– Шетелдегі дауыс беретін отандастарымыздың жалпы саны – 14 380 адам. Референдум учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңғы сағат 03.00-де Токио мен Сеул қалаларында басталды. Сағат 08.00-ге дейін 23 референдум учаскесі ашылып, оларға келіп дауыс бергендер саны 198 адамды құрады, – деді СІМ өкілі.
Айта кетсек, шетелдерде референдум кезінде 54 елде орналасқан 71 референдум учаскесі жұмыс істеді. Қазір әлемдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне, сондай-ақ ел азаматтары санының төмен болуына байланысты 10 елдегі 11 учаске (Иран, Израиль, Иордания, Қатар, БАӘ (2 учаске), Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопия) жабық болды.
Вице-министр шетелдегі референдум учаскелерінің ең соңғысы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында ашылғанын айтты. Қазақстан мен АҚШ арасындағы уақыт айырмашылығына байланысты Астана уақытымен сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларындағы және сағат 19.00-де Сан Франциско қаласындағы референдум учаскелері жұмысын бастаған. Сан-Францискодағы учаске бүгін сағат 08:00-де жабылды.
Күншығыс елі Жапониядағы №425 референдум учаскесі жергілікті уақытпен сағат 07.00-де ашылды. Корея Республикасындағы №422 учаске де жұмысын осы уақытта бастады.
СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Токио қаласындағы референдум учаскесінде отандасымыз, «Нихон» университетінің 3-курс студенті Жібек Айдын алғашқы болып дауыс берді.
– Референдум еліміздің алдағы даму бағыты үшін маңызды. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам пікірін жан-жақты ескеруге мүмкіндік береді. Мемлекет әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына қажетті жағдай жасап отыр, ал біз үшін белсенді азаматтық ұстаным таныту – маңызды міндет, – деді Ж.Айдын.
Ол сондай-ақ шетелде тұратын отандастарымыз еліміздің дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен референдумға қатысуға мүмкіндік алғанын атап өтті.
– Бұл – еліміздің болашағына қатысты жауапты шешім қабылдауға берілген ортақ мүмкіндік. Қабылданатын шешім еліміздің орнықты әрі серпінді дамуына оң ықпал етеді деп сенемін, – деді дауыс беруші.
Сондай-ақ Сеул қаласындағы учаскеде алғашқылардың бірі болып Азия орман ынтымақтастығы ұйымының (AFoCO) қызметкері Қазақстан азаматы Ернар Сәрсенбаев дауыс берді. Ол шетелде жүрген азаматтарға маңызды сая-си үдеріске қатысуға мүмкіндік жасалғанына риза болып, бұл әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі екенін атап өтті.
– Мұндай маңызды ұлттық мәселелер бойынша өз пікіріңді білдіру – әр азаматтың парызы. Референдум еліміздің дамуы мен болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жалпы, Астана уақытымен сағат 09.30-да әлемнің 30-дан аса елінде референдум учаскелері жұмыс істеді. Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейін Қытай, Сингапур, Моңғолия, Малайзия, Таиланд, Вьетнам мен Индонезияда учаскелер ашылды. Бұған қоса дауыс беру Ресей, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанда белсенді жүрді.
Сағат 13.00-ге қарай СІМ баспасөз қызметі Еуропа елдерінде референдум учаскелерінің ашылғанын мәлімдеді. Оның ішінде Болгария, Грекия, Латвия, Литва, Румыния, Финляндия, Эстония, Аустрия, Бельгия, Германия, Испания, Италия, Мажарстан, Нидерланд, Норвегия, Польша, Словакия, Франция, Хорватия, Чехия, Молдова, Швейцария, Швеция, Ұлыбритания мен Португалияда отандастарымыз дауыс берген.
Сонымен қатар Кипр Республикасында Қазақстан елшілігі жанынан №511 учаске ашылып, алғаш рет жұмыс істеді.
Сағат 14.00-ге дейін шетелдерде Қазақстанның 66 референдум учаскесі ашылып, оларға келіп дауыс бергендер саны 3 248 адамға жетті. Мәселен, Парижде орналасқан №410 референдум учаскесі жергілікті уақытпен таңғы сағат 07.00-де жұмысын бастады. Франциядағы учаске еліміздің Консулдығында, Елисей жазығының маңайында орналасқан. Референдумда алғашқы болып дауыс бергендер осында білім алып жатқан магистранттар болды. Францияда барлығы 200-ден аса адам тіркелген. Дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20.00-ге дейін жүргізіліп, Астана уақытымен түнгі 00.00-де аяқталды.
Еліміздің танымал дзюдошылары, 2024 жылы өткен Олимпия ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев пен әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері Әбиба Әбужақынова еліміздің Чехия Республикасындағы елшілігі жанындағы №437 референдум учаскесіне барып, дауыс берді. Осылайша, Нимбурк қаласында өтіп жатқан халықаралық оқу-жаттығу жиынында жүрген спортшылар өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел үшін маңызды саяси оқиғаға қолдау көрсетті.
Мәскеудегі учаскеде танымал отандық стендап-комик Евгений Чебатков дауыс берді.
– Бүгін ғана мен Челябіден ұшып келдім және үйге бармай тұрып референдумда дауыс беруді шештім. Отанымнан алыс, көп уақыт Мәскеуде тұрып жатсам да, менің сана-сезімім қазақстандық болып қала береді. Қазіргі тұрақсыз және аумалы-төкпелі заманда мен мемлекет өміріне қатыстылығымды сезініп, өзімнің азаматтық ұстанымымды танытатын сәттен қалыс қалғым келмейді, – деп пікірін білдірді әртіс.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Түркияда дауыс бергендердің басым бөлігі – студенттер. Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығына қарасты провинцияларда білім алып жатқан студенттер референдумға келіп, таңдауын жасады. Елшілікте дауыс берген жастар елге деген сағынышын ән-күймен жеткізіп, ерекше көңіл күй сыйлаған.
Сонымен қатар Ташкент қаласында орналасқан референдум учаскесіне көгалдағы хоккейден әйелдер ұлттық құрамасы, сондай-ақ Алматы облысының байдарка мен каноэде есу командасы келіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ә.Жанәбілова брифингте Астана уақытымен сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк пен Оттава қалаларында референдум учаскелері ашылып, жұмысын бастағанын айтып өтті. Ал осы уақытта Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Вьетнам, Индонезия мен Таиландтағы шетелдік референдум учаскелері жұмысын аяқтады. Осылайша, бұл уақытқа дейін шетелде референдумның 12 учаскелік комиссиясы жұмысын тәмамдап, 8 079 (56,1 пайыз) ел азаматы дауыс берді.
Орталық референдум комиссиясында сағат 19.00-де өткен брифингте СІМ министрінің орынбасары Арман Исетов шетелдердегі 59 учаскенің жұмысы жалғасып жатқанын айтты. Атап айтқанда, Орталық Азия, Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка елдерінде отандастарымыз дауыс беріп жатыр.
– Референдум учаскелерінде дауыс беру үдерісі Астана уақытымен таңғы сағат 03.00-ден бері жүргізіліп келді. Уақыт айырмашылығына байланысты сағат 19.00-ге дейін шетелдегі барлық учаске ашылып, оның 14-і жабылып үлгерді. Осыған дейін келіп дауыс бергендер саны – 9 050 адам. Сағат 00.00-ге дейін шетелдегі 64 учаске өз жұмысын аяқтады. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі ең соңғы болып 16 наурызда Астана уақытымен сағат 08.00-де шетелдегі сайлау жұмысын тәмамдайды, – деді СІМ өкілі.