Жасанды интеллект • Бүгін, 11:18

Жасанды интеллект отандық өнеркәсіпті қалай өзгертеді?

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел өнеркәсібі цифрлық кезеңге аяқ басты. Ірі кәсіпорындар жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге нақты енгізуге көшті. Бұл үрдіс былтыр іске қосылған 2025-2026 жылдарға арналған ірі кәсіпорындардың өндірістік үдерістеріне жасанды интеллектінің практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі Жол картасы арқылы жүйелі сипат алып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген құжат өнеркәсіпті цифрлық трансформациялауды жеделдетуге және нейрожелілерді нақты өндірісте кеңінен қолдануға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жасанды интеллект отандық өнеркәсіпті қалай өзгертеді?

Фото: ашық дереккөз

Жол картасына екі салалық ведомство – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму бағытына жауапты құрылымдар 11 ірі кәсіпорында жүзеге асатын 41 жобаны енгізген. Олардың қатарында Qarmet, «Алтыналмас» АҚ, «СарыаркаАвтоПром», «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазфосфат», «Қазцинк», Solidcore Eurasia, «Қайнар-АКБ», Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, Еуразиялық топ (ERG) және KAZ Minerals тобы бар. Бұл кәсіпорындарда цифрлық өзгерістер бұған дейін де басталғанымен, Жол картасы үдерістерді жаңа деңгейге көтеріп, нақты экономикалық нәтиже бере бастады.

Тоқаев: Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады

Жол картасының практикалық кезеңі 2025 жылғы қазанда іске қосылған Industrial AI Acceleration бағдарламасымен жалғасты. Бағдарлама қысқа мерзім ішінде өндіріс үшін әзір шешімдерді іріктеп, оларды енгізуге дайындауға мүмкіндік берді. Акселерацияға өнеркәсіп кәсіпорындарының, технологиялық стартаптардың және салалық сарапшылардың 220-дан астам өкілі қатысты, олардың ішінде жасанды интеллект саласындағы 20-дан астам шетелдік маман бар. Осы уақыт ішінде 95 трекшн-митинг, 50 сағаттан астам оқыту және практикалық воркшоптар өтті, әлеуетті тапсырыс берушілерге 136 ЖИ-шешім таныстырылды.

Нәтижесінде 24 пилоттық жоба бастама алды. Оның жетеуі қазірдің өзінде өнеркәсіптік пайдалануға енгізілсе, қалған 17 жоба 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосуға дайындалып жатыр.

ЖИ-ді білмей, мақтанба!

Жол картасы аясында «СарыаркаАвтоПром» автозауытында жедел әрекет ету орталығы құрылды. Жасанды интеллект камералар мен датчиктерден келетін мәліметтерді талдап, оқиғаларды бірден анықтайды, күзет жүйесіндегі адами қатені азайтады. Соның нәтижесінде инциденттерді анықтау уақыты қысқарып, жалған дабылдар саны төмендеп, қауіпсіздікке бірыңғай цифрлық бақылау орнады.

Еуразиялық топта (ERG) өндірістік және бизнес-үдерістерді біріктіретін ERG MES цифрлық платформасы енгізілді. Бұл жүйе өнім көлемін, технологиялық параметрлерді, шығындар мен жабдықтардың тоқтап қалуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Платформа Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттарында, Қазақстан электролиз зауытында және Дон тау-кен байыту комбинатында жұмыс істеп тұр. Қызып кетуден болатын тоқтап қалулар 75 пайызға қысқарған, ал анықталған ақаулардың 80 пайызы операторлар тарапынан расталған.

Жүйеге MES Alina атты цифрлық ассистент те енгізілген. Ол дауыс немесе мәтін арқылы сұраныс қабылдап, қажетті есептерді, экрандарды ашып, жабдықтан дерек сұратады. Бұл өндірістегі ауытқуларға әрекет ету уақытын азайтып, операторлардың жұмыс тиімділігін арттырды. Тек өткен жылы ERG MES енгізудің экономикалық тиімділігі шамамен 1,5 млрд теңгені құраған. Бұл цифрландырудың сән емес, нақты есеп пен табыс көзі екенін аңғартады.

KAZ Minerals өндірістік алаңдарында да жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Абай облысындағы «Ақтоғай» кенішінде тасымал ағындарын оңтайландыратын HxGN Systems диспетчерлеу жүйесі жаңғыртылып, ЖИ құралдарымен толықтырылды. Бұрын аударма жүк көлігінің жүргізушілерін диспетчер қолмен бағыттаса, енді бұл үдеріс автоматты түрде әрі анағұрлым дәл орындалады.

Жасанды интеллект жұмыссыз қалдыра ма?

Ал Solidcore Eurasia компаниясында қауіпті өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесі іске қосылды.

Бұл бастамалардың жүзеге асуына мемлекеттік қолдау тікелей ықпал етті. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі QazIndustry орталығының қатысуымен кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау бойынша оқыту жүргізіп, консультациялық және ұйымдастырушылық көмек көрсетіп келеді, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтейді. Өткен жылы сарапшылар кәсіпорындарда технологиялық аудит өткізіп, өндірісті цифрландыруға қатысты 20-дан астам ұсыным әзірледі. 240 адам қатысқан 14 вебинар ұйымдастырылды.

Биыл Жол картасы аясындағы цифрландыру жұмыстары жалғасады. Роботтандырылған техника, интеллектуалдық жүйелер, видеоаналитика, ЖИ-ассистенттер мен цифрлық егіздер, Big Data платформалары секілді жобаларды іске асыру жоспарланған. Бұл қадамдар ел өнеркәсібінің цифрлық кемелдік деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар