Аталған марафон биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын қатысушылар географиясы кеңейіп келеді. Биыл жарысқа 821 шетелдік спортшы (жалпы санының шамамен 8%-ы) арнайы қатысу үшін Алматыға келді.
Ең көп қатысқан елдердің үштігі: Ресей (346), Қырғызстан (146) және Өзбекстан (81). Сонымен қатар Қытай (37), АҚШ (32), Ұлыбритания (28), Украина (21) және Беларусь (18) елдерінен де қатысушылар болды. Бұл дода Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мен Таяу Шығыс елдерінен келген желаяқтарды біріктіріп, Алматының халықаралық жүгіру картасындағы маңызды орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Спорттық туризм – қаланы халықаралық деңгейде танытудың ең тиімді құралдарының бірі. Сондай-ақ, жүгірушілер көбіне жалғыз келмейді: олармен бірге отбасы мүшелері мен достары да келеді, бұл өз кезегінде туристер санын арттырады. Көптеген шетелдік қонақ үшін бұл жарыс Қазақстанмен алғашқы таныстыққа айналып, қайта оралуға себеп болады. Біздің зерттеуімізге сәйкес, басқа қалалардан және шетелден келген қатысушылардың 79,3%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр. Бұл жаңа сапарлар мен қаланың инвестициялық тартымдылығының артуын білдіреді», деді «Бірінші болу − батылдық» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Ұйымдастырушылар экологиялық талаптарға ерекше назар аударған. EcoNetwork серіктесі мәреде интерактивті экологиялық аймақ ұйымдастырып, жарыс бағыты бойында пластик қалдықтарды жинауды қамтамасыз етті. Жиналған қалдықтардың барлығы қайта өңдеуге жіберіледі.
Сондай-ақ, сөре алдында қатысушылар қажетсіз, бірақ жарамды қалың киімдерін қалдырды. «Жылу» жобасының командасы оларды жинап, сұрыптап, мұқтаж жандарға жеткізді.
Айта кетейік, 31 мамыр күні өтетін Astana Half Marathon жарысына тіркелу жалғасып жатыр. Бұл іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінен жүгіру әуесқойларын біріктіреді.
Сонымен қатар 2026 жылы 27 қыркүйекте өтетін 15-ші мерейтойлық Almaty Marathon-ға да тіркелу ашық. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру жарысы болмақ.