Инфрақұрылым • Бүгін, 16:27

2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол жаңартылады

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде кеңістікті байланыстыратын инфрақұрылым халықаралық ықпалдастық пен транзиттік бәсекенің негізгі тірегіне ұласып отыр. Осы тұрғыда көлік саласының даму қарқыны елдің өңірлік рөлін айқындайтын маңызды өлшемнің біріне айналып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол жаңартылады

Көлік министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы саланың өткен жылғы нәтижесін саралап қана қоймай, алдағы кезеңдегі бағыт-бағдарын айқындаған маңызды алаңға айналды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалық еткен жиын елдегі саяси жаңғыру үдерісімен сабақтас кезеңде өтті. Оның пайымынша, жаңа Конституция жобасы қоғамдық белсенділік пен саяси мәдениетті арттыруға жол ашатын, мемлекеттің даму сапасын жаңа деңгейге көтеретін тұжырымдамалық құжат саналады.

Өткен жыл көлік инфрақұрылымын жаңғырту тұрғысынан мазмұнды болды. Теміржол саласында Достық – Мойынты учаскесі мен Алматы стансасының айналма желісі іске қосылып, 1,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылды. Жүк тасымалы 320 млн тонна шамасында қалыптасты. Автожол бағытында 13 мың шақырымға жуық аумақта құрылыс пен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қызылорда – Жезқазған, Қалбатау – Майқапшағай мен Ұзынағаш – Отар жобалары аяқталды. Азаматтық авиацияда халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ға жетіп, әуежайлар 30 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетті.

Көлеңкелі көлік импортына шектеу бола ма?

Алдағы жоспарлар инфрақұрылымдық серпінді жалғастыруға бағытталған. Теміржол саласында «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» желілерінің құрылысы, «Алтынкөл – Жетіген» мен «Бейнеу – Маңғыстау» бағыттарын жаңғырту көзделген. «Бақты – Аягөз» жобасы жалғасады. Вокзалдарды жаңарту мен вагон паркін толықтыру да күн тәртібінен түскен жоқ.

Автожол жүйесінде 11 мың шақырымнан астам жол жұмыстары жүргізіледі. Вице-министр Мақсат Қалиақпаровтың бағалауынша, республикалық маңызы бар жолдардың 8,9 мың шақырымы және жергілікті желінің 2,3 мың шақырымы қамтылады. Жыл қорытындысында республикалық жолдардың 95%-ы, жергілікті жолдардың 92%-ы нормативтік талаптарға сай деңгейге жетеді деген межелік мақсат бар. Оның айтуынша, транзиттік дәліздерді жаңғырту үш жылдық жоспар аясында «кілт тапсыру» қағидатымен жүзеге асырылады, бұл мерзім тәртібін сақтауға мүмкіндік береді.

Жаңа жобалар қатарында Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты ету, Қарағанды – Жезқазған дәлізін іске қосу, сондай-ақ ұзындығы 559 шақырым болатын Бейнеу – Сексеуіл жолы ерекше мәнге ие. Соңғысы тасымал қашықтығын 900 шақырымға қысқартып, жол жүру уақытын үш тәулікке дейін азайту әлеуетіне ие.

Елімізде жаңа автокөліктердің сатылымы артты

Теміржол көлігі транзиттік әлеуетті арттырудың негізгі тіректерінің бірі болып қалып отыр. Вице-министр Жәнібек Тайжановтың дерегінше, биыл жалпы тасымал көлемін 343,6 млн тоннаға жеткізу жоспары бар. Қызылжар – Мойынты желісінің құрылысы, Алтынкөл – Жетіген мен Бейнеу – Маңғыстау учаскелерін жаңғырту жалғасып отыр. 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жөндеу межеленген.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Биыл су көлігімен тасымал көлемін 11,4 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Ақтау мен Құрық порттарында түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, жаңа контейнерлік терминалдар салынып жатыр. 2028 жылға дейін сауда флоты 32 кемеге дейін ұлғайтылмақшы.

Азаматтық авиация тұрақты өсім көрсетіп келеді. Әуежайлар өткен жылы 31,8 млн жолаушыға қызмет көрсетіп, жүк тасымалы 173,3 мың тоннаға жетті. Вице-министр Талғат Ластаев қауіпсіздік талаптарына сәйкестік әлемдік орташа деңгейден жоғары екенін алға тартып, бұл көрсеткіш жаһандық рейтингте алғашқы жиырмалыққа енуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Бұған қоса, авиациялық оқиғаларды тергеу жөніндегі мамандандырылған орталық құрылып, тергеу жүйесін жетілдіру міндеті қойылды.

Саланы цифрландыру бағытында биометриялық сәйкестендіру, автоматтандырылған паспорттық бақылау мен e-Freight жүйесі енгізілді. Жүк өңдеу уақыты бір тәуліктен бір сағатқа дейін қысқарған. Ұшқышсыз аппараттар мен eVTOL технологияларын пайдалануға құқықтық негіз әзірленіп жатыр.

Тойота көлік құрастыру үшін гуманоид роботтарды қолдана бастады

Халықаралық әуе бағыттары да кеңею үстінде. Биыл Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа бағыттарында жаңа рейстер ашылады. Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Алматы – Ларнака, сондай-ақ Токио бағытын іске қосу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл үрдіс сауда, туризм мен мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, көлік жүйесін жаңғырту экономикалық тиімділікпен шектелмейді. Ол кеңістікті байланыстыратын инфрақұрылымнан геосаяси тұрақтылықтың тірегіне айналып келеді. Транзиттік дәліздер мен мультимодальды бағыттардың дамуы елдің халықаралық логистикалық тізбектердегі орнын айқындай түседі.

Соңғы жаңалықтар