«Болашаққа жол: AI дәуірі» тақырыбында өткен іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуда, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және жаңа буын мамандарын даярлау саласындағы заманауи білім беру бастамаларын ілгерілетуде маңызды оқиға болды. Салтанатты рәсім бағдарламасы академиялық, ғылыми және халықаралық күн тәртібін біріктіріп, қос дипломды білім беру бағдарламаларының болашақ экономикасы үшін бәсекеге қабілетті кадрларды қалыптастырудағы стратегиялық рөлін айқындады.
Ресми бөлімде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев, сондай-ақ Чжэцзян технологиялық университетінің деканы, академик Чэнь Си құттықтау сөз сөйледі. Сонымен бірге ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулдығының ғылым және білім мәселелері жөніндегі консулы Хуан Сяомин ханым Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру ынтымақтастығының жасанды интеллект болашағына апарар көпір ретіндегі маңызы туралы баяндама жасады.
Астанада 13 елден келген студент ЖИ технологиялардың заң жүйесіне әсерін зерттеді
Іс-шара барысында жасанды интеллекттің ғылым, жоғары технологиялар, ғарыштық зерттеулер және экономиканың цифрлануы үшін маңыздылығына ерекше назар аударылды. «Ғарыштан агротехқа дейін: жасанды интеллект – болашақ технологияларының тілі» тақырыбында «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма мүшесі, ғылыми жетекші Марат Нұрғожин баяндама жасады. Бұл тақырып жасанды интеллектінің пәнаралық сипатын және оның аграрлық секторды, ғылыми зерттеулерді және жоғары технологиялық өндірісті трансформациялаудағы рөлінің артып келе жатқанын айқындады.
KazNARU ғылыми-білім беру технологиялық платформасының атқарушы директоры Фараби Ермеков «Жасанды интеллект» қос дипломды білім беру бағдарламасын таныстырып, оның құрылымы, мазмұны, форматтың артықшылықтары, түлектердің мансаптық мүмкіндіктері және цифрлық экономика мен аграрлық секторды дамытуға қосатын үлесі туралы баяндады. Өз кезегінде, «Жасанды интеллект» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Данияр Жұмабек AI-білімнің, халықаралық серіктестіктің және жастар үшін ашылатын мүмкіндіктердің маңызы туралы жеке көзқарасымен бөлісті.
Іс-шарада KazNARU мен ZJTU арасында «Робототехника» бакалавриат қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжатқа KazNARU басқарма төрағасы – ректордың бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов және ZJTU деканы, академик Чэнь Си қол қойды.
Іс-шарада сонымен бірге Чжэцзян технологиялық университетіне қабылданған студенттерге сертификаттарды табыс етілді. Қос дипломды бағдарламаның жүзеге асуы серіктес жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ұтқырлықтың нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Қатысушылар KazNARU жасанды интеллект саласындағы жобалары ұсынылған көрмемен танысты.
Алматы