Іргетасы қаланғанына 60 жыл толған оқу орнындағы айтулы іс-шараға өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев қатысып, жылы лебізін білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдердің басты міндеттерінің бірі. Жастарға сапалы білім алу үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек», деп атап өткен болатын. Бүгінгі ашылып отырған заманауи ғимарат – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Жатақхана тек жатын орын емес, бұл – жастардың алаңсыз білім алып, шығармашылықпен айналысуына арналған заманауи орта. Мұнда шалғай аудан, ауылдардан келген жастар жайғасып, алаңсыз білім алып, мамандық меңгереді. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы өңірде жалпы құны 6,0 млрд теңгені құрайтын 711 орынды 4 жатақхана құрылысы басталған болатын. Осы жылы тағы 3 колледждің жатақханасы пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің 111 орындық жатақханасын қайтадан жаңғырту жұмысына 800 млн теңге бөлініп, жақында пайдалануға беру жоспарланса, Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің 200 орындық жатақханасы мен Талғар политехникалық колледжінің студенттеріне арналған 200 орындық жатақхана құрылысына әрқайсысына 1,9 млрд теңгеден қаражат бөлініп, құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде колледж студенттерінің тұрмысын жақсартуға тікелей ықпал етпек», деген облыс әкімі қонақтарды қуаныштарымен құттықтап, студенттер үйінің кілтін колледж директоры Алмас Жылқыбаевқа салтанатты түрде табыс етті.
Іс-шара барысында ақжаулықты аналар мен ұстаздар ақжарма тілектерін ағытып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істерге дән ризашылықтарын білдірді.
Сонымен студенттерге есігін айқара ашқан 5 қабатты жатақхана 200 орынға арналған. Әр секцияда 2 және 3 орынды жатын бөлме, ортақ ас бөлме, жуынатын орын бар. Сондай-ақ жатақханада 8 оқу залы орналасқан, олар теледидармен қамтылған. Заманауи үлгідегі жатақханада жастарға керектің бәрі бар. Әр қабатта кір жуып, киім үтіктеу сынды тұрмыстық қажеттілігін атқаратын арнайы бөлмелермен қатар, дене шынықтыруға арналған тренажерлік зал жабдықталған. Жоғары жылдамдықты интернет желісі де іске қосылған.
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде осы күні 1 400-ден астам студент оқиды. Олардың 400-ден астамы білім шаңырағының ескі жатақханасында тұрады.
Алматы облысы