Ата заң • Бүгін, 17:05

Конституциялық реформа жастарға қандай мүмкіндіктер ұсынады?

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласында Қазақстан жастарының конгресі ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа: жастар үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға жастар ұйымдарының өкілдері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысып, Негізгі заңды жаңғыртудың мазмұны мен оның жастар өміріне ықпалы талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Конституциялық реформа жастарға қандай мүмкіндіктер ұсынады?

Кездесу барысында Конституциялық реформаның негізгі ережелері, жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, азаматтық белсенділікті арттыру, сондай-ақ шешім қабылдау үдерістеріне жастарды кеңінен тарту мәселелері сөз болды.

Іс-шараны ашқан Конгрестің атқарушы директоры Бақдаулет Жанділдаев қазіргі кезеңнің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда Конституциялық реформа жүзеге асып, Конституцияның жаңартылған мәтіні кең қоғамдық талқылауға ұсынылған. Жаңа редакциядағы Негізгі заң әлеуметтік мемлекет қағидаттарын күшейтіп, барлық азаматқа, соның ішінде жастарға да білім алу, еңбек ету және өзін-өзі дамыту салаларында тең мүмкіндік беруге бағытталған.

Заңгерлер жаңа Конституцияның тұжырымдамасын талқыға салды

Дөңгелек үстелде Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық құрылтайы мүшесі Зұлфұхар Ғаипов сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасының әзірлену барысына тоқталды. Оның айтуынша, құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды кешенді талдау және ашық қоғамдық талқылау нәтижесінде дайындалған.

«Кейінгі жылдары елімізде «Әділетті Қазақстан» идеясын іске асыру үшін саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Бұл өзгерістердің өзегі – халықтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей әрі мазмұнды қатысуын қамтамасыз ету», деді ол.

«БАЙТАҚ» партиясы «Экология және адам денсаулығы» ұғымын мемлекеттің базалық құндылығы ретінде бекітуді ұсынды

Өз кезегінде «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі Нұрасыл Бекматов Конституциялық өзгерістердің азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпалын атап өтті. Ол жастар арасында экологиялық мәдениетті дамытудың маңызын айта келіп, «Таза Қазақстан» бастамасына ерекше тоқталды.

«Экологиялық мәдениет заңмен ғана емес, ең алдымен сана мен тәрбие арқылы орнығады. Жастар «Таза Қазақстан» сияқты бастамаларға қатысу арқылы қоршаған ортаны қорғауға және туған жерге жанашырлық танытуға нақты үлес қоса алады», деді спикер.

Вице-президент және Халық кеңесі: Жаңа Ата Заң жобасы Варшавада таныстырылды

Жиында Конституциялық реформаның идеологиялық негіздері де талқыланды. Бақдаулет Жанділдаев Конституция Преамбуласының маңызын атап, дәл осы бөлім Негізгі заңның құндылықтық және мазмұндық бағытын айқындайтынын айтты. Оның пікірінше, жаңартылған Преамбулада тарихи жолын терең түсінетін, болашаққа нық қадам басқан, жауапты Қазақстанның бейнесі айқын көрінеді. Бұл түзетулер формалды сипаттағы өзгеріс емес, қоғам сұранысы мен уақыт талабынан туған саналы тарихи таңдау.

Парламенттің 90%-ы қазақша сөйлейді: Депутат Мемлекеттік тіл заңнамасын жетілдіру қажет екенін айтты

Сондай-ақ «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлімінің жетекшісі Арайлым Сапарали Конституцияның мемлекет пен қоғам дамуының негізі екеніне тоқталды.

«Конституция – еліміздің негізі. Қоғам дамыған сайын заң да заман талабына сай жаңарып отыруы қажет. Ұсынылып отырған реформа әділдікке, заң үстемдігіне және ашық мемлекет құруға бағытталған. Референдум – халықтың, соның ішінде жастардың да, өз таңдауын жасауына мүмкіндік. Жастар бейжай қалмай, белсенділік танытып, бұл үдерістерге жауапкершілікпен қарауы тиіс», деді ол.

Дөңгелек үстел аясында «сұрақ-жауап» форматында ашық пікірталас өтіп, қатысушылар құқықтық және әлеуметтік бастамалар жөнінде ой бөлісті, Конституциялық өзгерістер жағдайында жастар саясатын одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38