Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары сақтандыру агенттеріне төленетін комиссиялық сыйақыны сақтандыру сыйлықақысының 10% деңгейінен асырмайды. Бұған дейін бұл көрсеткіш кей жағдайларда 90%-ға дейін жеткен, бұл тұтынушылар үшін қосымша шығынға айналған.
Жаңа талаптарға сәйкес, банктер мен МҚҰ қарыз беру кезінде сақтандыруды міндеттеуге немесе белгілі бір сақтандыру компаниясын таңдауға мәжбүрлеуге құқылы емес. Сақтандыру рәсімі еркін таңдау негізінде жүзеге асады. Егер ұсынылған шарттар қанағаттандырмаса, қарыз алушы өзге сақтандыру ұйымын таңдай алады.
Қару асынғанға – қарыз жоқ: Сарбаздарға несие беруге неге тыйым салынбақ?
Маңызды жаңалықтардың бірі – қарыз алушының сақтандыру шартын жасалған күннен бастап 14 күн ішінде бас тарту құқығының сақталуы. Мұндай жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз шартындағы сыйақы мөлшерлемесін немесе комиссияны қайта қарауы мүмкін.
Сонымен қатар қарыз шартын жасау кезінде сақтандыру талап етілмесе, сыйақы мөлшерлемесі немесе комиссия алғаш бекітілген деңгейден аспауы тиіс. Бұл норма тұтынушыларды қосымша шығындардан қорғауға бағытталған.
Тағы бір маңызды өзгеріс – сақтандыру шартын бұзу кезінде төленген сыйлықақыны қайтару тәртібі нақтыланды. Қарыз алушы міндеттемесін толық өтеген жағдайда, сақтандыру ұйымы пайдаланылмаған кезеңге сәйкес қаражатты қайтаруға міндетті. Бұл сомадан тек 10%-дан аспайтын шығыстар ғана шегерілуі мүмкін. Қайтару өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асады.
Мамандар азаматтарға сақтандыру шартын рәсімдеу кезінде оның барлық талаптарын мұқият зерделеуді, соның ішінде сыйақы мен агенттік комиссия мөлшеріне ерекше назар аударуды ұсынады.
Енгізілген өзгерістер әділ әрі бәсекеге қабілетті сақтандыру нарығын қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға ықпал етпек.