақытта қабылдаймыз. Мүмкін, келесі айда-ақ өзгерістер белгілі болады», деді ол.
Ведомство басшысы атап өткендей, зейнетақы жинақтарындағы жеткілікті шектердің нақты қалай өзгеретіні әлі белгісіз. Бұл мәселе мемлекеттік органдармен бірлесіп талқыланып жатыр.
Министрдің мәліметінше, тиісті қаулы жобасы екі рет ұсынылған. Алғашқы нұсқада шектерді болжамды инфляция деңгейіне сәйкес арттыру көзделсе, мемлекеттік органдар тарапынан санаттар бойынша есептеу ұсынылған.
«Біз қаулы жобасын жолдадық, қазір ұсыныстарды күтіп отырмыз. Кейін бір формуланы таңдап, оны жобаға енгізіп, соңғы келісуге жібереміз», деді Асқарбек Ертаев.
Еске салайық, Үкімет зейнетақы жинақтарының жеткілікті шектерін арттыру арқылы азаматтардың жинақтарын сақтау және болашақта жоғары зейнетақы қамтамасыз етуді көздеп отыр. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шектер орта есеппен 10 пайызға өскен. Бұған дейін 2023-2025 жылдар аралығында көрсеткіштер өзгермеген еді.