Әлем • Бүгін, 15:04

Жаңа пандемия қаупі бар ма? Еуропада хантавирус жұқтыру деректері көбейді

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Израиль, Франция және Швейцария елдерінде хантавирус жұқтыру деректері тіркеле бастады. Осыған байланысты қоғамда «жаңа пандемия бастала ма?» деген қауіп туындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа пандемия қаупі бар ма? Еуропада хантавирус жұқтыру деректері көбейді

Фото: Life.ru

ДДСҰ бірнеше елде хантавирус жұқтыру жағдайларының жиілеуіне байланысты ахуалды бақылауға алды. Қазіргі таңда Израиль, Франция, Швейцария және Нидерландыда қауіпті індеттің таралуы байқалып отыр. Мәселен, Израиль дәрігерлері елдегі алғашқы жағдайды ресми түрде растады. Jerusalem Post басылымының мәліметінше, науқас вирусты бірнеше ай бұрын Шығыс Еуропа аумағында жүргенде жұқтыруы мүмкін. Қазір оның жағдайы тұрақты.

Еуропа елдерінде де алаңдаушылық күшейіп отыр. Хантавирус жұқтырғандар Франция, Швейцария және Нидерландыда тіркелді. The Sun басылымының жазуынша, Франция азаматы вирус анықталған «MV Hondius» круиздік лайнерінің жолаушысымен бір рейсте ұшқан болуы ықтимал. Сонымен қатар Нидерландының KLM әуе компаниясының бортсерігі де індет жұқтырды деген күдікпен бақылауға алынды.

Конго-Қырым қызбасы: Қауіпті вирустан қалай қорғануға болады?

ДДСҰ эпидемиологы Мария Ван Керкхове қазіргі жағдайды коронавирус пандемиясымен салыстыруға болмайтынын айтты. Маманның сөзінше, хантавирус адамдар арасында оңай таралмайды және жұғуы үшін өте тығыз байланыс қажет. Ғалымдар бұл инфекцияның адамнан адамға берілу ықтималдығын зерттеп жатқанымен, мұндай жағдайлардың өте сирек кездесетінін алға тартады.

Айта кетерлігі, вирустың жасырын кезеңі алты аптаға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта науқастар санының артуы ықтимал.

Еске сала кетейік, MV Hondius круиздік лайнерінде хантавирус індеті тарап үш адам қаза тапқан болатын. Алайда мамандар вирус тасымалдаушысы саналатын кеміргіштердің лайнер бортынан табылмағанын мәлімдеді. Қазіргі таңда бортында 150-ге жуық адамы бар кеме Кабо-Верде жағалауында тұр. Лайнер Испанияның Тенерифе аралына бет алған. Кейбір жолаушылар инфекция туралы ресми ақпарат жарияланбай тұрып кемеден түсіп кеткендіктен, бірнеше ел олардың жүрген жерін анықтауға кірісті. Тенерифеге жеткен соң дені сау жолаушыларды елдеріне қайтару жоспарланған. Испанияның 14 азаматы Мадридтегі әскери госпитальде карантинге орналастырылады.

Асылжан ҚҰРМАНҒАЛИ

Соңғы жаңалықтар