Мектеп • Бүгін, 08:12

Семейде 300 орындық мектеп ашылды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Семей қаласының Шығыс кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №53 жалпы орта білім беретін 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Қазақстанның Еңбек Ері, ұстаз Алма Шүкіжанова, Парламент Сенатының депутаттары Қайрат Тастекеев, Айнұр Арғынбекова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай қатысты.

Семейде 300 орындық мектеп ашылды

Шығыс кентінің балалары енді еңселі де заманауи ғимаратта білім алады. Бұл – «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде бой көтерген Семей қаласындағы үшінші, ал Абай облысы бойынша бесінші мектеп. Жаңа білім ордасы заманауи талаптарға сай салынған. Жалпы аумағы 2,56 гектарды құрайды, 300 оқушыға арналған. Мектепте 30 оқу кабинеті, 2 информатика сыныбы, роботтехника кабинеті, химия, физика және биология пәндік зертханалары бар. Сондай-ақ токарлық және металл өңдеу шеберханасы, аспаздық және тігін бөлмелері қарастырылған.

Мектеп 17 интерактивті панельмен жабдықталған, 84 орындық мәжіліс залы, 78 орындық асхана, оқу залы мен кітапхана жұмыс істейді. STEM-зертханалар, хореография залы, 673 шаршы метрлік спорт залы, ойын алаңдары бар. Мектеп аумағында футбол, волейбол, хоккей алаңдары мен 400 метрлік жүгіру жолы қарастырылған.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да барлық жағдай жасалған. Ғимаратта лифт, тактильді жолдар орнатылған. Іс-шарада өңір басшысы ұстаздар, оқушылар мен ата-аналарды маңызды оқиғамен құттықтады.

«Бүгін – облысымыздың әлеуметтік саласындағы маңызды күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Келе­шек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шығыс кентіндегі жаңа білім ошағын ел игілігіне табыстап отырмыз. Жоба шеңберінде облысымызда жалпы сыйымдылығы 3000 орындық 5 заманауи мектептің құрылысы толық аяқталды. Бұл нысанның техникалық жарақталуы типтік мектептерден 4 есе жоғары, ал ғимарат ауданы 20 пайызға кең етіп жоспарланған. Осы мектепті іске қосу арқылы Шығыс кентіндегі мемлекеттік мектепке қатысты өзекті мәселені толық шештік. Енді оқушылардың басқа аудандарға қатынауының қажеті жоқ. Өңірдегі балалардың сапалы білім алуы мен ұстаздардың тиісті жағдайда жұмыс істеуі барысында жүйелі қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Жаңа білім ордасы құтты болсын!» деді Берік Уәли.

Іс-шара барысында Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов өңірдің білім саласына ұзақ жыл бойы еңбек сіңірген ардагер ұстаздары Марияма Битебаева мен Бақыт Қажыбаеваға «Еңбек ардагері» медалін табыс етті. Облыс әкімі құрметті қонақтармен бірге мектептің сыныптарын аралап, оқушылармен, мұғалімдермен пікірлесті.

«Бұл білім ордасының Шығыс кентінің дәл осы аймағында ашылуы балаларымызға да, бізге де зор қуаныш. Себебі балаларымыз мектепке алысқа қатынап, қиындық көріп, үйірмелерге дұрыс бара алмай жүрген еді. Шығыс кентінің оң жағалауында тұратын оқушылардың көптен күткен арманы орындалды. Жарқыраған, заманауи оқыту құралдарымен жабдықталған білім ордасы ел болашағына  жасалып жатқан инвестиция деуге болады. Ата-аналар атынан ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз», деді Шығыс кентінің тұрғыны Шалқар Хамилаев.

Қазір облыста мектеп тапшылығын шешуде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылындағы бастауыш мектепті жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланған. Семей қаласындағы №4, №30 мектептерге қосымша ғимараттар салынып, Абай ауданы Кеңгірбай би ауылындағы Қарашоқы шатқалында балалар лагерінің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар  алдағы жылдары Семейдің Қарағайлы шағын ауданында 400 орындық «Білім-инновация» лицейін, 1400 орындық мектеп пен Ақсуат және Екпін ауылдарында 300 орындық екі мектеп салу жоспарланып отыр.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар