Қостанай облыстық филармониясының белді әншісі, облыстық «Меценаттар клубы» сыйлығының лауреаты Гүлнәр Үсенова жеке концертін берді. Бағдарламаның тек қазақ әндерінен тұруы әнші концертінің ерекшелігі болды. Еркеғали Рахмадиевтің шалықтаған «Таң самалы» әнінен бастап, Шәмші Қалдаяқовтың, Ескендір Хасанғалиевтің әндерімен көмкерген әнші тыңдарманын халық әндерімен де сусындатты. Ойнақы айтылатын «Маусымжан», «Ақ дариға», «Серіппелі сем-сем» әндерін зал жақсы қабылдады. Сонымен қатар, барлық иірімдерін келтіре, нақышымен шырқаған атақты «Алтын Алтай» әні Гүлнәр әншілігінің шыңы іспеттес еді.
«Гүлнәрдің шырқауындағы барлық ән бір төбе, «Алтын Алтай» бір төбе секілді болды маған. Оны шырқағанда Гүлнәрдің драмалық сопрано дауысының барлық бояуы ерекше естіледі», – деді концертке келген тыңдарман Мәрзия Есқазина.
Гүлнәр концертінде тек қазақ халық әндері мен қазақ композиторларының ғана әндерін шырқаған жоқ, қазақ операларынан да ариялар айтты. «Ер Тарғын» операсынан Ақжүністің, «Айсұлу» операсынан Айсұлудың ариялары Гүлнәрдің орындауында қазақ әйелдерінің операдағы бейнесін аша түскендей болды. Концерт соңында сөз алған Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының директоры Лариса Сероус Гүлнәрға рақмет айта отырып, оның шығармашылығына зор табыстар тіледі.
Сонымен қатар, Гүлнәрдің ән өнеріндегі тынымсыз еңбегін, өзіндік ерекше дауысын көрермен әрдайым күтіп отыратынын жеткізді.
Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»