03 Сәуір, 2017

Жоңғар дулығасы

880 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ тарихындағы ең бір қилы кезең жоңғар шапқыншылығы болса керек. Не болу, не бордай тозу мәселесі қабырғадан қойылып, ұлт ретінде жо­йыл­ып кету қаупі туындаған сындарлы сәт ретінде тарих жадында қалды.

Жоңғар дулығасы

Түрлі шығармалар мен фильмдерде қазақ-жоңғар соғысының үнемі көрініс беріп отыратыны да сондықтан шығар-ау. Дегенмен, осындай қиын-қыстау кезеңнен біздің ел аман-есен өтті. Бірақ жоңғар жұртына ондай бақыт бұйырмапты. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған «Жоңғар дулығасын» ең алғаш көргенде алдымен ұлтымыздың жойылып кетпей, азат күнге аман жеткенімізге шүкіршілік еттік.

Ал енді мынау «Жоңғар дулығасы» деген не? Айтайық. Бұл дулыға 1968 жылы музей қорына өткізілген. Бірақ мұндай құнды жəдігердің қайдан келгендігі, кімнің әкелгені белгісіз. Зерттеуші мамандар дулығаның ХVІІІ ғасырға жататынын, оның жоңғарларға тəн дүние екенін айтады. Ерекше əдіспен жасалған дулыға қалың матадан тігілген. Бас киім үлгісі күлəпара тəрізді. Дулығаның жалпы пішіні төртке бөлініп, алдыңғы екі жағына айдаһар, артқы екі бөлігіне феникс құсының бейнесі бейнеленген. Маңдайында өсімдік тəрізді диадемамен бедерленген тілшесі бар.Үш-төрт ғасырлық тарихты бойына жиған дулыға сонысымен-ақ келушілердің назарын өзіне аударып, қызығушылығын арттырады. Біздің білуімізше, Қазақстандағы басқа бірде-бір музейде мұндай дулыға жоқ. Сондықтан бұл дулыға соңғы кездері ғалымдардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр.

Музей қорына белгісіз жағдайда түскен тағы бір аса құнды экспонаттардың бірі – шиті мылтық. Ортаазиялық мылтықтың бір түрі болып саналатын мылтықтың да музейге қалай келгені белгісіз. Десек те, кейбір деректерде бұл мылтықтың түрі Бұқарада соғылғаны, ал қаруды Сыр өңірінің қазақтары пайдаланғаны туралы деректер кездеседі екен. Осындай мінәйі себептерден соң оны «Қоқан мылтығы» деп те атайды. Мұны тарихшылардың өзі растайды. Кезінде құны өте қымбатқа бағаланған экспонат музей қорына 1958 жылы өткізілген. Құндағы ағаштан жасалып, Шығыс елдеріне тəн оқпантайдың ішкі жағы алты қырлы етіп темірден соғылған қарудың ұзындығы 150 сантиметр. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде бұдан да басқа құнды дүниелер жетерлік. Тарихи жәдігерлердің мұрагеріндей болған музей қорында жалпы саны 55416 зат сақтаулы тұр. Оның ішінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде ескі қалашықтардан табылған түрлі көне қолжазбалар, кітаптар, қару-жарақтар бар.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА



Соңғы жаңалықтар

Шерхан және Гамлет

Өнер • Бүгін, 15:25

Алматы маңында жер сілкінді

Алматы • Бүгін, 15:02