06 Ақпан, 2017

Шекаралық аудандар: бірі озып, бірі тозып тұр...

12 мин
оқу үшін

«Газеттен «үй сатамын» деген хабарландыруды көрген сайын жүрегім ауырады», дейді Катонқарағай ауылының тұрғыны Жәнібек Қызыр. «Жыл сайын мектеппен қош­тасып кетемін, жыл сайын қайтадан шақырып алады. Орнымызға жас маман келсе жақсы болар еді. Біз қашанға дейін жұмыс істейміз?» дейді шалғайдағы Марқакөлдің Төс­қайың ауылының тұрғыны, зейнеткерлік жасқа келсе де, мектепте математика пәнінен дәріс беріп жүрген мұғалім Сәуле Тұратауова. Бұл – бұрынғы шекаралық аудандардағы түйіні тарқамаған көп мәселелердің бір парасы ғана.

Шекаралық аудандар: бірі озып, бірі тозып тұр...

Жастары жоқ ауылдар

Ресей, Қытай, Моңғолия секілді үш бірдей мемлекетпен шектесіп жатқан Катонқарағай ауданында шешімін таппаған мәселелер аз емес. «Біздің жақта қыс ұзақ» деп Орал­хан Бөкей жазғандай, алты ай қыты­мыр қысы, ақырған аязы бар Алтайдағы халық санының жылдан жылға азайып бара жатқаны жайында көп айтылып жүр. Басқа басқа емес, дәл шекараның түбіндегі ауылдар­дың көпшілігінің жер бетінен жойы­лып, сау тұрғандарында саусақпен санар­лықтай тұрғындардың қал­ғаны жер­гілікті жұртты алаңдатып отыр.

Ел ішіндегі мәселелерге бейжай қара­майтын аудандағы зия­лы аза­мат­тардың бірі Жәнібек Қызыр­дың айтуынша, қазіргі уақытта Катон­қарағай өңірінде бір кездегі 28 мың халық 12 мыңға дейін кеміп, шекараға жақын Талды, Қарайрық, Маралды ауылдарының үңірейген орны ғана қалған, Ақшарбақ, Шұ­ба­р­ағаш, Бекалқа, Мойылды, Сөгір, Қайыңды, Ақмарал ауылдары да құрудың аз-ақ алдында тұр. Бала туу көрсеткіштері де көңіл көншітпейді.

– Катон дегеніңіз жердің жәннаты ғой. Осындай жерұйық мекенде қазір қарттар ғана қалып барады. Жас­тардың бәрі қала жағалап кетті. Халықтың үдере көшуі әлі ты­йыл­май тұр. Солтүстігімізде емі­ніп Ресей, шығысымызда телмі­ріп Моң­ғолия, оңтүстік-шығысымызда тебініп Қытай тұр. Катонқарағайды иен қалдыру мемлекетіміздің қауіпсіздігін әлсірететін жағдай екендігін сезінетін шақ келді. Қытай мемлекеті бізге іргелес Шыңжаң аймағына өз халқын барынша топ­тас­тырып жатқанда, Ресей Алтай өлкесінің тұрғындарын қайткен күнде ұстап қалу үшін бар жақсылықты жасап отырғанда шекарамызды жалаңаштап тастауымыз жарамас, – дейді Катонқарағай ауданының құрметті азаматы Жәнібек Қызыр.

Катонқарағай мен Ресейдің Алтай өлкесіне қарасты Қосағаш – бір таудың бауырын жайлаған, ауылы аралас, қойы қоралас аудандар. Алайда, таулы аймақтағы екі аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайлары екі түрлі. Қоңсы қонған соң екі арада алыс-беріс, барыс-келіс болмай тұрмайды. 12 мың қазақ тұратын Қосағашта болған катондықтар мұндағы тұрғындардың жалақысына 90 пайыз үстеме қосылатынын, отын түсіру­ге мемлекеттің жәрдемдесетінін, әйелдер – 50, ер адамдар 55 жаста зей­неткерлікке шығатынын айтады. Сонымен қатар, Қосағашта 25 жыл тұрған адам Ресейдің кез келген жері­нен жеңілдікпен пәтер алатын көрінеді. Шекараны 8 бірдей күштік құрылымдар қызметі күзетеді. 2014 жылы сол өңірге сапарлап қайт­қан Үлкен Нарын ауылындағы аудан­дық мұражайдың директоры Орал­ғазы Қажаев осындай жеңілдік­тер Катонқарағай мен Марқакөл­дің тұрғындарына да жасалса, тау­лы аймақтың қиындығы ескері­ліп, ерекше мәртебе берілсе дейді.

Жүйкені жұқартқан жолдар

Марқакөлде де мәселе аз емес. Соның ішіндегі ең үлкені – жолдың нашар­лығы. Әсіресе, бұрынғы Марқа­көл ауданының орталығы болған Терек­­тіден Қытаймен шекаралас Төс­қайың, Шанағаты ауылдарына дейін­гі 100 шақырымға жуық қара жол тұрғын­дар­дың жүйкесін жұқартып жүргелі қай заман?! Жүйкесі тозбағанда қайтеді, айнал­дырған 100 шақырымға 4-5 сағат алтын уақыттарын сарп етсе. Ал Өс­­ке­­меннен Төсқайыңға дейінгі 450 ша­қы­рым жолды 10 сағат, ауа райы бұзыл­ған жағдайда 15 сағатқа дейін жүру­г­е мәжбүр.

Қыстың көзі қырауда жол жабылса Марқакөлге жету мұңға айналады. Жол қиындығы өзге де мә­селелерді тудырып отырған жайы бар. Жас мамандардың бұл жақтағы ауыл­дарға барғысы келмеуінің көп себеп­терінің бірі осы – жол. Бұған ұялы бай­­ланыстың жоқтығын қосыңыз. Төс­­қайың ауылында 2015 жылы 5 зей­нет­кер мұғалім жұмыс істесе, биылғы оқу жылында 3 зейнеткер ұстазбен келісімшарт жасалған екен. Күршім ауданына қарайтын Мар­қа­көлдің шекараға жақын ауыл­дарында да халық санының аза­йып бара жатқаны байқалады.

Қазір Балық­тыбұлақта – 15, Бұғымүйізде – 23, Шанағатыда – 30, Төсқайың­да 110 отбасы тұрып жатыр. Қытай­мен шекарадағы аумақты Марал­ды, Балықтыбұлақ, Көкжота секілді үш шекара заставасы күзетеді. Кезін­де Марқакөл өңіріндегі Қаба кең­­шарының директоры, Бобровка ауылдық кеңесінің төрағасы, Марқа­көл қорығының директоры секілді қыз­меттер атқарған, бүгінде орман­шы болып еңбек етіп жүрген, осы өңір­ді бес саусағындай білетін Есенгел­ді Нәзбиев көрші елмен шекара­дағы зас­таваларға тиісті деңгейде жағ­дай жасалмай отырғанын жеткізді. Жер­гілікті жердің жағдайына қанық азамат 800 шақырымға жуық аумақ­қа жауапты застава басшылығы­на училище бітірген лейтенант шенін­дегі тәжірибесіз жас­тардың келіп жат­қанына алаң­дау­шылығын білдірді. Оның айтуын­ша, бұрын мұн­дай қызметке шекара заставаларын­­да жұмыс істеген, көрген-түйгені мол адам­­дар тағайындалған. Жоғарыда Катонқарағаймен ше­кара­дағы Қосағаш жайында айттық.

Мар­қакөлмен шекаралас Қытайдың ауылдары да Қосағаштағыдай иін тіре­сіп отыр. Ауылдары ауыл емес, шағын қала секілді. Марқакөлге барған бір сапарымда бұған өзім де куә болған едім. Жолдары сайрап, іші-сырты жайнап тұрған бұл жерге жыл сайын Қытайдың ішкері жағынан туристер ағылып келетін көрінеді. Кеңес заманында Тарбағатай, Марқа­көл, Қатонқарағай, Күршім өңір­лерінде басшылық қызметтер атқар­ған, 10 жылға жуық Тарбағатай аудан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы бол­ған Сайлаухан Аухадиев шекаралық аудан­дарды мықтап қолға алатын кездің әлдеқашан жеткенін айта­ды. Шекарадағы халық өзге өңірге көш­пеуі үшін Үкімет қосымша дотация төлеуі керек дейді қоғам қайраткері.

– Мұғалімі бар, малшысы бар, дәрі­гері бар, қысқасы, бүгінде ше­кара­­лық аудан­дарда тұрып жатқан ха­лық­тың бар­лы­ғына өтемақы беру керек. Осындай аудан­дарға келген жас мамандардың жала­қы­сын екі есе өсіру қажет. Үкімет шы­ғын­нан қашпауы ке­рек. Өйткені, елдің қауіп­сіздігі, ұлт­тың тұтастығы бәрі­нен де қымбат, – дейді Сайлаухан Аухадиев.

Ауыл шаруашылығын бес сау­са­ғын­дай білетін Сайлаухан Аухадиев­тің айтуынша, шалғайдағы ауыл­дар­дан облыс орталығына мал әке­летін тұрғындардың өнімдерін жоға­ры бағамен қабылдаудың тетігін ойлас­тыру қажет. «600 шақырымнан келетін Тарбағатай мен облыс орталығына 10-20 шақырым жердегі Ұлан ауданының тұрғындарының әкелген етін бір бағамен қабылдайды. Әділеттілік бар ма? Алыстан артынып-тартынып келгендер шығынға батады, жақын аудандар пайдаға кенеледі», дейді қоғам қайраткері. 

Кедендегі кедергілер

Қытаймен шекарадағы Мақаншы өңірінде де халық саны азайғанымен, ауылдардың көпшілігі сақталған. Мұндағы мәселе – жастардың аздығы. Жұмыс істегісі келген жастар­дың алды­нан шығатын кедергілердің көп­тігі. Бір мысал. Осыдан біраз уақыт бұрын Мақаншыда тұратын 3 жігіт «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы-2020» бағдарламасы арқылы мем­ле­кеттен ақша алып, кірпіш зауытын салмақшы болып, сол ақшаға Қытай­дан құрал-жабдықтар сатып әкеліп­ті. Мәселе Қытай шекарасынан аман-ес­ен өтіп, өзіміздің елдің кеденіне кел­­ген­­­­­де басталыпты. Әлгі жігіттер бір жарым жылдан бері әкелген дүниелерін бері өткізе алмай әуре-сарсаңға тү­сіп жүрген көрінеді. Өйткені, екі есеге дейін баж салығын төлеу керек екен. Қытайда бір миллион теңге тұра­тын, жұрт «қыт-қыт» деп атайтын шағын тракторды кеденнен өткізу де мақан­шылықтардың бас ауруына айнал­ғандай. Кезінде комсомолда, партияда басшылық қыз­мет­тер ат­қар­ған, бүгінде Мақаншы ауы­лын­да тұратын Әмірғазы (Әбіш) Ахмет­беков ақсақал осындай кедергілерге тап болып, тауы шағылып жүрген жас­тардың ауылда көп екенін айтады. Ақсақал ауыл халқының қартайып бара жатқанына, іргедегі Қытайдың шекараға құмырсқадай қаптап, қала салып жатқанына алаңдайды.

– Бұдан кейін жастар ауылда қайдан тұрақтасын?!Сондықтан шекаралық аудандардағы тұрғындарға кедендік салықтарды төмендетіп, жеңілдіктер қарастыру қажет шығар. Керек бол­са, шекарадағы әрбір ауылдың тұрғы­нына субсидия беру мәселесін де ойлас­тыратын уақыт жеткен секілді. Шека­ра­ны нығайтып, мықтырақ ұстаған дұрыс қой, қандай заман болса да. Халық дегеніңіз – қара орман, иін тіресіп, қызу өмір қайнап жатуы керек қой шекара­да. Қазір Қытай Қазақстанның шекара­сынан 15-20 шақырым жерде 350 мың халық тұратын қала салып жатыр, – дейді Әмірғазы ақсақал.

Жұрт не дейді?

Еркін Нұразхан, суретші: – Ел іргесін бекітіп, нығайтайық десек шекара қызметіндегі әскер­дің санын арттырып, сапасын жақсарт­у өз алдына, олардың арқа сүйер халқын қайтадан өз орнына қондыру, яғ­ни шекаралық аудандарды қалпы­на келтіру ісі әбден пісіп-жетілген­дей. Кеңес кезіндегідей шекара­лық аудан­дар­да тұрып, еңбек ете­тін бюджеттік қызметкерлерге 50-70 пайыз қосымша еңбекақыларын тағайындап, жұрттың туған жеріне оралуына мүмкіндік жасау керек сияқты. Мектептер, балабақша­лар, мәдениет мекемелерін қалпына келтіріп, халықтың әлеуметтік қажет­тіліктерін өтеуге бар жағдайды жаса­ған абзал болар.

Базарбек Омаров, 1978-1987 жыл­дар­дағы Тарбағатай аудандық ат­қару комитетінің төрағасы: – Шекаралық аудандар мәселесіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлу керек. Шекараға жақын, облыс орталығы­нан шалғай ауылдардағы халықтың малын ауданның өзінде қабылдау­ды ұйым­дастыру қажет. Ауылда мал­дан басқа не бар? Қырдағы халыққа обал ғой. Ақ-адал еңбегімен өсірген малын алып­­сатарлар келіп, арзан бағаға алып кетеді. Бұрын «заготконтора» деген ме­кеме болған. Бәлкім сондай меке­ме­­лерді қайтадан ашу керек шығар. Шекара­мыз қауіпсіз болсын десек, онда­ғы халықты сақтаймыз десек, осын­дай қадамдарға батыл түрде баруымыз қажет. Жоғарыда айтылғандардан шы­ға­тын қорытынды біреу – шекара­лық аудандардағы халық санын арт­тыру үшін мемлекет тарапынан ар­найы бағдарлама қабылдайтын уақыт жеткен секілді. Өңірдегі жұрт Ел­ба­сының Үкіметтің өкілеттілігін кеңей­ту жөніндегі Үндеуі шекарадағы аудан­дардың мәселесін шешуге оң ықпал етеді деп үміттенеді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар