Экономика • Бүгін, 09:10

Әуе тасымалының әлеуеті заманауи авиациялық хабқа айналуы керек

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде әлем елдері өздерінің транзиттік әлеуетін күшейтуге басымдық беріп отыр. Соның нәтижесінде халықаралық бәсекелестік бәсі де жоғары. Еліміз де аймақтағы ең ірі он авиациялық жүк орталығының біріне айналуды мақсат етті. Қазір еліміздің аумағы арқылы өтетін негізгі жүк көлемі автомобиль мен теміржол тасымалына тиесілі. Жақын келешекте әуе арқылы жеткізілетін жүктердің үлесі де арта түспек.

Әуе тасымалының әлеуеті заманауи авиациялық хабқа айналуы керек

Мемлекет басшысы елдің әуе кеңіс­­ті­гіндегі әлеуетін кеңейту мәселесін жиі көтеріп келеді. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық жаңару барысында көлік логистикасын дамытуды аса маңызды стратегиялық міндет деп бағалады.

«Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге бір­тұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді эконо­­­микалық сипатқа ие болады. Жаһан­­­дық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заман­да, бұл – өте маңызды қадам», деді Мемлекет басшысы.

Еліміз аймақтағы ең ірі он авиациялық жүк орталығының біріне айналу үшін алдымен авиаотынмен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл аударуы керек. Осыған қатысты Мемлекет басшысы: «Өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, «қара алтыны» жоқ мемлекеттермен авиакеросин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз» деген еді V Ұлттық құрылтайдағы сөзінде. Осы сыннан кейін Үкімет дереу шешім қабылдап, авиаотын бағасын төмендетті. Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасовтың сөзінше, бұған дейін ішкі нарықтағы мұнай өндіру зауыттарының авиаотынды тиісті деңгейде өндіре алмауы бағаның қымбат болуына тікелей әсер еткен.

«Былтыр тоннасына 1,2 мың доллар болған авиаотынның құны 950 долларға дейін төмендетілді. Бұрын сату құқығының басым бөлігі әуежайларда болған. Прези­денттің тапсырмасына сәйкес, биыл
1 қаңтардан бастап әуежайлармен қатар, «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясы да авиаотын саудасымен айналысады. Онда авиаотынның тоннасы 1000 доллардан аспайды. Әуежайлар кірісінің 50-60%-ын осы авиаотын сатудан тауып келген. Енді ұлттық компаниямен бәсекелес ретінде олар да бағаны төмендетуге әрекет жасайды. Десек те, әуежайлардың кірісі азаятындықтан, олардың тарифтерін өсіру қарастырылып жатыр», дейді ол.

Ішкі сұраныс формалды түрде жабыл­­­­­ған­мен, импорт мәселесі қалай шеші­­леді? 2025 жылы авиаотын импор­тының үлесі 366 мың тоннаны құраған. Еліміз жетіспеушілікті жабу мақсатында жыл сайын көршілес Ресейден 300 мың тоннадай авиаотын сатып алады екен. Сәрсен Жарыл­­ғасов бұл бағытта қажетті шаралар басталып кеткенін жеткізді.

«Биыл 1 қаңтардан бастап импортталған авиаотын қосымша құн салығынан да, 5% кедендік баждан да босатылды. Бұл қадам­­дар импортталған авиаотын бағасын төмен­дету мақсатында жасалып отыр», дейді сала маманы.

Былтыр елдегі үш мұнай өндіру зауыты 724 мың тонна авиаотын өнді­ріп шығарыпты. Биылғы меже – 750 мың тоннаға дейін жеткізу. Сәрсен Жарыл­­ға­совтың айтуынша, үш зауыт өндірген мұнайдағы авиаотынның үлесі 6-8%-ды құрайды.

«Мұндағы авиаотынның үлесін көбейту үшін басқа мұнай өнімдерін азайтуға тура келеді. Сондықтан бұл әлеуметтік сипат алып кетеді. Яғни бензин, дизель көлемі қысқарса, сәйкесінше олардың бағасы да өседі. Энергетика министрлігінің болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай авиаотын өндіру көрсеткіші екі есе ұлғайып, 1,5 млн-ға дейін жетуі мүмкін», деді С.Жарылғасов.

