Әдебиет • 17 Шілде, 2017

Латын әліпбиіндегі кітаптар таныстырылды

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қоз­­ғалысы «Men qoldaimyn» деген та­­қы­рыппен түрлі шаралар өткізуді бас­­тап кетті. Қозғалыс мүше­лері ал­­дымен ел­ордадағы Ұлт­тық ака­де­мия­­лық кі­т­ап­­ханамен бір­ле­сіп, ла­тын әліпбиінде шы­ға­рылған кітап­тар­дың көр­­ме­сін өткізді.

Латын әліпбиіндегі кітаптар таныстырылды

Көрмеге латын әліпбиінде жарық көрген 130 кітап қойылды. Олардың арасынан «Әліп­пе­ден» бастап «Химия», «Алгебра», «Био­ло­гия» кітаптарын, мектепке қажет басқа да оқу құралдарын, сондай-ақ, Мұхтар Әуезов, Бейім­бет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сә­бит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Өтебай Тұрманжанов сынды ақын-жазушылардың көркем шығармаларын, балаларға арналған ертегілерді, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс» сынды эпикалық жырларды ұшырастырдық. Жалпы, Ұлттық академиялық кітапхананың кітап қорында 1500-дей латын әліпбиінде шығарылған кітап бар екен. 

Шара барысында «Қазақстан -2050» жал­пы­ұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұх­тар Манкеев көрменің кітапханамен бірлесіп жа­салған алғашқы шара екенін тілге ти­ек етті. Бұл көрмені еліміздің басқа да облыс­та­ры эстафета ретінде жалғастыратынына се­нім артты. 

Қоғам қайраткері, филология ғылым­да­рының докторы, профессор Мырзатай Жол­дасбеков латын әліпбиіне көшу қоғамда қиындық тудырмайтынын атап өтті. Ғалымның айтуынша, латын әліпбиіне көшу туралы ойлар тәу­елсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап оқ­тын-оқтын айтылып келе жатыр. Сондықтан қо­ғам бұған дайын. Бір мәселе – латын жазу­ы­ның ең ыңғайлы, дұрыс нұсқасын таңдап алу. Мырзатай Жолдасбеков сондай-ақ, латын әліпбиінде қайта басып шығаратын кітаптарды ірік­теуде мұқият болу керектігін алға тартты.

Саяси ғылымдар докторы, профессор Камал Бұрханов латын әліпбиіне көшкен елдердің тәжірибесі 2006 жылы елімізде зерттелгенін мәлімдеді. «2006 жылы еліміздегі 5-6 инсти­тут­қа ақша бөлініп, латынға көшкен ел­дердің тәжірибесін зерттегенбіз. Тарих институ­ты осы мә­селенің тарихын зерделеді. Осы мақсатта біз­дің бір топ ғалымдар Түркияға, бір тобы Әзер­байжанға, бір тобы Өзбекстанға іссапарға шық­ты. Олар латын әліпбиіне көшуге байланысты бар­лық мәселелер бойынша зерттеу жүргізді. Қа­зіргі таңда бұл зерттеулер сол кезде осы мәселе бойынша жұмыс жасаған институттарда сақтаулы», деді ғалым.

Айгүл СЕЙІЛ, 
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Орынбай БАЛМҰРАТ
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Жошының жорығы мен жосығы

Мирас • Бүгін, 12:55