Қоғам • Бүгін, 08:55

Борышкерліктен құтылу баяны

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Amanat» бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» жобалары – бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық келбетін өзгертіп жатқан ең ауқымды әрі нәтижелі бағдарламалардың бірі. Бұл жобалар – жай ғана қаржылай қолдау емес, халықтың ойлау жүйесін өзгертуге, масылдықтан арылтуға, кәсіпкерлік рухты оятуға бағытталған платформалар. Бұл туралы Президент те оң пікір білдіріп келеді.

Борышкерліктен құтылу баяны

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мемлекет пен қоғамның алдында тұр­ған басты міндеттердің бірі – азаматтар­дың әл-ауқатын арттырып, оларды несие­лік құрсаудан құтқару. Осы орайда борыш­кер кебін кимей, қарыз қамытынан құтылу­дың бір кепілі – қаржылық сауатты­лық. «Қарызсыз қоғам» жобасы дәл осы ол­қылықтың орнын толтыруға бағытталған. Жоба аясында адамдар отбасылық бюджет­ті жоспарлауды, қажетсіз шығындар­ды шектеуді, несиенің тиімді әрі тиімсіз түрлерін ажыратуды үйреніп, «көрпеге қарай көсілуді» әдетке айналдырады. Бұл тек жеке адамның емес, тұтас мемлекеттің қаржылық қауіпсіздігін нығайтады.

«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағ­дарламаға 600 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді», деген Мемлекет басшысы ауылды дамыту үшін әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдаланудың жолдарын белгілеп берді. Қазір «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы­ның ресурстары ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіруге жұмсалмақ.

Президент Қасым Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен өткен кездесуде ауылдағы кәсіпкерлікті өркендету­ге басымдық берілетінін айтып, алдымен ­кооперативтер құруды жалғастыруды ұсынды. Бұл бағытта біршама жұмыс ат­қарылса да, бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай жатыр. Өйткені кооперативтерді құратын топтар – жеке шаруашылық иелері мен өнім өңдеушілер арасындағы делдалдар нағыз шаруаларға арналған мемлекеттің жеңілдіктерін иемденіп жатыр. Сондықтан жеке шаруаларды кооперативке біріктіру жұмыстарын жалғастыру қажет.

Қазір өңірлерде мал бордақылай­тын, соятын орындар тапшылығын жою, ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп, сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысатын, ауыл шаруашылығы техникасы мен жаб­дықтарын жөндеп, қызмет көрсететін сервистік дайындау орталықтары салынып жатыр. Бұған қоса суару арналары мен ирригация жүйелерін жөндеу қолға алынды. Президент атап өткендей, инфрақұрылым болса, әкімдердің жергілікті бизнесті қол­дап, инвестор тартуға мүмкіндігі артады.

Жалпы, аталған екі жобаның бірі білім берсе, екіншісі сол білімді іске асыруға ресурс береді. Мемлекеттен қолдау тапқан «Ауыл аманаты» ауыл экономикасының драйверіне айналады. Президент мең­зеген кооперативтерді көбейтуге жеке шаруалардың септігі тиеді. Жоба ауыл тұрғындарына өте төмен пайызбен (2,5%) несие беріп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік жасайды. Ауыл тұрғындарына тиесілі жер көлемі қалаға қарағанда біршама артық. Егін салуға да, мал бағуға да қолайлы. Бұл жоба ауылдағы жұмыссыздықты азайтып, жергілікті өнім өндіруді ынталандырады. Кооперативтер құру арқылы шаруалар өз өнімін делдалсыз сата алады. Мәселен, Түркістан облысының тұрғыны, көпбалалы ана осы жоба арқылы 2,5 пайызбен несие алып, шағын жылыжай салды. Бұрын тек жәрдемақыға қарап отырған отбасы қазір өнімдерін жергілікті базарға өткізіп, ай сайын тұрақты табыс тауып отыр.

Ал ақтөбелік зейнеткер бес микро­кредиттік ұйымнан қарыз алып, тығырыққа тірелген. Қазір ол жоба мамандары­нан кеңес алып, заңгерлердің көмегімен қа­рыздарын құрылымдап, артық пайызды жойды. Негізі бұл бағдарлама ауыл халқы­на барынша жеңілдетілген. Мәселен, мал шаруашылығы, құс өсіру, жылыжай сияқты шаруашылықтың бизнес жоспарын түзіп, жергілікті әкімдікке өткізу қажет, олар кеңес беріп, жобаның мән-жайын жіті түсінді­ріп береді. Егер бағдарламаның талаптары­на сәйкес келсе, 2,5 пайызбен несие беріледі. Осылайша «Қарызсыз қоғам» қаржылық иммунитетті қалыптастырады. Ал «Ауыл аманаты» басталғаннан бері мыңдаған ауыл тұрғыны кәсіпкерге айналды.

Елімізде борышкерлерді банкрот деп танитын заң қабылданды. Мемлекет басшысының бұл шешімдері еліміз­дегі әлеуметтік шиеленісті азайтуға, аза­мат­тардың қаржылық еркіндігін қал­пына кел­тіруге бағытталған. Банкроттық туралы заң – бұл адамды экономика­лық «тұ­йықтан» шығару құралы. Ал енді қарыздан құтқарып, қарызға батудан сақтандыратын құжатта борышкерлерді соттан тыс банкрот деп тануға мүмкіндік туды. Егер адамның тұрақты табысы болса, сот оған қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеудің ыңғайлы кес­тесін жасап беріп, төлем қабілеттілігін қалпына келтіреді. Десе де бұны «тегін ақша» деп қабылдамау керек. Мемлекет басшысы бұл шаралардың жауапкершілігін де қатар атап өткен. Банкрот деп танылған адамдар 5 жыл бойы жаңа несие ала ал­май­­тын, 3 жыл қаржылық жағдайы мони­то­рингтен өтетін, 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа өтініш бере алатын белгілі бір шектеулер бар. Бұл шаралар – халықты жаппай масылдыққа үйрету емес, қиын жағдайға тап болғандарға мем­лекет тарапынан берілген «екінші мүмкін­дік». Мемлекеттің осы қадамдарын қара­пайым тілмен айтсақ, бұл – «қаржылық реанимация». Адам тығырыққа тіреліп, қарыздан көз ашпай қалғанда, мемлекет оған қайтадан аяққа тұруға мүмкіндік беріп отыр.

