Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Жанат Асантаев ведомствоның 2026 жылдың I тоқсанындағы атқарылған жұмыстардың қорытындыларын баяндады.
Оның айтуынша, мекеме ішкі сауданы дамыту және реттеу, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. Осы ретте азаматтардың өтініштерін қарау – негізгі басымдықтардың бірі.
«2026 жылдың алғашқы үш айында департаментке барлығы 3284 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 3006 өтініш «Е-өтініш» платформасы мен электрондық үкімет порталы арқылы жолданған. Түскен өтініштердің 769-ы өз құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдарға жіберіліп, 433 өтінішке түсініктеме берілген, ал 1054 өтініш қанағаттандырылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде тұтынушыларға қайтарылған ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 48,4 миллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш республика бойынша жоғары нәтижелердің бірі саналады», деді ол.
Жанат Асантаевтың айтуынша, халықпен кері байланыс жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, Telegram-бот арқылы 55 сұраныс қабылданып, тұтынушыларға тиісті түсініктемелер берілген. Сондай-ақ, азаматтарды жеке қабылдау барысында 116 азаматтың мәселесі тыңдалып, жедел желі телефонына 107 қоңырау түскен. Әрбір өтініш бойынша заң талаптарына сәйкес кеңес ұсынылған.
«Салалар бойынша талдау көрсеткендей, өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда саласына тиесілі – 619 өтініш. Сонымен қатар, білім беру саласында – 420, медициналық қызмет көрсету бойынша – 415, байланыс саласында – 311, электрондық саудада – 489 өтініш тіркелген. Бұдан бөлек, тұрмыстық қызмет көрсету саласы бойынша 236, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 101, қоғамдық тамақтандыру бойынша 71, туристік қызметтерде 49, көлік қызметінде 24, қаржылық қызмет көрсету саласында 20 өтініш түскен. Ал өзге санаттағы өтініштер саны 529-ды құрады», дейді спикер.
Осы жылдың үш айында департамент 48 кәсіпкерлік субьектісіне тексеріс жүргізген. Нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу фактілері анықталып, 48 кәсіптік субъектісіне айыппұл салынған.
Тұтынушылық несие нарығындағы қауіп: Берешек көлемі неге өсуі мүмкін?
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Департамент мамандары азаматтарға кеңес беріп, тұтыну сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде ақпараттық жарияланымдар тұрақты түрде орналастырылып келеді.
Тұтынушылардың отандық өнімге сенімі артып келеді – сауалнама