Қысқы спорт • 03 Сәуір, 2017

Полторанин турнирінде Полторанин бірінші келді

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

​«Ат тұяғын тай басар» деген осы болар. Риддер қаласында әлем чемпиондары Алексей Полторанин мен Сергей Черепановтың жүлдесі үшін шаңғыдан өткен ел біріншілігінде Евгений Полторанин 800 метрде алдына жан салмады.

Полторанин турнирінде Полторанин бірінші келді

Осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған бұл турнир дәстүрлі түрде әйгілі шаңғышылардың отаны саналатын Риддерде ғана өтеді.

Биыл дүбірлі додаға 250-ге жуық спортшы қатысты. Шаңғышылар 14 топқа бөлініп, жас ерекшеліктеріне қарай сайысқа түсті. Қар үстіндегі қан қыздырар бәсекені атақты шаңғышы Алексей Полтораниннің өзі де тамашалады.

-Бурабайда Владимир Смирновтың жүлдесі үшін өтетін турнирді бұрын біз де асыға күтетін едік. Сол сайысқа қатысып, жүлдегер болдық, жеңімпаз атандық. Біздің құрметімізге ұйымдастырылып жатқан бұл шара еліміздегі шаңғы спортының дамуына тың серпін береді деп ойлаймын, - дейді шаңғышы.

Сайыс соңында жеңімпаздарды әлем чемпиондары Алексей Полторанин мен Сергей Черепанов марапаттады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 800 метрде бірінші келген Алексей Полтораниннің ұлы Евгений Полтораниннің жасы небары сегізде. Айтпақшы, бұл жарысқа ең жасы кіші шаңғышы ретінде Алексейдің қызы Кристина да қатысты.

Азамат Қасым,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38