Ғылым • Бүгін, 08:43

Технология мен ғылымды тоғыстырған

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір ғылым мен білім саласында әлемдік деңгейде мойындалып жүрген қазақ жастары аз емес. Солардың бірі – инженерия докторы Гүлмира Хани. Бүгінде ол Бейжің қаласындағы беделді жоғары оқу орнының бірі – Солтүстік Қытай электр энергетика университетінің профессоры әрі докторанттардың ғылыми жетекшісі.

Технология мен ғылымды тоғыстырған

Қарапайым қазақ ауылында өмірге келген Гүлмира табандылығының арқа­сын­да ғылым мен білім саласында жоға­ры нәтижеге қол жеткізіп, миллиардтар еліндегі ғылыми ортада кеңінен танылған. Ол Бейжің қаласының үздік таланттары қатарынан көрініп, жас оқытушылар арасындағы үздік педагог марапатына ие болған. Сондай-ақ Қытай ғылыми-техникалық терминдерді бекіту комитетінің, Бейжің қаласының ғылыми-инновациялық комитетінің мүшесі әрі Чанпин аудандық халық өкілдері жиналысының депутаты ретінде қоғамдық қызметті де атқарады. Сонымен бірге Бейжіңде зертханасы бар санаулы қазақ ғалымдарының бірі.

Оның «Жаңа энергетикалық материалдар» атты оқулығы көрші елде мемлекеттік деңгейдегі үздік курс және Бейжің қаласының үлгілі оқу бағдарламасы ретінде бағаланған. Бұл оның педагогикалық шеберлігі мен ғылыми әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.

Гүлмира Хани – ғылым жолында халықаралық тәжірибесі мол зерттеуші.

Докторлық оқуын жалғастыру барысында ол Ұлыбританиядағы Брис­толь университетінде білім алған. Кейін АҚШ-тағы Northwestern университетінде тағылымдамадан өтіп, ғылыми зерттеулерін тереңдете түсті. Сонымен бірге Аустралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетімен, Ресейдегі Оңтүстік Орал мемлекеттік университетімен бірлескен ғылыми жобаларға қатысқан.

– Бала кезімнен материалдық ғылымға қатты қызықтым. Жоғары мектепке оқуға түскенде материалдық физика мамандығында білім алдым. Сол кезде кей заттарға түскен күн энергиясын басқа заттарға көшіруге болатынын түсіндім. Бұл салаға қызығушылығым осылай басталды. Кейін білімімді жетілдіру мақсатында Англияға барып оқығанымда, сондағы осы саланы терең зерттеген профессорлардың жетекшілігімен өз салам бойынша мол тәжірибе алдым. Осы уақытта жартылай өткізгішті күн астына қойсақ, ол токқа айналатынына көз жеткіздім. Осы бір ұшқын осы саланы терең зерттеуге жетелеп келеді, –дейді ол.

Профессор Гүл­мира Хани қазіргі энергетика саласы үшін маңызды бағыттардың бірі – жаңа буын жұқа қа­батты күн батареялары мен фотоэлектрлік функ­ционалдық материалдарды зерттеумен айналысады. Оның жетекшілігімен 20-дан астам ғылыми жоба жүзеге асты. Ол тәжірибесі мен білімін негіз етіп, осыған дейін 70-тен астам халықаралық ғылыми мақала жариялап, 5 өнертабысына арнаулы патент құқығын алған.

Ғалым білім саласына зор үлес қосып келеді. Бүгінге дейін ағылшын тілінде жарық көрген үш ғылы­ми кітап­тың бас редак­торы. Оның біреуі – Бей­жің қаласының үздік оқу құрал­дарының қатары­на енгізілген. Сондай-ақ оның жетекшілігі­мен сту­денттер ғылы­ми инно­вациялық байқауларда 15-тен астам ұлттық жүлде иеленіпті. Ол құрастырған күн энергиясы туралы ағыл­шынша ғылыми еңбек аз ғана уақыт ішінде Қытайда 10 мың данамен сатылып кеткен. Себебі бұл Қытайда атал­ған сала бойынша шыққан алғашқы оқулық екен. Қазір бұл кітапты Қытайдағы танымал университеттер оқулық ретінде пайдаланады.

Ғылыми-педагогикалық қызметі үшін Гүлмира Хани біраз марапатқа ие болды. Олардың қатарында мемлекеттік педагогикалық жетістік сыйлығының II дәрежесі, Бейжің қаласының педагогикалық жетістіктері үшін арнайы сыйлығы, сондай-ақ жас оқытушылар арасындағы республикалық байқаулардың жүлделері бар.

– Табиғи байлық азайып бара жат­қандықтан, болашақта жаңа энергиядан ток шығару ауқымды үрдіске айналуы әбден мүмкін. Он екі жыл бұрын атажұртқа барып, жаңа энергетика саласында ізденіп жүрген студенттерге дәріс оқығанмын. Шындығында ол кезде біздің айналамыз, қоғамымыз бұл туралы аз білетін. Араға он жыл салып қайта барғанымда, қазақ елінің бұл саланы зерттеуге деген құлшынысы айтарлықтай дамығанына көзім жетті. Айталық, тәжірибеханалар да, мамандар да толысқан. Сонымен бірге жаңа энергия туралы зерттеу жұмысын жазып жүрген жас ғалымдар да көбейген. Олардың халықаралық беделді ғылыми журналдарда жариялаған мақалалары да мадақтауға татиды екен, – дейді профессор.

Гүлмира Ханидің ғылымдағы табысы – білім мен ізденістің, табандылық пен еңбекқорлықтың нәтижесі. Оның халықаралық деңгейдегі ғылыми еңбек­тері жаңа энергетика саласының дамуына үлес қосып қана қоймай, қазақ жастарының ғылымдағы мүмкіндігінің кең екенін дәлелдейді.

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05

Қазақы тағамның қасиеті

Экономика • Бүгін, 08:53