Пациенттің былтырдан бастап жүрек қағысы жиілеп, басы айналып, ауырып, дерті жан шыдатпаған. Науқасқа эхокардиография, ЭКГ холтерлік мониторинг пен зертханалық талдаулар жүргізілген кезде PQ интервалының қысқарғаны, электрлік импульстің жүрекшелерден қарыншаларға тым жылдам өтуі, дельта-толқын мен Вольф–Паркинсон–Уайт синдромының басқа да белгілері пайда болғаны анықталады. Жоғарыдағы ауру белгілері жүректе қосымша электр өткізгіш жолының пайда болуынан туындайды.
Пациентті жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің интервенциялық аритмологі Бауыржан Ерболатов тексере келе, оған жүрекішілік электрофизиологиялық зерттеу жүргізу, қосымша электр жолын радиожиіліктік абляция әдісімен жою мақсатында ауруханаға жатқызады.
Медицинадағы мұндай клиникалық жағдайдың ерекшелігі – қосымша жол жүректің негізгі өткізгіштік жүйесіне өте жақын орналасқандықтан, науқастың жүрегі кенеттен тоқтап қалу қаупін ұлғайта түседі. Сондықтан заманауи 3D-навигациялық жүйенің көмегімен пациентке толық электроанатомиялық карта жасалып, радиожиілікті абляция сәтімен жүзеге асты. Жүректегі кеселді жолдың анатомиялық орналасуының күрделілігіне байланысты операция төрт сағатқа созылды.
«Клиникада жүрек ырғағы мен өткізгіш жүйесінің бұзылысы кезінде қажет болатын барлық хирургиялық операциялар жасалады. Өйткені бізде озық технологиялар, соның ішінде 3D-картографияға арналған навигациялық жүйелер бар. Шетелдік мамандар тұрақты түрде шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Қазір ресейлік маман Сергей Артеменконың қатысуымен күрделі жүрек ауруларын емдеуге арналған сондай сабақтар өтіп жатыр. Осы дәрістердің аясында МӘМС есебінен 30 операция жасау жоспарланған», дейді бөлімше меңгерушісі Бағдат Ахыт.
Орайы келіп тұрғанда КІҒЗИ қалқанша безі түйіндерін емдеудің жаңа әдісін қолға алғанын да айта кеткен жөн. Бұл бастама науқастарға операция үстеліне жатпай, пышаққа түспей-ақ сауығуға жол ашып отыр. «Қалқанша безі түйіндерін емдеудегі зақымы барынша аз технологиялар» атты шеберлік сабағы аясында Оңтүстік Кореядан келген профессор Хван Ён Джинмен бірге мамандарымыз 6 науқастың қалқанша безіне радиожиілікті абляция жасады. Радиожиілікті абляция дегеніміз – қалқанша безі түйіндерін хирургиялық операциясыз емдеудің заманауи әдісі. Ем-дом барысында радиожиілікті токтың әсерімен қалқанша безінің сау тіндеріне зақым келтірілмей, патологиялық жасушалар жойылады.
Эндокринологтерге арналған шеберлік дәрісіне іліккен 26 жастағы ең жас пациентке қалқанша безінің оң бөлігінде көлемі 4,4 см болатын уытты емес біртүйінді зоб диагнозы қойылған. Медицинада бұл ірі түйін деп есептеледі әрі мойын жолдарын қысатындықтан, көп жағдайда хирургиялық емдеуді талап етеді. 56 жастағы Алматы облысының тұрғынынан қалқанша безінің екі бөлігінде көлемі 4,3 см болатын уытты емес көптүйінді зоб анықталған. Пациенттің тыныс алуы, жұтынуы қиындап, ас, су ішкенде ауырып, тамақта бөгде зат тұрғандай, жыбырлау, жөтел белгілері мазалаған.
Клиниканың интервенциялық хирургі Арман Ибраев қалқанша безіне жасалатын абляция наркозсыз жүргізілетінін айтады. Процедура 30 минуттан аса уақытқа созылуы мүмкін, кейде күрделілігіне қарай бір сағаттан асады. Алайда жоғарыдағы технологиямен 20 жылдай айналысып келе жатқан шетелдік профессордың кәсіби шеберлігінің арқасында ем-дом шаралары бірнеше минут ішінде жылдам атқарылды.