Ата заң • Бүгін, 08:02

Өңір жұртшылығы әділеттілік пен тұрақтылықты қолдайды

0 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция­сы Маңғыстау облысы мен Атырау облысы тұрғындарымен кездесіп, Ата заңның жаңа нормалары жөнінде мол мағлұмат берді.

Өңір жұртшылығы әділеттілік пен тұрақтылықты қолдайды

Маңғыстаудағы ауызсу түйткілі шешілді

Жұртшылықпен кездесуде Ерлан Қошанов Маңғыстаудың қуатты өнеркә­сіп­тік әлеуетіне қарамастан, өңірде ондаған жыл­дар бойы тұрғындардың орынды нара­зылығын тудыратын мәселелер жиналып қалғанын атап өтті. Осыған орай, Мемлекет басшысы алты жыл бұрын бұл мәселелерді шешу және Өңірді дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды, оны іске асыруды ол өзінің жеке бақы­ла­уын­да ұстады. Барлық қажетті ресурстар бө­лін­ді. Бүгінде жоспар толық орындалып, маң­­ғыс­­таулықтар оның нәтижесін көріп отыр.

– Ең бірінші және ең өзекті мәселе ауыз­су тапшылығы болды. Бұл мәселе Кеңес дәуірінде де, Тәуелсіздік жылдарында да толық шешілмеген еді. Ол мәселені өз шы­ғар­маларында Әбіш Кекілбаев та жазған болатын. Президенттің жүйелі қолдауы­ның арқасында өткен жылы Маңғыстау ауызсу проблемасы толық шешімін тапты. Каспий су тұщыту қондырғысының қуаты артты, Түпқарағанда, Кендірлі мен Жетібайда жаңа су тұщыту қондырғылары іске қосылды, – деді Мәжіліс спикері.

Сондай-ақ өңірде электр қуатының үзілуі мен ажыратылуы тоқтады. Қазір баламалы энергия көздері жүйелі дамып келеді, соның ішінде Жаңаөзендегі бірегей гибридті электр стансасы бар. Мемлекеттің қолдауымен МАЭК жаңартылып, жылу және электр желілері жөндеуден өткізілуде.

Әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері кешенді түрде шешімін табуда. Кейінгі екі жылда «Келешек мектептері» жобасы аясында 13 заманауи мектеп салынды, жақын арада үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешіледі. Жаңаөзенде заманауи Оқушылар сарайы пайдалануға берілді, Ақтауда халықаралық стандарттарға толық сай келетін жаңа мұзайдын ашылды. Облыс орталығында жедел көмек көрсетуге арналған көпфункционалды орталық бой көтерді, ал Мұнайлы ауданында көпсалалы аурухана іске қосылды.

Президент тарапынан өңірлік экономиканы дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жалпы алғанда Мемлекет басшысының жеке бақылауына алынған, облыстың экономикасын айтарлықтай әртараптандыратын 52 міндет бар. Атап айтқанда, алдағы алты жыл ішінде облыста 10 трлн теңге тұратын 55 инвес­ти­ция­лық жоба іске асырылады. Өң­деу­ші өнеркәсіп, логистика, туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалар шамамен 10 мың жұмыс орнын құруға жол ашады. Жаңаөзенде салынып жатқан газ өңдеу зауытының да өндірістік әлеуеті зор.

Өз кезегінде өңір тұрғындары Маңғыстау облысына ерекше көңіл бөлгені және жергілікті халыққа көрсеткен қамқорлығы үшін Президентке шынайы алғыстарын білдірді. Бүгінде өңірде тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарып, азаматтар су, жылу және электр қуатының үзілуі сияқты проблемаларды ұмытты. Бұл облыстың әрі қарай тұрақты дамуы үшін берік негіз қалыптасқанын көрсетеді.

с

Кездесуде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңа Ата заң жобасы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кіріс­кен алғашқы күнінен бастап кезең-кезеңі­­мен жүзеге асырылған жүйелі рефор­­ма­лардың нәтижесі екенін атап өтті. Осы рефор­малар аясында баршаға тең мүм­кіндік қам­тамасыз етіліп, биліктің бір қолға шоғыр­лануы мүмкіндігі жойылып, заңсыз шы­ға­рыл­ған активтерді елге қайтару жұмыстары қолға алынды.

