Ведомствоның хабарлауынша, ШҚО-да су тасқынына байланысты «Семей-Қайнар» 7-166 шақырым (27 шақырымды су басты) жолында көліктің барлық түріне жол жабылды. Жолаушылар учаскені «Семей-Қарауыл» жолы арқылы айналып өтеді.
Жаңбыр және қардың жаппай еруінен кей өзендердегі су деңгейі үнемі көтерілуде. Дегенмен, жағдай тұрақты. ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған департаменттің жедел штабы тәулік бойы кезекшілік жүргізеді.
Семейдегі күрделі ауа райы жағдайында «Өрт сөндіру және апатты құтқару жұмыстары қызметінің» күштері өтпе жол мен жеке тұрғын үй аумақтарындағы қар суларымен күрес жүргізуде. Жер асты суларынан 5 мекенжайда жертөле мен жер телімдерін су басу қаупі туындады. Семейдің 46 өрт сөндірушісі ТШҚ-мен бірлесіп, барлығы 40 мың текше метр су тартып шығарылды.
Синоптиктердің айтуынша, ШҚО-да жаңбыр суларының тасу қаупі әлі сақталады. Су деңгейі көтерілген жағдайда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды 112 нөміріне хабарлауды сұрайды.