Президент тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» АҚ (ҚТЖ) базасында ұлттық жүк авиакомпаниясын іске қосу көзделіп отыр. Былтыр қазан айында Астанада «KTZ Air Cargo» деген атаумен жүк әуе тасымалын жүзеге асыратын аталған  компания тіркелді. Құрылтайшысы – «KTZ Express». ҚТЖ мәліметіне сәйкес, компания бастапқыда үш әуе кемесін жалға алады. Олардың санын өсіру мәсе­­лесі операциялық, қаржылық KPI-ға жеткен соң ғана қаралады. Эксплуатант сертификатын алу 2026 жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Алған жағдайда KTZ Air Cargo 2026 жылдың ортасында ұшуды бастайды. Қазір өзіндік әуе флотын қалыптастыру жүргізіліп жатыр. Жаңа әуе тасымалдаушы орта және алыс магистрал­ды жүк ұшақтарын пайдалануға маманданып, транзиттік бағыттарды дамытуға басымдық береді.

Ең бастысы, әуе компаниясын қар­­­­­­жыландыру мемлекеттік бюджеттен емес, ҚТЖ қаражаты есебінен жүзеге асады.

KTZ Air Cargo жобасы логистикалық тізбектердің тұрақтылығын арттырып, іскерлік белсенділікті жандандыруға, сабақтас салалардың дамуына серпін беруге бағытталған. ҚТЖ хабарлауынша, мультимодальді тасымалды дамыту аясында ұлттық оператор электронды сау­даны, тауарды клиентке дейін жеткізу ісін жетілдіруді жоспарлап отыр. Яғни тауарыңызды елден елге жеткізіп қана қоймай, қоймаға, одан әрі үйіңізге дейін әкеліп беруді қамтуы мүмкін.

«Бұл қызметтердің жаңа түрлерінің пайда болуына серпін беріп, еліміздің Еуропа – Азия жолдарындағы негізгі аймақтық логистикалық хаб ретінде рөлін күшейтеді», дейді ҚТЖ өкілдері. Бұдан бөлек, жүк авиациясы жаңа жұмыс орындарын құрып, салық түсімдерін ұлғайтады. Сондай-ақ әуежай инфрақұрылымын, қойма кешендерін жаңғырту, салаға қосымша инвестициялар тарту мүмкін болады.

Сарапшы Болатбек Дәлелханұлы отандық әуежайлардың әлеуеті үлкен екенін айтады. Алайда солай бола тұра неліктен еліміз осы кезге дейін бәсе­­келестерге жол беріп келеді? Сарап­­­шының айтуынша, бұған бірнеше себеп бар. Соның бірі – мемлекеттік субсидиялардың болмауы.

«Халықаралық тәжірибе бастапқы кезеңде тұрақты транспорт арнасын құ­руға мемлекеттің қолдауы қажет екенін көр­­­сетеді. Субсидия есебінен тасымалдар құнын төмендетіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға болады», дейді Б.Дәлелханұлы.

Сарапшының сөзінше, алдымен рейс­терге екі жақта да толық жүк тиелетіндей дең­­гейде экспортты реттеу керек. Сонда ғана авиация ауыр жүк көліктерімен бәсе­ке­ге түсе алады.

«Әуе тасымалы көбіне жүктеменің тең­ге­ріміне байланысты. Егер ұшақ Қы­тай­дан толық келіп, кері бағытта бос кетсе, «бос рейс» үшін соңғы сатып алушы төлей­ді. Яғни қайтар жолдың шығындары жет­кізу құнына қосылып кетеді», дейді сарапшы.

Тағы бір маңызды мәселе – е-commerce саласындағы кедергілер. «Елімізде шетел­­дік онлайн-платформалар өте таны­мал. Тіпті тапсырыс көлемі күн сайын кемін­де бір жүк ұшағын жөнелтуге жетеді. Алайда мұндай сәлемдемелерді кедендік рәсімдеу әлі де күрделі. Ал ұлттық оператор рөлін әзірге «Қазпошта» атқарып отыр», дейді Б.Дәлелханұлы.

Оның пікірінше, нарықты жекеменшік курьерлік компанияларға да ашу – жеткізу қызметтерінің дамуы мен жедел логис­­ти­каның жандануына серпін берер еді. Сонымен қатар Қытайға жөнелтілетін жүктерді рәсімдеу кейде елге кіргізуден де қиынға соғатынын айтады. Егер осы түйт­кілдер шешілсе, еліміз Еуразиядағы маңызды авиациялық хабтардың біріне айналуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар

Референдум–2026. Онлайн-марафон

Референдум • Бүгін, 12:00

Төл өнеріміз – ИСЕСКО тізімінде

Қазақстан • Бүгін, 09:45