Жастарға еңбегіне сай сыйлық жарасады
– Былтыр «Қазақстанның халық әртісі» атағын алдыңыз. Бұл марапатты кеш алдым деп ойлаған жоқсыз ба?
– Шынымды айтсам, ондай ой болған емес. 1998 жылы бұл атақ алынып тасталды. Алайда оған бола ештеңеміз кеткен жоқ. Ел қатарлы еңбек етіп келе жатырмыз. Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының шешімімен бұл марапат қайта қалпына келтірілді. Бір жағынан, жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Әйтпесе, осы атаққа лайық қаншама талантты тұлға өмірден өтіп кетті. Солардың арасында жақын достарым да бар еді. Сондықтан шүкіршілік деймін. Бұған дейін де марапаттан кем болған жоқпын. 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерін» алдым. Одан кейін «Парасат» орденін иелендім. Кейде ел ішінде «өнер адамдары ғана марапатталады» деген сөз айтылады. Елімізде осы кемістіктің орны толған секілді. Былтыр «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Президент қолынан еңбектің қазанында қайнап жүрген түрлі сала өкілі марапат алды. Осыны теледидардан көріп, қуандым. Қандай көңілге шуақ құятын көрініс!
– Жалпы, атаққа қалай қарайсыз?
– Шетелде концертке көрермендер өнерпаздың дүркіреген атағына келеді. Өйткені атақтың айналадағы адамдарға әсері бар. Әрине, еңбегімнің мемлекет тарапынан бағаланғаны – мерейімді өсірді. Отбасым да қуанды. Дегенмен қандай атақ алсам да өзгерген ештеңем жоқ. Бұрын қандаймын, қазір де сондаймын. Адам өзі үшін еңбектенеді. Біреу бізге оны міндеттеп жатқан жоқ. Еңбегімді елге еткен қызметім деп білемін. Шындығында, өнер адамдарына халықтың шынайы ықыласынан артық құрмет жоқ.
Осы марапат жөнінде бір айтарым бар. Бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» нағыз өнер майталмандарына берілетін. Қазір оны сахнаға енді шыққан жастар да алып жатыр. Содан кейін бұл марапаттың беделіне нұқсан келді. Жалпы, атақ саты-сатымен берілгені дұрыс. Мәселен, сахнада өнер көрсетіп жүрген жастарға өздерінің еңбегіне сай сыйлық жарасады.
– Өнер адамға бекер қонбайды. Қандай отбасында өстіңіз? Ата-анаңыз кімдер еді?
– Біз отбасымызда он үш баламыз. Мен – ұлдың үлкенімін. Көзімді ашқаннан домбыраның дауысын естіп өстім. Әке-шешемде өнерден қара жаяу емес. Анамның ән салатын әуезді әдемі дауысы бар-тын. Халық әндерін керемет шырқайтын. Ал әкем Мұхиттың әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Сондай-ақ үйге ауылдағы күйші қариялар жиі келетін. Бала күнімнен солардың күй тартқанын тыңдадым. Сосын Елкелді Меңдияров деген туыс ағам болды. Бұл кісі Жылыой ауданында алғашқы домбыра оркестрін құрған. Дәулескер күйші болатын. Өз бетімен нота үйреніп, күйлерді оркестрге түсірген. Соның да ықпалы тиді. Мектепте жүргеннен домбыра, баян, мандолинада ойнадым. 