Аймақтар • 03 Сәуір, 2017

Көктемгі егіске әзірлік барысы

260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктем шығып, көк көтерілгелі өңірлерде көктемгі дала жұмыстарына дайындық қыза түседі. Биыл да Жамбыл облысында науқанға әзірлік уақытында басталды. Ал оның барысы қандай? Асыраушы саланың биылғы жылғы көрсеткіші қай деңгейде?

Көктемгі егіске әзірлік барысы

Облыс бойынша ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы алқаптардың көлемі 4,6 миллион гектарды құ­рай­ды. Облыс әкімдігі ауыл ша­руа­­­­шылығы басқармасының мә­лі­м­етінше, ағымдағы жылдың өні­мі үшін егіс алқаптарының құры­лы­мын әртараптандыруға сәйкес ауыл­ша­руашылық дақылдарының егіс көлемі 608,8 мың гектар болады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,6 мың гектарға немесе 2,6 пайызға артады. 

Сонымен қатар, егіс алқаптарын әртараптандыру да сала үшін маңызды мәселе. Бұл мақсатта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 257,6 мың гектар, майлы дақылдар – 87,7 мың гектар, қант қызылшасы – 9,0 мың гектар, картоп – 8,7 мың гектар, көкөніс – 26,1 мың гектар, бақша 10,7 мың гектар және мал азығы 208,0 мың гектарға орналасатын болады. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытып қана қоймай, өңір экономикасын көтеруге де негіз болатыны анық. Сондай-ақ, шаруалардың игілікті ісіне бастау бола алады.

Ал ағымдағы жылдың өнімі үшін егілетін ауылшаруашылық дақылдарына 325,6 мың гектар сүдігер көтеру жоспарланса, бүгінде нақ­ты­ көтерілгені 214,7 мың гектарды құрады. Бұл міндет жалпы облыс бой­ынша 65,3 пайызға орындалған. Сондай-ақ, аудандардың берген мәліметі бойынша, биылғы жылдың өніміне егілетін жаздық дәнді және майлы дақылдардың тұқымы толық жеткілікті. Енді облыста жерден көл-көсір өнім алу мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал жерге егілетін тұқымның сапасы мен қолжетімділігі қандай?

– Жаздық арпа бойынша қажетті 22,0 мың тонна тұқым, ал мақсары дақылына қажетті 2,34 мың тонна тұ­қым қолда бар. Яғни, арпадан 100 пай­ыз және мақсарыдан 98,1 пайыз қамтамасыз етілген. Жүгерінің бірінші ұрпақ будан тұқымдарының 1 килосы Алматы облысынан 800-900 теңгеден сатып алынуда. Бүгінгі күнге дәндік жүгерінің қажеттілігінің 66,0 пайызға жуығы қамтамасыз етілсе, қалған қажеттілік бойынша «Будан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу институтымен келісім жүргізілуде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­ма басшысының орынбасары Еркебұлан Анабеков.

Міндетті сақтандыру да маңызды мәселелердің бірі. Өткен жылы егілген 259,4 мың гектар жаздық егіннің небәрі 22,8 пайызы ғана сақтандырылған. Талас ауданы 60,2 пайыз егістікті сақтандырып жоғары нәтижеге қол жет­кізсе, өзге аудандардың сақ­тан­дыру көрсеткіштері 40 пайызға да жетпеген. Енді ағымдағы жылғы өнімге егілген 106,6 мың гектар үздік бидайдың 56,7 мың гектары сақтандырылған. Бұл көрсеткіш облыс бойынша 53,1 пайызды құрайды. Су үнемдеу технологияларын қолдану барысында да кеткен кемшіліктер бар. Мәселен, өткен жылы су үнемдеу технологиясының егіс алқабына енгізу көлемі облыс бойынша 11974 гектарға жеткен. Осы бағытта Шу, Қордай, Жуалы, Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандары жақсы жұмыс істеп отырғандар қатарынан көрінсе, Сарысу және Талас аудандарында жұмыс төмен деңгейде атқарылған. Тіпті Мойынқұм ауданында бұл жұмыстар мүлде қолға алынбай отыр екен.

Жұмыстың өнімділігі мен нәтижесі техниканың дайындығына тікелей байланысты. Осы тұрғыда облыстағы 5751 трактордың 5175 данасы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін дайындық сапына қойылған. Оның ішінде доңғалақты тракторлардың дайындығы 91 пайызды құрап отыр.

Бүгінде Үкімет тарапынан облысқа көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 15 500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Оның 12 500 тоннасы наурыз айына, ал қалған 3000 тоннасы мамыр айына қаралған. Ал басқарма басшылығы қазіргі уақытта белгіленген операторлар бойынша аудандардың егіс көлеміне сәйкес жағармай бөлінгенін айтып отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Үкімет тарапынан өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялау бағдарламалары бойынша барлығы 3 миллиард 598 миллион 128 мың теңге қаржы қаралған.

Қорыта айтқанда, облыста көктемгі дала жұмыстарына әзірлік жақсы. «Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Енді барлық тиісті жұмыстарды оңтайлы мерзімде өткізуге толық мүмкіндік бар», дейді Еркебұлан Даниярбекұлы.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы


Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38