Өндіріс • Бүгін, 08:32

Бұқтырылған киік еті саудаға шықты

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында алғаш рет киік еті өндірістік деңгейде өңделіп, қалбырда бұқтырылып, сауда сөрелеріне жол тартты. «Күбілей» зауыты қазір тәулігіне 15 мың дана қалбырдағы дайын өнімді нарыққа шығарып жатыр.

Бұқтырылған киік еті саудаға шықты

Еліміз кейінгі жылдары мемле­кеттік деңгейде қорғау шара­ларының арқасында саны әжеп­тәуір көбейген ақбөкеннің етін ел игілігіне жарата бастады. Былтыр бес айдың ішінде Батыс Қазақстан облысында 108 мың 458 бас киік ауланған. Ақбөкеннің еті батысқазақстандық 14 кәсіпорынға, Атырау облысының бір ет комбинатына жеткізілген еді. Әрине, бұл кәсіпорындар етті тоңазытып сақтап, сол күйінде ғана арзан бағамен халыққа сау­далады. Аңшылардың қолынан килограмын 500 теңгеден сатып алған арзан етті одан әрі өңдеп, жаңа өнім шығарған «Күбілей» ­зауыты ғана болды. Жақында аталған зауытқа арнайы барып, қалбырда бұқтырылған киік етінің қалай жасалатынын бастан-аяқ көріп қайттық.

«Күбілей» ЖШС – 1992 жылы құрыл­ған, ет, балық, көкөніс қалбырларын өндіре­тін еліміздегі ең ірі кәсіпорынның бірі. Қазір компанияның екі зауыты бар. Оның бірі – жылына 20 мың тонна ет өндіретін ет өңдеу кешені. Екіншісі – жалпы қуаты күніне 200 мың қалбыр өндіретін консерві зауыты.

Зауыт директорының орынбасары Зәуре Берекешеваның айтуынша, киік етін өңдеу жобасы былтыр күзде басталған. «Киік аулауды ұйымдастырған «Охотзоопром» мекемесі мен біздің зауыт арасындағы келісімшарт бойынша желтоқсан айында киік төшкелері сатып алынды. Ол әуелі біздің ет өңдеу кешенінде алғашқы өңдеуден өтті. Биылғы қаңтардан бастап қалбырда бұқтырылған киік етін жасап шығарып жатырмыз. Зауыттың қуаты күніне 50 мың қалбыр шығаруға жетеді. Бұқтырылған киік еті әзірге тек ел аумағында ғана сатылады. Қазір тиісті мемлекеттік мекемелермен шетелдерге экспорттау мәселесін де сөйлесіп жатырмыз», дейді Зәуре Талғатқызы.

л

Қалбыр цехына келгенге дейін киік еті әуелі сүйегі мен сіңірінен ажыратылады екен. Содан кейін конвейермен жылжып келе жатқан етті зауыт жұмысшылары қолдарындағы пышақпен қалбырдың көлеміне лайықтап турайды. Одан кейінгі жұмыстың бәрі автоматтандырылған, темір арба толы кесек еттер әлдебір құбырға аударылады. Шамасы сол жерде түрлі қоспа, дәмдеуіш қосылып, араластырылса керек. Айта кетейік, зауыт өз өнімдеріне жасанды, зиянды, гені түрленген қоспаларды мүлдем араластырмайды. Біз айтып отырған қалбырдағы киік етіне сиыр майы, пияз, тұз, қара бұрыш, лавр жапырағы ғана қосылады екен. Сондықтан да оған «халал» сертификаты берілген.

– Біздің зауытта санитарлық норма қатаң сақталады. Қалбырдағы ет арнайы аппаратта 120 градуста өңделеді. Дайын өнім тағам қауіпсіздігі бойынша зертханалық талдаудан өтеді. Қазір бір кезекте 15 мың дана қалбыр шығарып жатырмыз. Әр қалбырдың салмағы – 350 грамм. Жалпы, киік еті сиыр мен қой етіне қарағанда дәрумендерге өте бай. Оның құрамында әсіресе, D дәрумені өте көп. Сондықтан да ол диеталық тағамға жатады. Бұл етті спортшыларға да, аяғы ауыр әйелдерге, балаларға да беруге болады, – дейді зауыттың бас технологі Гүлжазира Кенжеғалиева.

д

Зауытты аралап келеміз. Көз алдымызда қақпағы жабылып, тізбектелген қалбырлар қаз-қатар жиналып, соңғы кезеңге – автоклав бөліміне келеді. Өзін «Сұңғат Әбуов, автоклав бөлімінің басшысымын» деп таныстырған жас жігіт бізге жұмыс үрдісін таныстыра бастады. «Бұл – автоклав бөлімі, қысқаша айтқанда, пеш десе де болады. Жүздеген қалбыр бір мезетте осы пештің ішіне салынып, әуелі 20 минут қыздырылады, одан кейін 55 минут бұқтырылып пісіріледі, сосын 20 минут суытылады. Бізден шыққан өнім пайдалануға әзір десе де болады. Тек келесі цехта сыртына қағазы жапсырылып, қағаз жәшікке 36 қалбырдан жинақталып, тасымалдауға ыңғайлы қалыпқа түседі», дейді Сұңғат.

Әрине, әр қалбырдың сыртына өнімнің шығарылған күні, уақыты жазылған. Қалбырдың салмағы – 325 грамм. Зауыттан шыққандағы әр қалбырдың бағасы – 949 теңге болса, сауда орындары оған тек 15 пайыз үстеме баға қосып сата алады.

ж

Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында шаруа қожалықтары «киік саны тым көбейіп кеткендіктен зиян шегіп жатырмыз» деп дабыл қағып келеді. Батыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжановтың айтуынша, 2025 жылы көктемде, киік төлдемес бұрын жүргізілген санақ кезінде облыста 2 млн 300 мың бас ақбөкен тіркелген екен. Түз жануарының популяциясын бақылап, ғылыми талдау жүргізіп отырған ғалымдар өңірде 460 мың киік аулауға болады деген биологиялық негіздеме жасаған. 2025 жылдың бес айы ішінде арнайы аңшы топтары 108 мыңнан астам киік аулап, рұқсат етілген көлемнің бір бөлігін ғана игере алды. 2023 жылы тек Батыс Қазақстан облысында 226 мың киік аулауға рұқсат берілгенімен, сол жылы елімізде небәрі 42 мың киік ауланған болатын. Жыл өткен сайын ақбөкен өнімдерін пайдаға жарату ісі жолға қойылып келеді. Мәселен, Жәңгір хан атындағы агроуниверситет ғалымдары былтыр киік етінен шұжық жасап, қазір тиісті құжаттарын тіркетіп жатыр. Олар да ақбөкен етінің ақуызға, дәруменге бай екенін айтады. Одан бөлек, әзірге еліміз кәдеге асыра алмай отырған бір байлық – ақбөкеннің мүйізі. Былтыр Батыс Қазақстан облысында ғана ауланған киіктен 91 мың 450 дана мүйіз алынып, Алматы қаласына сақтауға жіберілген. Әлемдік нарықта аса қымбат бағаланатын бұл мүйіз болашақта халықаралық шектеулер алынған соң саудаға шығарылып, ел қазынасына қомақты қаржы құяр ­деген үміт бар.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жолдар жабық тұр?

Қазақстан • Бүгін, 09:28