9-сыныпта оқып жүргенде мектеп директорының айтуымен өнерлі оқушылардан домбыра ансамблін ұйымдастырдым. Сөйтіп, ұжыммен жұмыс істеу оқушы кезімнен басталды. Оқу бітіргесін ауылдағы мектепте екі жыл музыка мен бейнелеу өнерінен сабақ бердім. Одан кейін Атыраудағы музыкалық училищеге түстім. Бұл оқуға баруымның өзі қызық. 1968 жылы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының курсына келдім. Сонда училищенің директоры, ұстазым Сейілхан Құсайыновты кездестірдім. Бұл кісі мені бұрыннан таниды. Талай концертке қатысқанымды көрген. «Айтқали, сен мұнда нағып жүрсің?», деп сұрады. Оған осында оқуға келгенімді айттым. «Онда жүр» деп қолымнан жетектеп, өзі қызмет істейтін училищеге алып келді. Тамыз айы. Оқу ордасына талапкерлерді қабылдайтын емтихан әлдеқашан өтіп кеткен. Соған қарамастан комиссия мүшелерін қайта шақырып, жалғыз өзімнен емтихан алды. Ағайым: «Оқуға түстің. Енді күзде құжаттарыңды алып кел», деді. Сосын мен ол кісіге: «Гүлжан деген қарындасым бар еді. Биыл 8-сыныпты бітірді. Ол да домбыра тартады» деп, едім: «Оны да оқуға аламыз, келсін» деп, күлімсіреді. Сөйтіп, қарындасыммен музыкалық училищеде бірге оқыдым. Аталған оқуды бітірерде белгілі музыкатанушы, профессор Болат Сарыбаев Алматыдан келіп, консерваторияға түсуге жолдама берді. Бірақ оның реті келмеді. Аудан басшыларының ұсынысымен ауылға оралып, аудандық музыка мектебінің директоры болдым. Аудан оркестрін басқардым. Бірақ «Қазақ радиосын» тыңдаған сайын көңілім бұзылады. Алматыны аңсаймын. Аудан басшылары мені жібергілері келмеді. Сосын Құрманғазы атындағы консерваторияның сырттай бөліміне оқуға түсейін деп ойладым. Алайда комиссия мүшелері мені күндізгі бөлімге оқуға алып қалды.
Дирижер – орындаушылық мамандық
– Бір басыңызда сан түрлі өнер тоғысқан. Бірақ соның ішінде дирижерлігіңіз бөлек. Осы туралы айтасыз ба?
– Еліміздегі дирижерлік мектептің іргетасын көрнекті өнер зерттеушісі, ғалым Ахмет Жұбанов қалады. Ол 1934 жылы алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін құрды. Өнер ұжымының алғашқы дирижері болды. 1944 жылы қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ашылды. Осы кезеңде арнайы дирижерлер класы ашылып, кәсіби түрде оқытыла бастады. Одан көрнекті композитор Леонид Шаргородский сабақ берді. Отандық дирижерлік мектеп осылай қалыптасты. Бұл мектептен Шамғон Қажығалиев, Фуат Мансұров секілді айтулы дирижерлер шықты. Атақты Нұрғиса Тілендиев Мәскеу консерваториясында оқыды. Сонымен қатар Нұрғиса мен Шамғон ағамыз дәулескер күйшілер болатын. Ал Фуат Мансұров Бүкілодақтық дирижерлер фестивалінде лауреат атанып, Мәскеу консерваториясының аспирантурасын тәмамдады. Сонда ұстаздық қызмет атқарды. Үлкен театрда дирижер болды. Мен ол кісімен Алматыда 1976 жылы таныстым. 1978 жылы консерваторияны бітіргенде Фуат Шәкірұлы Мәскеуден мемлекеттік комиссияның төрағасы болып келді. Әйгілі өнерпаз Алматыға келген сайын қасында жүріп, дирижерлік өнердің қыр-сырын үйрендім.
– Бұл өнердің ерекшілігі қандай?
