Футбол • 31 Наурыз, 2017

Құралбек Ордабаев футболдан ұлттық құраманың ойынын сынға алды

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ футболының аңызына айналған қақпашы Құралбек Ордабаев «Алтай» командасының жағдайы, Қазақстан ұлттық құрамасының соңғы екі ойыны жайлы пікір білдірді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.

Құралбек Ордабаев футболдан ұлттық құраманың ойынын сынға алды

«Алтай» Қазақстан Кубогына қатысудан бас тартқанда бір нәрсенің шикі екені білінді. Бірақ ұжым Шымкентте оқу-жаттығу жиынын өткізген болатын. Шамасы клуб басшылары өзара бірнәрсені шеше алмай жатқан сияқты. Себебі, көп нәрсе түсініксіз. Меніңше, бұл іске Қазақстан футбол федерациясы араласуы керек. Қажет болса, жанкүйерлермен, әкімдермен кездесу ұйымдастырғаны жөн болар еді. Егер «Алтай» клубы жабылып қалатын болса, жергілікті әкімдікке, Қазақстан футбол федерациясына үлкен сын болады», – деді әйгілі қақпашы.

Сонымен қатар, Кипрге және Арменияға қарсы ойындағы ұлтық құраманың деңгейін сынға алды.

«Осыған дейін айтқанымдай, әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аяқталғанға дейін Талғат Байсуфинов өз орнында қалуы керек еді. Бұл кезең аяқталғаннан кейін бапкерлер құрамы жайлы шешім қабылдаса дұрыс болады. Ал соңғы ойындарда ұлттық құрамамыз Қазақстан чемпионатының деңгейін анық көрсетті. Әрине, футболшыларымыздың өз деңгейін арттырғанын қалар едім. Себебі, «Қайрат» пен «Астананың» ойыншыларын есептемегенде өзгелері барын салып ойнамайды. Осыдан кейін оларға бостан-бос жалақы төленіп жүр ме деген ойда қаламыз. Бұл дұрыс емес», – деді Құралбек Ордабаев.

«Қазақстан чемпионатына келер болсақ, чемпионды анықтау әзірге ерте сияқты. Себебі, «Қайраттың» өзі бірнеше ұпайынан айырылып қалды. Оның үстіне жігіттердің қандай алаңда ойнап жүргенін де ескеруіміз керек. Себебі, Таразда, Қызылордада, Затоболда футболшылардың ойнап жүрген жерін көрсеңіздер. Өз басым жасанды алаңға қарсы емеспін. Бірақ ол ФИФА-ның барлық талабына сай келмейді. Елімізде «Қайраттікіне» ешқайсысы жетпейді. Елордалықтар жасанды алаңын ауыстыру туралы дұрыс шешім қабылдады. Себебі, «Астана Аренаны» сынға алғандар көп болды», – деді ол.

«Мұндай кемшілікке реніш білдірген футболшылар да, жаттықтырушылар да көп. Міне, осыдан келіп, екі нәрсені түюге болады. Біріншісі – сапалы алаңдардың жоқтығы, екіншісі – қазақстандық футболшылардың деңгейінің төмендігі. Елімізде футбол дамып жатыр деп жар саламыз, ал ұлттық құрамамыз жеңілістен көз ашпай келеді. Дегенмен, уақыт өте келе бәрі өзгереді деп үміттенемін», – деді Ордабаев.

Айта кетейік, «Алтай» бірер ай бұрын Қазақстан премьер-лигасынан шеттетілген болатын. Федерацияның мұндай шешім қабылдауына шығысқазақстандықтардың жаңа маусым алдында сертификациядан өте алмауы себеп болды. Оның орнын «Тараз» басты. Ал бірнеше күн бұрын қаржылық қиындықтарға байланысты ел Кубогына қатысудан да бас тартты.

Соңғы жаңалықтар

Шерхан және Гамлет

Өнер • Бүгін, 15:25

Алматы маңында жер сілкінді

Алматы • Бүгін, 15:02