Фото: pexels
Реттеудің нақты әсері
2025 жылдың қорытындысы бойынша халыққа берілген несиелер көлемі 19,8%-ға өсіп, 24,8 трлн теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш: 2024 жылы өсім 23,9% болған еді. Ең айқын баяулау тұтынушылық несиелер сегментінде байқалды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, тұтынушылық несиелер бір жылда 21%-ға өсіп, 16,7 трлн теңгені құрады. Ал бір жыл бұрын бұл өсім 33,5%-ға жеткен. Ерекше назар аударарлық жайт – кепілсіз несиелердің динамикасы. Олардың өсу қарқыны 2024 жылғы 29,3%-дан 2025 жылы 14,5%-ға дейін, яғни 2 есеге жуық төмендеді. Ал жаңадан кепілсіз қарыз беру көлемі 22,6%-дан 6,1%-ға дейін күрт қысқарды.
Реттеуші органдар мұны қарыз алушыларға қойылатын талаптардың күшеюі, борыш жүктемесін шектеу және ақша-несие саясатының параметрлерін өзгерту сияқты шаралардың тікелей нәтижесі деп түсіндіреді.
Сонымен бірге тұтынушылық несие беру толық тоқтаған жоқ. 2025 жылы сегмент өсіміне автонесиелер айтарлықтай үлес қосты. Олардың көлемі 42,4%-ға артып, 4 трлн теңгеге жетті. Бұл автонарықтағы сұраныстың жандануын көрсетеді. Ипотекалық несиелер де 14,6%-ға өсіп, 6,9 трлн теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығына жеңілдікпен берілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты
Бизнеске басымдық
Халыққа несие беру саябырсыған тұста банктер экономиканы қаржыландыруды күшейтті. 2025 жылы экономикаға берілген несиелер 19,1%-ға өсіп, 40,2 трлн теңгеге жетті. Бұл банк секторындағы активтердің ұлғаюына негізгі қозғаушы күш болды.
Кәсіпкерлік субъектілеріне берілген қарыздар 18%-ға өсіп, 15,4 трлн теңгені құрады. Бұл 2007 жылдан бергі ең жоғары өсім. Негізгі үлесті ірі бизнеске берілген несиелер қамтамасыз етті: 27,1%-ға өсіп, 5,5 трлн теңгеге жетті. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге берілген несие 35,6%-ға ұлғайып, 3,1 трлн теңгені құрады.
Ал шағын және орта бизнеске берілген несиелер 5,7%-ға өсіп, 6,8 трлн теңгемен шектелді. Реттеушілер мұны ШОБ-тың қаржылық шарттардың қатаюымен, мемлекеттік қолдау тетіктерінің қайта қаралуымен және балама қаржыландыру көздерінің болуымен байланыстырады.
Несие өсімі өнеркәсіп, сауда, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларын қоса алғанда, экономиканың барлық дерлік секторында тіркелді. Бұл инвестициялық белсенділіктің сақталып отырғанын аңғартады.
Қару асынғанға – қарыз жоқ: Сарбаздарға несие беруге неге тыйым салынбақ?
Ұлттық банк: Ескертуден нәтижеге дейін
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылдың бастапқы тұсында-ақ тұтынушылық несие беру нарығының шамадан тыс ұлғаю қаупін ашық айтқан. Үкіметтің 28 қаңтардағы кеңейтілген отырысында ол халықты несиелеу өсімі 24,4%-ға, ал тұтынушылық несиелер 33,5%-ға жеткенін атап өткен еді.
Осыдан кейін қаржы реттеушілері, Үкімет пен Парламенттің бірлескен бастамасымен қарыз жүктемесін тежеуге бағытталған заң қабылданды.
«Халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу үшін несие бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды. Коллекторларға қарыз беруді 2 жылға шектеу енгізілді. Тұтынушылық несие берудің ең жоғары сомасы белгіленді және қарыз алушының борышын шектейтін жаңа норматив енгізілді», деген еді Тимур Сүлейменов.
Қазір бұл шаралардың нақты нәтиже бере бастағаны байқалады. Тұтынушылық несие берудің өсу қарқыны төмендеп, нарық біртіндеп теңгерімді сипат ала бастады. Бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға және экономиканы ұзақмерзімді негізде қолдауға мүмкіндік береді.