Аймақтар • 27 Қазан, 2017

ОҚО-да бірқатар басшы қанағаттанарлықсыз деген баға алды

321 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тоқырау жылдары деген уақыттарды да бастан өткіздік. Халқының саны үш миллионға жетеғабыл дейтін Оңтүстік Қазақстан облысының жылдық бюджеті бүгінгідегі ең шағын ауданның бюджетінің ширегіне келмейтін.

ОҚО-да бірқатар басшы қанағаттанарлықсыз деген баға алды

2002 жылдары сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ордабасы ауданындағы шағын маркеттің ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиды.
Жұмыс барысымен сол даңғыл бойымен жиі өтеміз ғой. Сол кезде маркет ашылды деп облыс әкімінің өзі қуанған, арнайы келіп тілек айтқан әлгі дүкен бүгінде жұпыны ғана нысан екен. Көзге қоңырайып көрінеді.

Бүгінде басқа салаларды айт­пағанда жыл сайын керіскедей етіп жиырмадан астам мектеп салып тастайтын облыстың мүм­кіндігі қаншалықты өскендігін осыдан көре беріңіз.

Бұрындары орта мектеп түгіл апатты білім ошақтарын бү­тін­деуге қаржы таппай отыратын құрылыс басқармасы ғала­мат ғимараттарды көтеріп жатыр.

Яғни, ақша бар, тиімді жұм­сау­дың тетігін тапсаң болғаны. Бірақ, бар ақшаны игерудің өзі қиынға түсіп жатыр.

Әкімдіктің кезекті мәжі­лісінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бюджет қаржысының игерілмеуіне байланысты аудан, қала және басқарма бас­шыларының жұмысына қатысты сын пікірін білдірді.

– Біздің осы бағыттағы жұмы­сымызды Мемлекет басшысы мен Үкімет қатаң бақылауға алған. Осыған сәйкес біз бюджет қаражатын игеру мәселесін тұрақты түрде ай сайын қарап талқылаймыз. Алайда қаржы басқармасының бүгін жасаған баяндамасына сәйкес, облыстық басқармалардың және аудан, қала әкімдерінің бюджет қаражатын игеру бағытындағы жұмыстары төменгі деңгейде болып отыр. Сонымен қатар былтырғы жылдан бері бюджет қаражатын игеру бойынша берілген тапсыр­малар орындалмағаны белгілі болды. Осы ретте, бірқатар об­лыс­тық басқарма басшы­лары­ның және аудан, қала әкімдері­нің бюджет қаражатын игеру бо­йынша жұмыстарына қанағат­та­нарлықсыз деген баға беремін, – деді облыс әкімі.

Жиында 2017 жылғы 9 ай­дың қорытындысы бойынша об­лыс бюджетінің атқары­луы ту­ралы сөз алған облыстық қаржы бас­қар­масы басшысы­ның мін­детін атқарушы Р.Мүл­ке­манов об­лыстық басқармалар бойынша 209,6 млн теңге, ал, аудан, қа­лаларда 559,4 млн теңге қаржы иге­рілмей қалғанын айтты.

– Жалпы, жыл басынан бері облыстық құрылыс, энерге­ти­ка, автомобиль жолдары және кә­сіпкерлік басқармалары қаржы­лан­дыру жоспарларына 17,1 млрд теңгеге 25 рет негізсіз өз­герістер енгізген. Егер қыркүйек айындағы 4,4 млрд теңге кейінгі ай­ларға ауыстырылмаған жағ­дайда аталған облыстық бюд­жеттік қаржыны игеру деңгейі төмен болар еді. Бүгінгі таңда облыс бюджетінің қаржысы 99,8 пайызға игеріліп отыр, – деді ол.

Баяндамада мәлім болғандай, ең ірі көлемде игерілмеген қаржы Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласы және облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен денешынықтыру және спорт басқармаларына тиесілі екен.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі кемшілікке жол берген аудан, қала және басқарма басшыларына өзіне тиісті жұмысқа немқұрайдылықпен қараған орынбасарларға үш күн ішінде тәртіптік шара көріп, нәтижесін баяндауды тапсырды. Бұл жолы орынбасарлар ғана жаза алмайтын сыңайлы.
Жансейіт Түймебаев 2017 жылдың бюджетінде қаралған қаржылардың жыл соңына дейін игерілуін барлық басшыларға ескертіп, жұмыстар өз мәнінде орындалмаса бірінші басшыларға қатаң тәртіптік шара қолданбақ.

Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да жалпы өңірлік өнім көле­мі жыл сайын артып келеді. Биыл­ғы жылдың бірінші жарты­жылдығында облыста жалпы өңір­лік өнім көлемі 1 340,5 млрд теңгені құрап, 2,7 пайызға арт­қан. Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қармасының басшысы Арман Сәбитов жыл соңында жалпы өңірлік өнім көлемі 3 014,5 млрд теңгені құрайтындығын ай­тады. Осылайша Оңтүстік Қазақ­стан облысы республика кө­лемінде өсім бойынша 5-орын­ға тұрақтамақ. Ал өңдеу өнер­кәсібі өнімінің көлемі 410,8 млрд теңгені құрап, 2,1 пайызға арт­қан. Алайда өнеркәсіп өнімі бойын­ша индикатордың орындал­мау қаупі бар. Жылдық жос­­парды қамтамасыз ету үшін өнім көлемін 850 млрд теңгеге жет­кізу қажет. Алайда Шымкент қаласы мен Бәйдібек, Отырар аудандарының индикаторлары жылдық жоспардан артта қалуда. 
– Қазіргі кезеңде соңғы 9 айда өнеркәсіп өнім көлемі 605 млрд теңгені құрауы қажет бола­тын. Алайда 9 айдың қорытын­дысымен өнім көлемі 599,2 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұдан бөлек, өңірімізде тіркелген ша­ғын және орта кәсіпкерліктің әре­кет ететін нысандарының үлесі 83 пайызды құрап, инди­ка­тор­дың орындалмау қаупі бар. Соң­ғы 9 айда тіркелген ша­ғын және орта кәсіпкерлік ны­сан­дарының саны 213 419 болса, олардың 36 796-сы әрекет ет­пейді. Оның ішінде ең жоғары дең­гей Шымкент қаласында тірке­ліп отыр. Яғни, қаладағы 21 815 шағын кәсіпкерлік ны­сан­дарының жұмысы тоқтап тұр, – деді Арман Сәбитұлы.

Сондай-ақ қоғамдық қауіп­сіздікті қамту мақсатында ішкі істер департаментіне бюджеттен бөлінген қаржы көлемі жыл сайын ұлғайғанымен салаға қатысты бірнеше индикаторлардың орын­далмауы байқалады. Атап айт­қанда, жасөспірімдер жасаған қылмыстардың үлесінің жос­пары 3,4 пайыз болса, нақты 9 айда – 3,5 пайызды құраған. Өт­кен жылдың 9 айымен салыс­тыр­ғанда көрсеткіш Шымкент, Түркістан, Кентау қалалары мен Қазы­ғұрт, Мақтарал, Отырар, Сайрам, Төлеби, Шардара аудандарында өскен. 

Жиында айтылған олқы­лық­тарға қаныққан өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен салаға жауапты басшылардың жұмысын сынға алып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

– Бірқатар аудан-қалаларда тіркелгенімен әрекет етпейтін ша­ғын және орта кәсіпкерлік нысандары көбейіп отыр. Мем­лекет пен Үкімет тарапынан қан­шама қолдаулар көрсетіліп отыр­ған кезеңде шағын және орта кәсіпкерлікті тұралатуға болмайды. Мәселен, Шымкентте, Созақта, Төлебиде, Түлкібаста шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны азайған. Аудан, қала басшыларының осы реттегі жұмыстарына қанағат­танарлықсыз деген баға беруге болады. Бұдан бөлек, бірқатар аудан, қала әкімдіктерінде тек бюджеттік инвестициялармен шектеліп, жеке инвестиция тарту бойынша жұмыстар тө­мен деңгейде жүргізілуде. Жыл со­ңына дейін осы олқылық­тардың орнын толтыруды және апта сайын ақпарат беріп отыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

«Балапанды күзде санайды» деген қанатты сөз бар. Жыл бойы атқарылған жұмыстың нәтижелері қорытындыланып жатыр. Өткен жылдарға қарағанда табысы молайғанымен етектен тартқан енжарлық, жауапсыздық та орын алып келеді. Облыс әкімі осы жағына қатты мән беріп отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Бакуде ән салған Әміре

Тарих • Бүгін, 08:00