фото:depositphotos.com
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «Қазақтеңізкөлікфлоты «Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС (ҚТКФ) мұнай тасымалдау үшін Matilda танкерін жалдаған. Кемені КҚК терминалында 18 қаңтар күні тиеу жоспарланған болатын. Алайда 13 қаңтарда танкер ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады.
«Шабуыл салдарынан өртсіз жарылыс болды. Экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ. Алдын ала бағалау бойынша кеме жүзуге жарамды, бастапқы тексеру кезінде елеулі конструкциялық зақым белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр», делінген «ҚазМұнайГаз» хабарламасында.
Сондай-ақ Либерия туы астында жүрген Delta Harmony танкері де жүк тиеуді күту режимінде тұрған кезде ұшқышсыз аппараттардың шабуылына ұшыраған.
«Оқиға нәтижесінде өрт шыққан, ол жедел түрде сөндірілді. Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Жедел штабтың мәліметінше, оқиға болған сәтте кемеге мұнай тиеу жұмыстары әлі басталмаған, жүк кемелері бос болған. Осыған байланысты Қазақстанның экспорттық ресурстарына зиян келтірілген жоқ», деп атап өтті Энергетика министрлігінде.
Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық операторымен, консорциум әкімшілігімен және кеме иелерімен жедел режимде өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, 29 қарашада Астана уақытымен 06:06-да Новороссийск порты ауданында КҚК-ның теңіз инфрақұрылым нысандарына экипажсыз жүзу құралдары арқылы шабуыл жасалған еді. Нәтижесінде теңіздегі қашықтағы айлақ қондырғысы ВПУ-2 (қалқымалы тиеу құрылғысы) айтарлықтай зақымдалды. Ермек Көшербаев КТК-ға жасалған шабуылды Украина тарапымен талқылады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов КТК-ға толыққанды балама жоқ екенін, ал өзге бағыттар тек жүктің белгілі бір бөлігін ғана тасымалдай алатынын айтқан еді. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлеуметтік желілерде Каспий құбыр консорциумының терминалына жасалған шабуылды қолдаған азаматтарды жауапқа тартуды талап етті.