– Алдымен дирижерге кәсіби музыкалық білім қажет. Өйткені шығарманың құрылымы әртүрлі. Оркестрдің де даусы бірнеше түрге бөлінеді. Соның бәрін бір арнаға тоғыстыра білу керек. Анығында, дирижер – орындаушылық мамандық. Ол бір аспапты еркін меңгерген музыкант болса, сонда шығарманы орындауды жақсы түсінеді. Мәселен, ол қай дәуірдің композиторы, стилі, бағыт-бағдары қандай? Дирижер жетекші ретінде соны оркестр мүшелеріне ұғындырып, жеткізеді. Дәлірек айтқанда, дирижер оркестр өнерпаздарынан бір саты жоғары тұруы керек. Дирижер болу – оңай емес. Өте қүрделі мамандық. Ол жан-жақты білімді болуы қажет. Дирижер негізінен қолдың қимылымен жұмыс істейді. Егер оның техникасын білмесең, оркестрді шашып аласың. Оркестр – әртүрлі аспаптан құрылады. Оның адамдар секілді түрлі мінезі бар. Айталық, симфониялық оркестр ертеден қалыптасты. Оған шығарманы әлемнің барлық композиторы жазды. Ал қазақ оркестрінің құрылғанына ғасыр толған жоқ. Соған қарағанда біздің оркестр әлі жас. Репертуары да көп емес. Әрине, туындылар жазылып жатыр. Ұлттық қазынамызға айналған мыңдаған күй мен халық әні оркестрге толық түскен жоқ. Бұл қыруар жұмысты талап етеді. Дирижердің композиторлық қабілеті болғаны да жақсы. Өйткені композитор музыкалық туындының табиғатын терең түсінеді. Бір өкініштісі, біздегі кейбір дирижерлер оркестрге шығарма түсіре алмайды. Өз басым оркестрге туындыны дайындап түсіретін дирижерді жоғары бағалаймын. Нұрғиса Тілендиевтің бір мықтылығы – осында. Мысалы, бізге консерваторияда осы пәннен Кенжебек Күмісбеков, Базарбай Жұманиязов, Мәкәлім Қойшыбаев секілді белгілі тұлғалар дәріс берді. Қазір жоғары оқу орнында осы пәнге назар аударылса деймін. Себебі бұл сабақ дирижерге де, композиторға да ауадай қажет.
– Күйді оркестрге түсіргенде қасиеті толық сақтала ма?
– Бастысы, оркестрде күйдің табиғатын сақтауымыз керек. Күй – жеке домбырада қалай орындалса, оркестрде соны ескерген жөн. Күйді оркестрге түсіру – басқа әңгіме. Оның өзіне тән гармониялық үндестігін таба білу қажет. Мәселе – осында.
Домбырашылар күйді жылдам тартуға әуес
– Қазір күйді заманауи музыкаға лайықтап тартады. Бұған қалай қарайсыз?
– Барлық шығарманы заманауиландыруға болмайды. Онда туындының табиғатын жоғалтамыз. Күйдің қасиеті өзгермеу қажет. Күй өнерін «шертпе», «төкпе» деп екі үлкен дәстүрге бөліп жүрміз ғой. Бірақ оның өзі бірнеше дәстүрлі мектепке айналған. Арқа, Қаратау шертпесі – жеке мектеп. Сондай-ақ Алтай-Тарбағатай, Іле аймағы, Жетісу дәстүрлі күй мектептері бар. Сыр бойындағы күй мектебі де – ғажап әлем. Батыс Қазақстандағы күйшілік мектеп – өз алдына бір төбе. Ақтөбе өңірінің күйшілік мектебі де ешкімге ұқсамайды. Маңғыстаудағы Адай күйлері де бірнеше мектепке ұласқан. Осы шығармаларды оркестрге түсіргенде бұл дәстүрлі мектептердің ерекшелігі ескерілгені дұрыс.
– Біз осыны сақтап жүрміз бе?
– Қазақта шебер домбырашыны күйші деп атаған. Олар әр шығарманы орындағанда өз дәстүрлі мектебінің иірімін шеберлікпен жеткізген. Өкінішке қарай, қазір кейбір күйшілер барлық дәстүрлі мектептің туындысын біркелкі орындап жүргенін көреміз. Олардың ерекшелігіне бойламайды. Шындап келгенде, әр өңірдің өз мәнері бар. Кейбір домбырашылар күйді шебер орындайды. Алайда олар әр күйшілік мектептің қағысы мен пернедегі саусақ басу дәстүріне мән бермейді. Айталық, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің шығармаларын «төкпе күй» деп түсініп, бір бағытта тартады. Мәселен, Дәулеткерей болса ақсүйек отбасынан шыққан. Құрманғазы секілді ел аралап, өнер көрсетіп жүрмеген. Мінезінде бекзаттық бар. Отаршылдық саясаттың қандай екенін көзбен көріп, біліп отырса да ел мұңын ашық айта алмаған. Оны шығармасында тұспалмен жеткізген. Күйшілер осыны ескергені абзал. Кейбір домбырашылар негізінен күйді өте жылдам тартуға әуес. Күй – қазақтың болмысы. Мысалы, Дина шешеміздің орындауындағы күйлерді тыңдағанда оның қоңыр үні мен шеберлігіне тәнті боласың.
– Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында екі жыл қызмет істепсіз. Оған қалай барып жүрсіз?
– 1978 жылы Құрманғазы консерваториясын тәмамдағаннан кейін осында домбыра кафедрасына оқытушылыққа қалдырды. 1979 жылдың күзінде консерватория ректоры Ғазиза Жұбановаға біздің Мәдениет министрлігіне КСРО Мәдениет министрлігі жіберген арнайы хат келеді. Онда Моңғолияға бір музыкант, ол әрі дирижер әрі бір аспапта орындаушы болуы керек деген талап қойылған.
Осыған байланысты комиссия құрылып, оған 5-6 музыкантты шақырды. Солардың ішінен мені ұсынды. Ол жылдары Моңғолия астанасы – Ұлан-Батырда музыкалық жоғары оқу орны жоқ екен. Колледж ғана бар. Сонда кеңес одағынан барған отызға жуық маман жұмыс істеді. Мен сонда колледж түлектеріне моңғолдардың халық аспабынан сабақ бердім. Сонымен бірге 50-ден астам мүшесі бар студенттер оркестрін басқардым. Оның құрамында хор мен бишілер тобы болды. Осы өнер ұжымымен үкіметтік деңгейдегі концерттерге қатыстық. Камералық оркестр құрып, соған жетекшілік еттім. Жергілікті композиторлардың туындыларын оркестрге түсірдім. Моңғолияда екі жыл қызмет істедім. Содан кейін өзім сұранып, елге оралдым. Ұлан-Батырда тұратын қандастармен де жақын араластым. Кейін мен оқытқан моңғол студенттері Алматыға келіп, Құрманғазы консерваториясында білім алды.
– Құрманғазы оркестріне көркемдік жетекші болып келгенде алғаш қылқобыз, шертер аспабын жеке топ ретінде енгізіпсіз. Осыған тоқтала кетсеңіз.
– Жалпы қазақтың музыкалық аспаптарын Болат Сарыбаев жан-жақты зерттеді. Ол кісі осы аспаптарды оркестрге енгізуді ұсынды. Бірақ кейбір музыка мамандары «бұл аспаптар әлі дамымаған» деп оған қарсы шықты. Бұл туралы сол жылдары мерзімді баспасөзде біраз мақала жарияланды. Моңғолиядан келгеннен кейін музыкалық аспаптардың жасалуы және бұрауымен айналыса бастадым. Консерваторияда «Әсемқоңыр» атты эксперименттік оркестр құрдым. Оған оқытушылар мен студенттерді тарттым. Осы жылдары шертер, сазсырнай, қылқобыз аспаптары еліміздегі бірқатар ансамбльге енді. 1982 жылы Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестрін құрғанда біраз көне аспаптарды енгізген болатын. Алдымен шертер аспабын консерваторияға пән ретінде оқытуды қолға алдым. Ол кезде домбыра кафедрасының меңгерушісі едім.
90-жылдардың басында Башқұртстаннан Ешмұрат Елбақов есімді өнерпаз келді. Қурайды керемет тартады. Сол Құрманғазы консерваториясында оқығысы келетінін айтты. Оқуға түсті. Қурай аспабы сыбызғыға ұқсайды. Осы жігіт «Әсемқоңыр» ансамблінде өнер көрсетті. Бір жылы консерваторияға мемлекеттік комиссияға бұрынғы Мәдениет министрі, өзі домбырашы Жексенбек Еркімбеков төраға болып келді. Сол кісі Ешмұраттың қурайды тартқанын көрді. Таңғалды. Кейін ол еліне кетіп қалды. Үй мәселесін шешіп бере алмадық. Осы комиссия барысында Жексенбек ағамен сөйлесіп, сыбызғы, сазсырнай, жетіген аспабын консерваторияға факультативтік сабақ ретінде енгізгім келетінін айттым. Ол кісі бірден қолдады. Кейбір оқытушылар «бұл әлі жетілмеген аспаптар» деп қарсылық танытты. Кейін бұл музыкалық аспаптарды Құрманғазы оркестріне топ қылып енгіздім.
Төрт ішекті қобыздың мәселесі
– Қазақ оркестрінде әлі де жетілдіретін қандай аспап бар деп ойлайсыз?
– Кезінде Ахмет Жұбанов қобызды үш ішекті етіп жасады. Оның екі ішегі тарамыс болады да, үшіншісі сым ішектен жасалған. Кейін төрт ішекті қобыз пайда болды. Осы аспапқа музыкалық оқу орындарында класс ашылды. Оны елімізге белгілі қобызшылар бітірді. Бұл төрт ішекті қобыз алғашында құрпын сақтады. Кейін құрпы скрипкаға ұқсап кеткеннен кейін, дыбысы шыңылтыр болып өзгерді. Төрт ішекті қобызды орындаушылардың техникалық жағынан шеберлігі өскенімен, ондағы ұлттық бояуымызды жоғалтып алдық. Осы аспаптың мәселесі мені толғандырады. Төрт ішекті қобызды «сым қобыз» деп атаймын. Себебі – ішегі сым. Кеңес дәуірінде қазақтың екі ішекті қылқобызы жойылып кете жаздады ғой. Енді осы қобызды қайтадан қалпына келтіру үшін көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев консерваторияға басшылыққа келгеннен кейін Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевты шақырып алып, қылқобыз класын ашып берді. Соның арқасында бұл аспап бүгінгі жоғары деңгейге жетті.
Мені қазіргі ұлттық музыкалық аспаптардың жасалу сапасы ойландырады. Себебі осы бағытты дамыту мақсатында ғылыми зерттеу орталығы бар шеберхана ашылуы қажет деп санаймын.
– Танымал композиторсыз. Қаншама көлемді шығарма жаздыңыз. Бірақ мемлекет тарапынан сіздерге қолдау бар ма?
– Бүгінгі таңда кәсіби композиторларға сұраныс аз. Бұрын Композиторлар одағының мүшесі әртүрлі кәсіби өнер ұжымдарынан музыкалық шығармаға тапсырыс алып, солай жұмыс істейтін. Оған қаламақының тиісті пайызы алдын-ала төленетін. Туынды көркемдік кеңесте талқыланады. Содан кейін орындалып, тыңдарманға жететін. Бүгінде ондай тапсырыс жоқ. Көркемдік кеңес те жоқ. Кәсіби композиторларға арналған байқаулар да аз. Қолдау да кемшін. Насихат та жетіспейді.
– Елдің белгілі азаматы ретінде сізді қоғамдағы қандай мәселе алаңдатады?
– Бүгінде жас ұрпақ ұлттық тәрбиеден алыстап барады. Осыған менің жүрегім ауырады. Ұлттық тәрбие – қазақылығымыздың берік тұғыры. Одан айырылсақ, болмысымыздан ажыраймыз. Ертеде әке-шешеміз «ұят болады» деген сөзді жиі айтатын. Бұл сөзді де біраздан бері естімедім. Халқымыз ұят пен обал-сауаптың қадірін жақсы білген. Қазір осы ұғымның мәні арзандап кетті. Бір жылы гастрольдік сапармен алыс ауылға келдік. Қасымда екі-үш жігіт бар, орталық көшемен келе жатырмыз. Анадай жерде жолдан үш-төрт апа өтіп барады. Бізді көріп тоқтап қалды. Оларға жақындағаннан кейін: «Апалар, неге өте бермедіңіздер?» деп едік, «ер адамдар келе жатқаннан кейін алдарыңызды кесіп өтпейік деп тұрмыз», деді. Қандай өнеге! Құрманғазы оркестрінде қызмет істеп жүргенде аға-апалар деген кеңес құрдым. Онда ұжымдағы үлкендер жастарға қазақы тәлім-тәрбиенің қасиетін түсіндірді.Елордалық филармонияға келгенде де осы кеңесті қайта қолға алдым. Шынында, қазіргі жастардың көзқарасы басқаша. Себебі өскелең заманның таным-түсінігі де бөлек. Біз осыны ұға білуіміз керек. Ұлттық тәрбиені жаңғыртудың түрлі жолы бар. Соны жастардың санасына сіңіре білсек, ұтарымыз мол. Қазір әлем құбылып тұр. Бастысы, еліміздің амандығы мен тыныштығын тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»