– Төленбеген несие коллекторлық компанияға немесе сот орындаушысына өткенде адамдар не істерін білмей, алаңдап жатады. Ең алдымен бір нәрсені түсіну керек, несие коллекторға немесе сот орындаушысына өткенмен, борышкердің негізгі міндеттемесі сол күйінде қалады. Сондықтан үрейленудің қажеті жоқ. Егер қарыз коллекторлық компанияға өтсе, олар сізбен байланысқа шығып, қарызды қайтару мәселесін талқылайды. Мұндай жағдайда көбіне қарызды бөліп төлеу немесе төлем кестесін қайта жасау сияқты ұсыныс болуы мүмкін. Яғни коллекторлармен келісіп, белгілі бір графикпен қарызды жабуға мүмкіндік бар. Егер екі тарап келісімге келсе, мәселе сол жерде шешілуі мүмкін.
Ал егер коллекторлармен келісімге келу мүмкін болмаса, онда олар сотқа жүгінуі ықтимал. Бұл да заң аясындағы қалыпты үдеріс. Сот қарызды өндіру туралы шешім шығарса, іс әрі қарай сот орындаушыларына беріледі.
Сот орындаушысы іске кіріскен кезде арнайы атқарушылық іс жүргізу ашылады. Осыдан кейін сот орындаушысының белгілі бір өкілеттіктері бар. Мысалы, ол борышкердің банктегі шотын тексеріп, қажет болған жағдайда оны бұғаттай алады. Яғни шоттағы қаражаттан қарызды өндіру үдерісі басталады.
Сот орындаушысы борышкердің мүлкіне де шектеу қоюға құқылы. Кей жағдайда қарыз сомасына байланысты азаматтың шетелге шығуына уақытша тыйым салу шарасы да қолданылуы мүмкін.
Бірақ бұл жерде тағы бір маңызды нәрсені түсіну керек. Егер адамның атына тіркелген мүлкі, банкте ақшасы болмаса, онда сот орындаушысы өндіріп алатын нақты ресурс болмайды. Мұндай жағдайда іс жүргізу тоқтап қалмайды, бірақ өндіріп алу мүмкіндігі шектеледі.
Заң тұрғысынан қарасақ, сот орындаушысы қарызды өндіріп алу мақсатында барлық заңды шараны қолданады. Сайып келгенде ең дұрыс жол – мәселені сотқа жеткізбей, мүмкіндігінше келісім арқылы шешуге тырысу. Қарызды мойындап, нақты төлем кестесін жасап, біртіндеп өтеу көбіне ең тиімді шешім болады.