Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бисен Юсубалиевтің дерегіне сүйенсек, иелігінде көлігі, не өзге мүлкі бар тұрғындарға салықты мезгілінде төлемесе, алдымен хабарлама жіберіледі. Ал өтелмеген берешек үшін салық бұйрығы шығарылып, іс жеке сот орындаушыларына жолданады. Кейін мәжбүрлі түрде өндіріп алу шарасы қолданылады.
«Салықты уақытында төлеу – әр адамның міндеті. Қазір 4 246 жеке тұлғаның көлік салығына 321 млн теңге берешегі бар. Оның 226 млн теңгесі – негізгі қарыз, кешіктіргені үшін қосылған ақша 95 млн теңгені құрады. Ал 10 415 адамның мүлік салығына 50 млн теңге берешегі қалыптасып отыр», дейді Бисен Юсубалиев.
Басшы орынбасарының пікірінше, енді жеңіл көліктің зауыттан шығарылғанына 10 жылдан асса, салық 30 пайызға төмендейді. Ал 20 жыл бұрынғы көліктердің салығы екі есе азаяды.
«Шаруа қожалықтарының иелері бір пикап көлігі үшін салық төлемейді. Бірақ қымбат мүлікке қатысты жаңа салық тәртібі енгізілді. Егер бір адамның иелігіндегі үйінің, ғимарат пен басқа да мүлкінің жалпы құны 450 млн теңгеден жоғары болса, осы сомадан асқан бөлігіне 2 пайыз қосымша салық салынады. Мүлік құны неғұрлым қымбат болған сайын төленетін салық та соғұрлым көбейе түседі», деп мәлім етті Б. Юсубалиев.
Облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Ақбөбек Дүсіпқалиеваның дерегіне сүйенсек, алиментін төлемей жүрген 3 мыңнан астам адам бар. Олардың берешегі 3 млрд теңгеден асып отыр.
«Жеке сот орындаушыларында алиментті өндіруге қатысты 10 мыңнан астам атқару құжаты бар. Оның ішінде 5 мың іске қатысты алимент төлемі борышкерлердің жұмыс орнынан ұсталады. Қазір 2 мыңға жуық борышкер алиментті ерікті түрде, алайда ішнара төлеп жүр. Алиментке берешегін мүлдем төлемеген борышкерлердің саны – 260. Біздің облыста алиментті төлеушілер қатарында 28 әйел бар», дейді Ақбөбек Дүсіпқалиева.
Оның мәліметінше, борышкерлерді жұмыс орналастыру мақсатында 6 рет жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Сондай жәрмеңкеден соң 617 борышкер жұмысқа орналасқан. Тұрақты жұмыс тапқан борышкерлердің арасында алимент берешегін төлемеген 542 адам бар.
Атырау облысы