Мәселен, 320 мың тұрғыны бар шаһарды жылумен қамтамасыз ету мақсатында жаңа жылу электр орталығы салынып жатыр. Нысанның құрылыс барысымен Абай облысына жұмыс сапарымен барған «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов пен облыс әкімі Берік Уәли танысты.
Жобаға сәйкес Семей қаласының сол жағалауында орналасқан үшінші жылу электр орталығының белгіленген электр қуаты 405 МВт, жылу қуаты – 1000 Гкал/сағ. болмақшы. Бұл көрсеткіштер қала қажеттілігін толық өтеп, өңірдің энергетика жүйесінің тұрақтылығын арттыруға септігін тигізеді.
Сапар барысында қор басшысы «Самұрық-Энерго» компаниясының басшылығымен, мердігерлермен кездесіп, жобаны іске асыру қарқынын, жұмыстың қазіргі жай-күйін талқылады. Әсіресе құрылыс мерзімін сақтау, құрылыс барысын тиімді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған нысанды 2029 жылы іске қосу жоспарланған. Кездесу қорытындысында жұмыстың тұралап қалуына жол бермей, жобаны межелі мерзімде аяқтау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар құрылыс қарқынын жеделдетуге барлық қажетті шараны қабылдау керектігі ескертілді.
Жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы өңірдегі экологиялық жағдайға да оң әсер етеді. Жоба аясында «таза көмір» технологиялары мен заманауи газ тазарту жүйелерін қолдану көзделген. Бұл қазіргі көмірмен жұмыс істейтін энергия көзімен салыстырғанда зиянды шығарындыны айтарлықтай азайтады.
Сондай-ақ осы күні Семей қаласының Бейбітшілік аралындағы орман алқабында «Самұрық-Қазына» қоры Абай облысы әкімдігімен бірлесіп экологиялық акция өткізді. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Науқан аясында жас көшеттер отырғызылды. Жалпы, кейінгі екі жылда «Самұрық-Қазына» тобы ел көлемінде 5,8 млн түп ағаш еккен. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады.
«Биыл «Самұрық-Қазына» компаниялары 5 миллионнан астам тал егуді жоспарлап отыр. Бұл – жай ғана акция емес, күнделікті өмірлік философиямыздың бір бөлігі. «Таза Қазақстан» – негізгі құндылықтарымыздың бірі», деді қор басшысы Нұрлан Жақыпов.

Ұлттық әл-ауқат қоры өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да атсалысып келеді. Осы орайда «Самұрық-Қазына» қолдауымен Семей қаласында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақшы. Қор басшысы Нұрлан Жақыпов пен облыс әкімі Берік Уәли нысанның іргетасын қалау рәсіміне қатысып, құрылыстың басталуын білдіретін капсуланы салды. Жалпы ауданы шамамен 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты кешенде әртүрлі спорт түріне арналған залдар, 100 көрерменге арналған трибуна, жаттығу залы, өзге де қажетті бөлімдер қарастырылған. Жобаны іске асыруға шамамен 1,6 млрд теңге бағытталады.
Бүгінде «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен елімізде 19 ірі спорт нысаны жұмыс істейді. Бұл кешендерде 700 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Биыл дәл осындай нысандар Ақтөбе, Арқалық, Қонаев қалаларында да салынады.

Жалпы, кейінгі 8 жылда Абай облысында қордың қолдауымен 19 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Олардың ішінде балаларға арналған 2 оңалту орталығы, инклюзияны қолдау кабинеттері, зағип жандарға арналған арнайы кітапхана, спорт алаңдары, өзге де нысандар бар.
«Семейдегі жаңа кешен болашақ чемпиондарды тәрбиелеп, өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына серпін береді деп сенемін», деді Нұрлан Жақыпов салтанатты рәсімде.
«Самұрық-Қазына» қорының бастамалары Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Қор тобы жүйелі жұмысты әрі қарай да жалғастырып, өзге өңірлерде де ел игілігіне арналған жобалардың санын арттыруды көздеп отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