Музей • Бүгін, 08:25

«Үнсіз білім» үлгісі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейде бір қаланы картадан қарап танимыз. Ал кейде сол қаланы жан-тәнімізбен сезінеміз. Тар көшенің тарихы, көне қабырғаның сыры, үнсіз тұрған ескерткіштің тағдыры – бәрі де бір адамның әңгімесі арқылы «тіріледі».

«Үнсіз білім» үлгісі

Жыл сайын 21 ақпанда әлем жұртшылығы Халықаралық экскурсоводтар күнін атап өтеді. Бұл мереке 1990 жылдан бері World Federation of Tourist Guide Associations бастамасымен тойланып келеді. Мақсаты – саяхат әлеміндегі көрінбейтін, бірақ аса маңызды маман иелерінің еңбегін бағалау. Экскурсовод – жай ғана жол көрсетуші емес. Ол өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір, елдің мәдениетін таныстыратын елші, тасқа тіл бітіретін әңгімеші, әр сапарды әсерге толы оқиғаға айналдыратын маман. Өз дауысы арқылы сарайлар қайта салынғандай, батырлар қайта атқа қонғандай әсер береді. Бір сәтте сіз орта ғасыр базарында жүргендей боласыз, келесі сәтте тәуелсіз елдің заманауи көшелерінде қадам басасыз.

Әр экскурсия – жаңа аудитория, жаңа энергия, жаңа сұрақтар. «Ұлы Дала Елі» орталығының экскурсоводтары бір топқа тарихи деректерді ойын форматында жеткізсе, келесі топқа сол материалды сараптама түрінде түсіндіруі мүмкін. Бұл – икемділік. Ал икемділік – кәсіби дайындықтың нәтижесі.

Турист интернеттен бәрін оқып келеді. Егер экскурсовод тек жаттанды мәтін айтса, ол қызық болмайды. Бүгінгі аудитория тереңдік, сараптама, ерекше қисын күтеді. Қазіргі жаһандану жағдайында музей тек мәдени мұраны сақтау және таныстыру институттары ғана емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторына айналып отыр. Осыған байланысты кадрлардың кәсіби даярлығы ерекше мәнге ие. Алайда кәсіби біліктілікті тек формалды оқу бағдарламалары арқылы қалыптастыру жеткіліксіз екені тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді. Музейтану мамандықтары үшін тек теориялық білім емес, кәсіби интуиция, жағдайды сезіну, келушілермен қарым-қатынас орнату қабілеті, экспозиция логикасын түсіну және мәдени контекстті бейсана деңгейде меңгеру маңызды. Мұндай білім түрі ғылымда «үнсіз білім» ұғымымен сипатталып, кадр даярлауда tacit knowledge феноменін мақсатты түрде қалыптастыру өзекті.

«Үнсіз білім» ұғымы ғылымда explicit knowledge (вербалданған) пен implicit knowledge (үнсіз) арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Венгриялық ғалым М.Полани үнсіз білімді «тілмен жеткізу қиын, тәжірибе арқылы игерілетін ілім» ретінде сипаттады. Бұл білім көбіне әрекет барысында, кәсіби тәжірибеде қалыптасады. Музей қызметкерінің экспо­зицияның логикасын, келушімен қарым-қатынастың нәзік реңдерін сезінуі сияқты құбылыстар осы топқа жатады. Музей саласында кадр даярлау үдерісінде формалды оқытумен қоса үнсіз білімді мақсатты дамыту қажет. Өйткені ол кәсіби бірегейлігін қалып­тастырады және нақты қызмет жағдайында тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сан-Франциско музейі ғылы­ми білім беру мен музей қызметкерлерінің кәсіби дамыту бағдарламаларын ұсынады. Ондағы викториналар, шеберлік сағаттар және тәжі­рибелік демонстрациялар музей қызметкерлерінің білімін нығайтуға бағытталған. Тәлімгерлік, тәжірибе, жоба­лық оқыту және кәсіби қауымдас­тықтардағы тәжірибе алмасу музей мен туризм маманда­рының кәсіби интуициясын, мәдени сезімталдығын, комму­никациялық қабілетін дамытады. Бұл өз кезегінде мәдени мұраны сапалы таныстыруға, тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сон­дықтан туризм саласында мәртебе туралы сөз болса, ең алдымен экскурсоводтың еңбегі аталу керек.

 

Дилорам Тауасарова,

«Ұлы дала елі» орталығының қызметкері

Соңғы жаңалықтар

Тәлімбақтар тапшылығы

Аймақтар • Бүгін, 09:05

Қыз мінезді қыс

Пікір • Бүгін, 09:00

Ет экспортына талап жоғары

Экспорт • Бүгін, 08:50

Мал шаруашылығында өсім бар

Шаруашылық • Бүгін, 08:45