Қоғам • Бүгін, 09:10

Сарқылмас ойдың кені

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, ыбырайтанушы ғалым, профессор Серікбай Оспанұлының «Сарқылмас кеудем менің – ойдың кені» атты шығармашылық кеші өтті.

Сарқылмас ойдың кені

Бүгінде қарымды қаламгер Қостанай қаласында тұрады. Сондағы А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік универ­си­тетінің профессоры. Кешті де осы жоғары оқу орнында ғалымның алдынан тәлім алған шәкірт­тері ұйымдастырды.

Шынында, жұртшылық Серікбай ағаны алдымен ақын деп біледі. Бүгінге дейін шайырдың отызға жуық  жыр жинағы жарық көрген. Сонымен қатар ақынның 200-ден аса  өлеңіне ән жазылған. Соның ішінде Алтынбек Қоразбаев әнін шығарған «Сағындым Алматымды» бүкіл ел сүйіп айтады.

Кеш барысында қаламгердің ақын­дығы мен ғалымдығы туралы көбірек сөз болды. Мәселен, белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы бір топырақта туып, жас күнінен бірге өскен досының сан қырлы таланты жайында әңгімеледі.

 «Мен Серікбай туралы көп жаздым. Өлең де арнадым. Серікбай – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Егер шұқылай берсеңіз, оның бойынан сексен қырын тауып аласыз. Бала күнімізден әзіліміз де, мінезіміз де жарасып өстік. Оның ғалымдығы да бір төбе.  Ыбырай атамызды зерттеп, біраз жұ­мыс тындырды», деді ол. Ал «Қазақ газет­тері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы ақын­ның  әрбір жанрда жазған еңбегі мақ­тауға да, үлгі алуға да тұрарлық еке­нін жеткізді.

 – Серікбай Оспанұлы – сан-салалы  шығармашылық иесі. Мен Серікбай ағаны егде тартқанда көрдім. Бұл кісі жас кезінде қандай болды деп ойлаушы едім. Бүгінгі кеште жас кезін­дегі суреттерін көріп, тамаша көр­кем жігіт болғанын байқадым. Егер осы кісімен қатар болсам, дос болар едім деп ойладым. Егер замандасы болсам, пікір алысатын жақын әріптесі болар едім деп ойладым. Сон­дықтан Серікбай аға –  әр кезеңде де ортаға ұнайтын тұлға. Жазған еңбек­тері де сондай. Секең Ыбырай Алтынсарин туралы көлемді зерттеу жазды. Бір қарағанда, көрнекті ағар­ту­шы туралы бәріміз білетін секіл­діміз. Шын мәнінде, біртуар тұл­ғаның көп дүниесін білмейміз. ТҮРКСОЙ ұйымының аясында жа­рық көрген Ахмет Байтұрсынұлы туралы еңбегін де ерекше айтуға болады, – деді академик.

Сондай-ақ филология ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Серік Негимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер Қайсар Әлім көркемсөз зергерінің жан-жақты шығармашылығы жайында парасатты ой өрбітті. Жиында қаламгердің  кейінгі шыққан «Мейірім бастауы – бесік жыры», «Ақынның жаны», «Серікбай: лебіз, ілтипат» атты кітаптары таныстырылды. Ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.  Кеш иесі оқырман сұрақтарына жауап беріп, шығармашылығындағы жаңалықтар туралы баяндады. Іс-шара соңында Серікбай Оспанұлы жиналған қауымға ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 09:15

Сарқылмас ойдың кені

Қоғам • Бүгін, 09:10

Ырыздықты молайтуға ұмтылыс

Шаруашылық • Бүгін, 09:07