Фото: ашық дереккөз
Науқас –15 жастағы жасөспірім, ол 10 жасынан бері ауыр жүрек ауруымен күресіп келген. Оның жағдайы үнемі нашарлап, жиі ауруханаға жатқызуды талап еткен, сондай-ақ күнделікті өмірінде көптеген шектеулер болған. Дәрігерлердің айтуынша, оның өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі жүрек трансплантациясы еді.
Донор ретінде 43 жастағы ер адам пайдаланылды. Оған ми қызметінің тоқтауы (ми өлімі) диагнозы қойылғаннан кейін, туыстары ағзаларды қайтыс болғаннан кейін донорлауға келісім берген. Дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында жасөспірімге жаңа өмір сыйлады.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Ол жансақтау бөлімінен профильдік бөлімге ауыстырылып, қалпына келу кезеңінен өтіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бүгінде ағза трансплантациясын күтіп тұрған 123 кәмелетке толмаған бала бар, олардың 9-ы жүрек трансплантациясына мұқтаж.
Дәрігерлердің пікірінше, бұл операция тек жеке жетістік емес, Қазақстанда балалар трансплантологиясын жүйелі дамытуға жасалған маңызды қадам. Қазіргі таңда әлемде балаларға жүрек трансплантациясын тек санаулы елдер ғана жасайды, ал барлық трансплантациялардың шамамен 80%-ы АҚШ клиникаларына тиесілі. Қазақстанда осындай операцияның жасалуы елде жоғары технологиялық медициналық көмекті жүзеге асыруға қажетті мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Ғалымдар диабет және жүрек ауруларының алдын алатын өнім әзірлеп жатыр
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде трансплантация қызметтерінің ауқымы кеңейгенін, оның ішінде кератопластика және гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау енгізілгенін айтқан болатын.