Аймақтар • Бүгін, 08:02

Орманшылар техника алды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде орман шаруашылығы мен өртке қарсы инфрақұ­рылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Кейінгі үш жылда саланы техникамен қамтамасыз етуге 8 млрд теңге қарастырылды. Қомақты қаражат есебінен 26 өрт сөндіру көлігі, 86 трактор, 39 шағын орман өрт сөндіру кешені, сондай-ақ 78 қызметтік автокөлік сатып алынды.

Орманшылар техника алды

Жаңа техниканың кезекті легін тапсыру рәсімі Тобыл жағасындағы алаңда өтті. Бұл жолы 11 орман шаруашылығына 79 арнайы техниканың кілті табыс етілді. Орман қорғауға, тілсіз жауға қарсы шұғыл әре­кет етуге арналған қуатты тех­никаның дені Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром», «Агро­машХолдинг», «МТЗ-Қазақстан» зауыттарында құрастырылған. Мысалы, шағын өрт сөндіру құрылғысы қондырылған JAC T6 жүрдек көлігі орман ішіндегі өртті жедел сөндіруге мүмкіндік береді. Ал зауыттан су жаңа шыққан Lovol, МТЗ тракторлары жер жырту, көшет егу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысына таптырмас құрал. Мұның сыртында, патрульдік қызметке 26 Lada Niva жеңіл автокөлігі берілді.

Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімі техникалық базаны нығайту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

– Орман – ұлттық байлық, аса маңызды табиғи ресурс, өңірдің экологиялық қауіпсіздігінің негізі. Оны сақтау мамандардың кәсібилігін ғана емес, заманауи техниканы да талап етеді. Биыл қосымша 25 өрт сөндіру көлігін, 9 трактор сатып алу жоспарланып отыр. Орман күзетінің кадрлық құрамы күшейтіліп, қызметкерлердің жалақысы 100%-ға өсті. Бүгін табысталған техника – материалдық-техникалық базаны нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жаңа көліктер өрт ошақтарына жедел жетуге, қауіпті сейілтуге, сондай-ақ экологиялық, экономикалық залалды төмендетуге мүмкін­дік береді. Техниканы жаңартумен қатар, кадр даярлау, цифрландыру, өрттің алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді, – деді Құмар Ақсақалов.

«Пригородный» орман шаруашылығының басшысы Ерлан Әбеновтің айтуынша, талай жылдан бері техникасы тозып тұрған мекемелер мемлекеттік қолдаудың арқасында еңсе тіктеп, әлеуетін арттырған.

– Кейінгі жылдары техникамыз жаңарып жатыр. Қазір мекемеде 12 трактор бар. Екінші, үшінші класты су жаңа техникалар берілді. Бүгін 2 шағын өрт сөндіру кеше­нін, екі патрульдік «Нива» алдық. Осының бәрі мемлекетіміздің орман байлығына аса жана­шырлықпен қарайтынын көрсетеді. Жыл санап күш-қуатымыз артып келеді. Соның нәтижесінде кейінгі жылдары орман өрті азайды. Мысалы, былтыр бізге қарасты алқаптарда бірде-бір өрт болған жоқ, – дейді орманшы.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма­сының мәлі­метінше, өңірдегі орман шаруашы­лықтарының материалдық-техникалық базасы 90%-ға жаңарған.

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар