Сарапшылардың айтуынша, электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді. Өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен цифрлық сектор дамыған сайын қосымша қуат көздері қажет. Генерациялайтын қуаттардың шамамен 60 пайызы 30 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған. Тозған жабдықтар жүйенің мүмкіндігін шектеп отыр.
Энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев тапшылық әсіресе қыс мезгілінде күшейетінін айтады. Оңтүстік өңірлерде тұтыну көлемі қолдағы қуаттан асып түседі. Осындай кезеңдерде жүктемені теңестіруге көрші елдерден электр энергиясы сатып алынады. Оның айтуынша, биыл қосымша 621 МВт қуат іске қосылады. Оның басым бөлігі жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз етіледі.
Маман мәселені шешу мақсатында жаңа стансалар салумен қатар қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту қажет екенін айтады. Электр желілеріндегі шығын кей өңірлерде 17 пайызға дейін жетеді. Бұл – ірі стансаның қуатына тең көрсеткіш. Сондықтан желілерді жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу мен энергия тиімділігін арттыру маңызды.
Сарапшылар алдағы жылдары 6,7 ГВт болатын ондаған жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын айтады. Ұзақмерзімді жоспарға атом электр стансасын салу да кіреді. Алайда мұндай нысандар іске қосылғанша қолдағы қуатты сақтау басты міндет болып қала береді.
Мамандардың пікірінше, еліміз әзірге дәстүрлі энергия көздерінен толық бас тарта алмайды. Елдегі электр энергиясының шамамен 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін стансаларда өндіріледі. Жаңартылатын энергия көздері дамып келе жатқанымен, олардың үлесі әлі жеткіліксіз.
Сала өкілдері жаңа қуат көздерін кезең-кезеңімен іске қосу арқылы импортқа тәуелділікті азайтуға болатынын айтады. Бірақ бұл үшін инфрақұрылымды жүйелі жаңарту мен ұзақмерзімді инвестиция қажет.