– Осы қадамдардың өзегінде әділеттілік, теңдік пен бірлік идеясы тұр. Заң мен тәртіп соның берік іргесі болып қалануда. Бұл қоғамның санасына серпіліс берген бас­ты құндылықтарымызға, негізгі қағидат­тарымызға айналды. Жаңа Ата заң – осы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы әрі түпкі түйіні. Ең маңыздысы, мұның бәрі халықтың сұранысынан туындап отыр. Сондықтан елдің болашағына бағытталған баптар, преамбулада көрініс тапқан құндылықтар, халықтың қалауынан туған қағидаттар – бәрі Президенттің жүрегінен шыққан деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының жылдар бойғы ой-толғамдары халықтың үнімен үндесіп тұр, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасы ғаламдық тұрақсыз­дық күшейіп тұрған кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатта сын­дарлы бағыт ұстанып, әлемнің бар­лық елімен серіктестік пен тең құқыққа негіз­делген қарым-қатынасты қамтамасыз етуге үлкен күш жұмсағанын ерекше атап өтті. Елге инвестиция тартылып, шет мемлекеттердің басшылары Қазақстанға келіп, ынтымақтастық орнатуға ниет біл­діру­де. Бүгінде жаһанда аумалы-төкпелі ахуал белең алған тұста ішкі тұрақтылық пен қо­ғам­ның бірлігі ерекше маңызды. Тек осы арқылы Қазақстан дамып, алға жылжи береді.

Сондай-ақ кездесу барысында Ата заң жобасындағы жергілікті өзін-өзі басқару­ды дамыту, цифрландыру және мемлекет­тің әлеуметтік міндеттері мәселелері де көтерілді. Жергілікті тұрғындар жаңа Конс­ти­туция парадигмасының ауысуы, жер­асты қазба байлықтарына емес, адам капи­та­лын дамытуға бағытталғанын талқыла­ды. Енді еліміз тек минералды ресурс­тарға емес, интеллектуалдық әлеуетке, білім экономикасын құруға иек артады. Сон­дықтан құжатта ғылым, білім және инно­ва­цияларды дамыту нормалары мем­лекеттің стратегиялық басымдықтары ретін­де бекітіліп, ғылыми және техникалық шығар­машылық еркіндігіне кепілдік беріледі.

Облыстағы Тұз қышқылы мен кальций хлоридін шығаратын «Topan Chemical Industries» зауытының ұжымы жаңа Конституциядағы лайықты еңбек құқығы, уақтылы және әділ жалақы, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету нормаларын талқылады. Бұл ережелер мемлекеттік саясаттың айқын бағдары болып отыр. Жұмыскерлер атап өткендей, бұл норма олардың өмірін, денсаулығын және кәсіби мүдделерін қорғауға берік негізін қалайды. Бұл ережелер мемлекеттік саясаттың тікелей бағдарына айналады.

Өндірістің болашағы туралы коалиция мүшелері Жаңаөзен қаласында «ӨзенМұнайГаз» мұнайшыларымен де пікір алмасты. Әңгіме Конституцияның негізгі идеясы – «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасы аясында өрбіді. Әлеуметтік және еңбек кепіл­діктері, мұнай-газ саласын дамыту, жастар­дың ғылыми әлеуеті, отбасына қолдау көр­сету, инновациялық технологияларды енгізу, «Заң пен тәртіп» қағидатының нығаюы сияқты мәселелер талқыланды. Осы аталған­дардың барлығы Ата заң жобасында көрінісін тапты.

Мұнайшылар өңірдегі экология ахуалына да тоқталды. Ұзақ уақыттан бері жұмыс істейтін Қошқар ата қалдық қоймасы орналасқан Маңғыстау облысы үшін жаңа Конституцияда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғатты аялау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау, апаттардың, ластанулардың және қалдық төгудің алдын алу бойынша жауапкершілігін бекіту ерекше өзекті болып отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесуде Қазақстанда тұратын 130-дай этнос пен 20-ға жуық конфессияның бірлігін бекемдеу мәселесі сөз болды. Ата заң жобасында этносаралық келісім принципі негізгі мемлекеттік бағдарлардың қатарында тұр. Бұл принцип преамбула мен бірқатар негізгі бапта көрініс тапқан. Кемсітушілікке жол бермеу, мәдени алуандықты құрметтеу мемлекеттің стратегиялық құндылығы ретінде ерекше атап көрсетілген.

Кездесулердің қорытындысында қатысушылар баршаға тең мүмкіндіктер қарастырылған «Әділетті Қазақстанды» құру жөніндегі Президенттің бастамасын қолдайтындарын білдірді.

Қоршаған орта жауапкершілігі маңызды

Сонымен қатар осы күні аталған топ Атырау өңірінде қоғам өкілдерімен, шығармашыл жастармен, мұнайшылармен және кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өткізді.

Қоғам өкілдерімен кездесу барысында коа­лиция мүшелері алдағы референ­думның ел­дің болашағы, әр отбасы мен әрбір қазақ­стан­дық үшін тарихи маңызы туралы әңгімелесті.

Мәжіліс төрағасы жаңа Конституция халықтың сұранысына негізделгенін, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жүйелі реформалардың дәйекті жал­ғасы екенін атап өтті. Ата заң жобасы – қо­ғамда қордаланған әділдікті орнық­ты­ру, заң мен тәртіптің үстемдігін қамта­ма­сыз ету және баршаға тең мүмкін­діктер бе­ру жөніндегі талаптарға берілген жауап. Сондықтан парламенттік реформадан бас­­тау алған конституциялық түзету­лер Қазақ­­станның болашағы туралы кең ау­қым­ды қо­ғамдық пікірталасқа ұласып, нәти­жесінде, жаңа Ата заңның қабылдануына алып келді.

