Қазақстан Қажылық Миссиясы мен ресми туроператорлар қатысқан басқосуда биылғы қажылық сапарының басты талаптары мен қауіпсіздік мәселелері пысықталды.
Жиынды ашқан Миссия төрағасы Кенжетай Байкемелұлы биылғы қажылықтың басты мақсаты – отандастарымыз үшін қажылықты рухани мазмұнды әрі ұйымдастыру жағынан мінсіз өткізу екенін атап өтті. Қасиетті сапардың барынша қолайлы әрі қауіпсіз болуы үшін бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілмек.
Қажылық сапары: Ел азаматтары үшін қауіпсіз әуе бағыттары ұйымдастырылады
ҚМДБ туроператорларға ескерту жасады
Биыл қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған 14 отандық туроператор басшылығына Қазақстан және Сауд Арабиясы тарапының қажылық маусымына байланысты бірқатар маңызды ескертулері мен талаптары түсіндірілді. Солардың ішінде әрбір қажы Қазақстан аумағынан тек ресми туркодпен шығуы керек. Бұл шаралар қажылық арнасында заңсыздықты алдын алуға бағытталған.
Сондай-ақ, қазақстандық квотамен өзге ел азаматтарын қажылыққа апарғандарға Қазақстан және Сауд Арабиясы тарапынан заңды шаралар қолданылады. Қажылықты тек мемлекеттік лицензиясы мен ҚМДБ рұқсаты бар компаниялар ғана жүзеге асырады. Бұл іс-әрекеттер қажылардың құлшылығын тыныш әрі реттелген жағдайда өткізуге жағдай жасайды.

«Qajy Guide» мобильді қосымшасы таныстырылды
Жиын барысында қажыларға арналған «Qajy Guide» мобильді қосымшасының жұмысы таныстырылды. Бұл сервистік жүйе қажыларға сапар барысында ақпараттық және техникалық көмек көрсетуді жеңілдетпек. Сонымен қатар, қажылардың міндетті вакцинациялануы мен денсаулық сақтау хаттамаларының орындалуы бақылауға алынды.