Мемлекет не үшін көмектесіп жатыр? Миллиондаған адам қарызға батып, табысының бәрін банкке беріп отырса, қоғамда наразылық күшейеді. Ал мем­лекеттің басты мақсаты – халықтың тыныштығын сақтап, әлеуметтік жары­лыстың алдын алу. Әрі бұл экономиканы «тірілту». Мәселен, несиесі бар адам ештеңе сатып алмайды, тек қарыз төлейді. Ал қарыздан құтылған адам базарға барады, тауар сатып алады, қызмет көрсетеді. Сөйтіп, экономикадағы ақша айналымын жақсартады. Көптеген азамат қарызы болғандықтан ресми жұмысқа тұра алмайды (себебі жалақысын банк тартып алады). Олар амалсыз көлеңкелі экономикада тіркеусіз жұмыс істейді. Мемлекет оларды қарыз қамытынан құтқарып, ресми экономикаға қайтарғысы келеді.

«Банкроттық» көп адамды үрейге жетелейтіні рас, бірақ шын мәнінде бұл – заңды қорғаныс. Банкроттық деп танылған азаматтың несиелік пайыздары мен айыппұлдары есептелмейді. Қарыз сомасы «қатып» қалады. Коллекторлар мазаламайды. Заң бойынша банкроттық үдерісі кезінде коллекторлардың немесе банк өкілдерінің борышкерге қоңырау шалуға, үйіне баруға құқығы жоқ. Сот шешімінен кейін азаматтың бұғатталған банк карталары ашылып, еңбекақысын толықтай ала алады. Қарыз толық жабылып немесе банкроттық аяқталған соң, борышкерлер тізімінен шығарылып, шекарадан өтуге салынған тыйым жойылады.

Осылайша, мемлекет «кедейлер­дің» санын азайтқысы келеді. Өйткені қа­рыздан құтылған азамат мемлекеттен көмек сұрамай, өзін-өзі асырай алатын аза­матқа айналады. Бұл бюджетке түсетін салмақты жеңілдетеді. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 51 мыңнан аса адам ресми түрде банкрот деп танылып, олардың қарызы толығымен жойылған. Кешірілген қарыздың жалпы сомасы шамамен 188 млрд теңгені құрады. Бұл үдеріске қатысуға өтініш бергендер саны әлдеқайда көп – 300 мыңға жуық адам. Бірақ олардың бәрі бірдей заң талаптарына сай келмеген (көбінің атында мүлкі болғандықтан өтініштері қанағаттандырылмаған).

Қазір мемлекет экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр. Ең алдымен, бұл – халықтың табысын арттырудың ең тиімді жолы. Адам тұрақты жұмыспен қамтылса, өз отбасын асырайды, несие төлейді, болашағын жоспарлайды. Яғни әлеуметтік тұрақтылық нығаяды. Екіншіден, жұмыс орындары кедейлік пен әлеуметтік теңсіздікті азайтудың негізгі құралы. Жұмыссыздық артса, қоғамда әлеуметтік шиеленіс көбейеді. Ал еңбек нарығы дамыса, адамдар масылдыққа емес, табыс табуға ұмтылады. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындары экономиканы әртараптан­ды­руға қажет. Мысалы, еліміз шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, логистика, цифрлық саланы дамытуға күш салып жатыр. Осы бағыттарда жаңа кәсіпорындар ашылса, халық жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ ішкі нарық күшейеді. Жалақы алған азамат тұтынушыға айналады: тауар сатып алады, қызмет пайдаланады. Осылайша, ақша айналымы көбейіп, шағын және орта бизнес дамиды. Жаңа жұмыс орындарын ашу – тек экономикалық емес, стратегиялық мәселе. Бұл елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жастардың шетелге кетуін азайтады, қоғамдағы тұрақтылықты сақтайды.

Ал бизнес бастау – табысты бір ғана жалақыға тәуелді етпеудің жолы. Кәсіп ашқан адам өзіне жұмыс істейді, табысын өсіре алады, қосымша жұмыс орындарын ашады. Уақыт өте келе табыс көлемі жалақыдан да жоғары болуы мүмкін. Ең бастысы, табыс шегі шектелмейді. Бизнес адамның қаржылық сауатын арттырады: шығын мен кірісті есептеу, нарықты талдау, жоспар құру дағдылары қалыптасады. Бұл дағдылар кез келген салада пайдалы. Сонымен қатар кәсіп тәуелсіздік пен жауапкершілікті күшейтеді.

Әрине, несие мүлде алуға болмайды деген сөз емес. Бірақ оны тұтынуға емес, табыс әкелетін іске бағыттау тиімді. Яғни қарыз салмақ емес, құрал болуы керек. Ал саналы қаржы тәртібі мен кәсіпкерлік адамның экономикалық еркіндігін қалыптастырады.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты 

Соңғы жаңалықтар