– Өздеріңіз білесіздер, халық тарапынан 10 мыңнан аса ұсыныс түсті. Азаматтар елдің болашағы, қағидаттар мен құндылықтар туралы көбірек айта бастады. Осының бәрін саралай келе, парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Елдегі саяси жүйе тұтастай жаңарып жатыр. Биліктің барлық тармақтары қайта құрылуда. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы беки түседі, – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов атап өткендей, жаңа Конституция өткен мен бүгінді байланыстырып, елдің болашаққа бағыт алған жолын айқындайды. Ал преамбулада байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайту туралы қағиданың бекітілуі тарихи сабақтастықты және ұлттың сан ғасырлық тарихын айшықтайды.

Атырау тұрғындары, өз кезегінде, жаңар­тылған Конституция жобасында адамның құқық­тары мен бостандықтарының жаңа кепіл­діктері мемлекеттің ең жоғары басым­дығы ретінде қарастырылғанын атап өтті. Мұнай­лы өңір тұрғындары үшін еңбек құқық­тарын, әлеуметтік кепілдіктерді қорғау үшін құқықтық механизмдерді нығай­ту, сондай-ақ Заң мен тәртіптің үстем­дігі қа­ғи­датын бекіту ерекше маңызды. Бұл инвес­тор­лар үшін де, жұмысшылар үшін де ал­дын ала болжанатын құқықтық ортаны қамтамасыз етеді.

Әңгіме барысында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау нормасына ерекше назар аударылды. Олар алғаш рет Ата заңда іргелі принциптер деңгейінде бекітілуде. Жұртшылықтың пікірінше, бұл ереже мұнайлы өңір үшін аса өзекті. Экологиялық қауіпсіздік пен табиғи ресурстарды қорғау мәселелері мұнда тек декларация емес, келер ұрпақ үшін нақты болашақ кепілдігі болып саналады.

Аймақтың шығармашыл жастарымен кездесу «Atyrau Creative Hub» орталы­ғында өтті. Білім беру, ғылым, инновация­лар, цифрлық құқықтарды қорғау және талант­ты жастардың әлеуетін таныту мәсе­ле­леріне ерекше назар аударылды. Кезде­суге қатысушылар жаңа Конституция техно­ло­гиялар мен жасанды интеллект қарқын­ды дамыған дәуірде жеке деректерді қорғау­ды күшейтетінін және цифрлық қауіпсіз­діктің заманауи стандарттарын қалыптас­тыратынын атап өтті.

Отбасылық мәселелер мен қоғамы­мыз­ға тән дәстүрлі құндылықтарды сақтауға ар­на­йы назар аударылды. Жас атырау­лық­тар жаңа Конституцияда некені ерікті түрде жасал­­ған ер мен әйелдің одағы ретінде нақ­ты айқындау отбасылық институтты қол­дау­ға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және оны құқықтық деңгейде қорғауға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Әр адамның еңбек ету құқығы, қауіп­сіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы және әлеу­мет­тік қорғау сынды жаңа Консти­ту­ция жо­ба­сында жарияланған нормалар «ҚазТурбоРемонт» қызмет көрсету орталы­ғы­­ның ұ­жы­мымен өткен кездесулерде талқыланды.

Кәсіпорынның жас мамандары мемлекет пен бизнес олардың кәсіби дамуына қандай мүмкіндіктер жасайтынына қы­зы­ғу­шылық танытты. Әсіресе мемлекет адам­­ның білімі мен кәсібилігін елдің стра­тегия­лық ресурсына айналдыруға жағ­дай жа­сау жауапкершілігін өз мойнына алатыны туралы қағидатқа көбірек назар аудар­­ды. Өндіріс мамандарының пікірінше, бұл өңір­дегі жастардың даму көкжиегін кеңейтеді.

Кездесу барысында кәсіпорын қызмет­керлері еңбек жағдайлары мен заманауи ин­новациялық өндірістерді дамыту мәселе­леріне қатысты бірқатар сұрақ қойды. Іргелі ұжым мүшелері жаңарған Ата заң еңбек жағдайларының қауіпсіздігін және әділ еңбек­ақы кепілдіктерін күшейтетінін, ал мемле­кеттік саясат адамның еңбегі мен кәсі­би же­тіс­тіктеріне негізделіп құрылаты­нын атап көрсетті.

Кездесулер қорытындысы бойынша Атырау тұрғындары 15 наурыздағы референдумға қатысу әрбір отандасымыздың азаматтық борышы екенін айтты. Жергілікті жұртшылық өз таңдау құқығын пайдаланып, Қазақстанның тұрақты болашағы үшін дауыс беруге ниетті екенін білдірді. 

Соңғы жаңалықтар