Қанішер басшы өзін «Шотландия королі» деп атап БҰҰ-ның штаб пәтерін Угандаға ауыстыруды, сонымен қатар Елизавета Королеваның орнына өзін Британ Корольдігінің басшысы етуді талап етуімен де аты шыққан.
Иди Амин 22 жасына дейін оқып-жазуды білмеген. 1971 жылы «елді тәуелсіз етемін» деген сылтаумен, халықты алдап билікке келеді. Алайда таққа отырғанына жарты жыл да болмаған билеуші 10 000-нан астам адамды болмашы сылтаулармен өлім жазасына кесіпті. Ең қызығы, жазаланғандардың 2000-ын өз қолымен өлтірген екен.

Бірінші кезекте ол өзіне қарсы шығуы мүмкін деген шенеуніктердің көзін жояды. Ал сол кездегі штаб басшысы Сүлеймен Хусейннің басын кесіп, оны өз үйінің мұздатқышында «олжа» ретінде сақтаған. Осыдан кейін ел арасында Иди Амин адам етін жейді деген қауесет тарайды.
Иди Аминнің жөнсіз саясатының кесірінен 1979 жылы елдің экономикалық жағдайы әбден ушығады. Осы жағымсыз оқиғалардан кейін өзіне қауіп төніп тұрғанын сезген ол Сауд Арабиясына қашып кеткен. Сол жақта жүріп, 2003 жылы, 75 жасқа қараған шағында төсек тартып, көп ұзамай қайтыс болған.
Айта кетейік, 2006 жылы «қанішер президенттің» өмірбаянын толықтай сипаттайтын «Шотландияның соңғы королі» деген тарихи кино жарық көріп еді.