Аймақтар • Бүгін, 09:02

Өрт сөндіру техникасымен толықты

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орман шаруашылығы қызмет­керлеріне заманауи үлгідегі өрт сөндіру техникалары берілді. Ақмола облысындағы орман ша­руа­шы­лығы мекемелері 13 бір­лік өртке қарсы техникамен толық­ты. Мамыр айында тағы берілмек.

Өрт сөндіру техникасымен толықты

Салтанатты іс-шара Ақмола облысы, Ақкөл ауданының ор­талығында өтті. Заман талабына сай жаб­дықталып, қажетті құрал-сайманмен толыққанды жарақталған өрт сөндіру техникаларының кілтін таратпас бұрын бірқатар орманшы құрметке бөленді. Экология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Нұркен Шәрбиев пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова аттан түспей қырағылық танытып, қоршаған ортаның тыныштығын қарауылдайтын орман шаруашылығы саласының озат еңбеккерлеріне құрмет грамоталарын табыстады.

«2023 жылдан бастап Президенттің тапсырмасымен Үкімет тарапынан өртке қарсы техниканы жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама қолға алынды. Бүгін де сондай игі істің куәсі болып отырмыз. 2024–2025 жылдары республикалық, жер­гілікті бюджет қаражаты есебінен 21,5 млрд теңге бөлініп, 92 өрт сөндіру машинасы, 118 шағын орман патрульдік кешені, 244 трактор, 240 патрульдік машина, сонымен қатар 3 мыңнан аса басқа да техника сатып алынды», деді Н.Шәрбиев. Вице-министр лизингтік қаражат есебінен 35 млрд теңгеге 1057 бірлік өртке қарсы техника сатылып алынатынын, оның ішінде 333 өрт сөндіру маши­насы, 350 трактор мен 374 орман патруль­дік шағын кешені болатынын атап өтті.

«Мемлекеттің қолдауымен берілген мұндай техникалар орман өртінің алдын алып, қауіп-қатерді болдырмау мақсатында беріліп отыр. Қоршаған ортаны көмкерген орман – еліміздің баға жетпес байлығы, бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалдырған игілігі мен дәулеті. Халық байлығын көздің қара­шығындай сақтап, аялап өсіріп, күтіп-баптайтын орманшылардың еңбегі әрқашан құрметке лайық», деді А.Әміренова.

«Бұған дейін де біздің орман шаруашы­лығына өрт сөндіру техникасы берілген. Бүгін тағы да заман талабына сай техниканы тізгіндегенімізге қуаныштымыз. Жылдың төрт мезгілінде де босаңдық танытпай, қырағылықпен орманның тыныс-тіршілігін қадағалайтын әріптестеріміз бүгін марапат алып, құрметке бөленді. Ең бастысы тілсіз жау өрт тұтанбасын деп тілейміз. Ертеректе орманшылардың айлық еңбекақысы да мардымсыз еді, бір-екі жылдың бедерінде еселеніп артты. Мұның өзі де – бізге ерекше демеу», дейді орман ша­руашылығының директоры Еркін Хайдарұлы.

Отандық техника өндірісінің өнімі саналатын техниканы құрастырушылар орман өртін сөндіруші мамандардың да ұсыныс, пікірлерін ескерген. Сыйым­дылығы 3 тонна су арқалаған көлік өрт ошағының үстіне дейін жақындай алады. Резеңке дөңгелектеріне де өзі су бүркіп, өртену қауіптілігін төмендетеді. Өзін-өзі сөндіру құрылғысы бірден іске қосылып, өрт сөндіру барысында қатар қызмет атқарады.

Ақмола облысының орман мекемеле­ріне былтыр 30 трактор мен 31 31 орман патрульдік шағын кешені берілген. Биыл үлестірілуге тиіс 24 өрт сөндіру көлігінің қалған 11-і мамыр айында жеткізіледі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2011–2023 жылдар аралығында орман және табиғатты қорғау мекемелерінің мате­риалдық-техникалық базасы жаңар­тылмаған. Бүгінде еліміздің тракторлар мен кіші орман өрт сөндіру кешендерін жеткізу толық аяқталды, сондай-ақ 152 өрт сөндіру автокөлігі берілді. Биылғы мамырдың аяғына дейін тағы 168 өрт сөндіру автокөлігі таратылмақшы. Мұның барлығы да елдің өрт қаупі жоғары өңірлеріндегі мемлекеттік орман қорғау­шыларды өртке қарсы техникамен жаңартып, жабдықтауды жақсарту мақсатында іске асырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 09:15

Сарқылмас ойдың кені

Қоғам • Бүгін, 09:10

Ырыздықты молайтуға ұмтылыс

Шаруашылық • Бүгін, 09:07