Тараз қаласы прокуратурасының жүргізген сараптамасы қалада ұзақ уақыттан бері есірткі саудасымен айналысқан тұрақты қылмыстық топты анықтады. Талдау нәтижесіне сәйкес, Жамбыл облысы прокурорының жеке бастамасына орай, жедел іздестіру шаралары қолға алынып, 18 наурыз күні күдіктілердің тұрғын жайларына тінту шаралары жүргізілген болатын. Нәтижесінде қылмыстық топ жетекшісі мен оның 8 сыбайласы жалпы құны 2 миллион 500 мың теңге тұратын 2,5 келі героин есірткісімен ұсталды.
Қазіргі уақытта барлық күдіктілер сот санкциясымен сотқа дейінгі тергеу шаралары үшін қамауға алынды. Ал қылмыстық істі анықтау, тергеу облыстық ішкі істер департаментінің Тергеу басқармасына тапсырылған. «Құқық қорғау органдарының барлық күші ұйымдасқан қылмыстық топтармен күреске бағытталуы тиіс», деді бұл мәселе жөнінде облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов.
Жалпы, 2017 жылдың басынан бері 225 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның 96-сы есірткі қылмысы болса, қалған 129-ы қылмыстық теріс қылық болып саналады. Есірткі заттарын өткізу дерегі бойынша 47, аса ірі көлемдегі есірткі заттарын сақтау дерегі бойынша 42 қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз айналымнан 520 келі есірткі заттары тәркіленген. Бұл туралы есірткі сақтаумен айналысқан қылмыстық топты ұстау дерегі бойынша облыстық ішкі істер департаментінде өткен жиында айтылды.
Облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ералы Егембердиев баспасөз брифингінде Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және Жергілікті полиция қызметтерімен тығыз әрекеттесе отырып, есірткі бизнесінің алдын алуда бірқатар кешенді шаралар жүргізуде екенін атап өтті.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы