Оскар Де Ла Хойяның айтуынша Головкин Сондерспен айқасында жарақат алып қалса, қыркүйек айына жоспарланған Альвареспен кездесуіне толықтай үлгермей қалуы мүмкін.
«Меніңше, Геннадий мен оның промоутері Том Леффлер Де Ла Хойяның ескертуіне мән беріп отыр. Себебі, әлі күнге дейін Сондерске жекпе-жек жөнінде келісімшарт ұсынбады. Ал Сондерстің промоутері Фрэнк Уоррен боксшының Головкинді ұзақ күткісі келмейтінін ескертті. Бұл Генаның абсолютті чемпион атануы үшін үлкен мүмкіндік. Естуімше, Сондерс бұл істі аяқтауға 10 күндей уақыт беріпті. Болмаса, ары қарай жылжып, өзге қарсылас іздейтінін жасырмады. Орта салмақтағы соңғы белбеуге ие болғысы келсе, істі жылдамдатуы тиіс. Сондерс айқасудан бас тартқан жоқ. Ал мұндай сәт енді мүлдем болмауы мүмкін», – деді Дэн Эмброз.
«GGG-дің алдында екі таңдау тұр. Бірі – Сауль Альвареспен сыйақысы жоғары жекпе-жек өткізу, ал екіншісі – Биллидің еншісіндегі WBO белбеуіне таласу. Меніңше, Геннадий Сондерске келісімшарт ұсынып, Де Ла Хойяның пікірімен санаспайтынын көрсеткені жөн. Ал Альварес Головкинмен жұдырықтасқысы келген болса, бокс кешін әлдеқашан ұйымдастырған болар еді», – деді Boxingnews24.com порталының шолушысы.
«Геннадий Сондерстен бас тартып, «Канелоны» қыркүйекке дейін бостан-бос күтіп қалуы мүмкін. Себебі, Головкин-Альварес айқасы ұйымдастырылады дегенге өз басым сенбеймін. Мексикалық бұл кездесуден 2016 жылы ашық түрде бас тартқан. Енді осыдан кейін не күтуге болады? Том Леффлер мен Головкин не үшін оларға сенім артуы керек? Егер GGG өкілдері алды-артын толығымен ойлайтын болса, Сондерспен бокс кешін тездетіп ұйымдастырғаны жөн. Ал Де Ла Хойя Головкинді күте тұрар», – деді Дэн Эмброз.
«Сондерстің промоутері айтқандай, Головкиннің ендігі бар жұмысы келісімшартқа қол қою ғана. Қаржы мәселесі толықтай шешіліпті. Енді Альварес жайлы әзірге ойламауы тиіс. Кәсіпқой бокс – бизнес. Ал ақша жүрген жерде ешнәрсе күтпейді», – деді ол.
«Канелоны» жеңу Гена үшін аса қиын емес. Мексикалықтың күшін 2013 жылы кіші Флойд Мэйуезерге қарсы айқаста көрдік. Мен оны тіпті, Дэниел Джейкобстан да осал десем, артық айтпаған болар едім», – деп аяқтады Эмброз.
Айта кетейік, 2015 жылдың қараша айында орта салмақта Сауль Альварес пуэрторикалық Мигель Коттоны жеңгеннен кейін WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған. Ал осы белбеуге басты үміткер Геннадий Головкин оның міндетті қарсыласы атанды. Қос тарап 2016 жылдың 24 мамырына дейін бокс кешін ұйымдастыру мәселесін шешуі тиіс болатын. Бірақ мексикалық боксшы 19 мамырда Геннадий Головкинге WBC белбеуін жекпе-жексіз беріп, салмағын ауыстырып кетті. Дегенмен, «Канело» Головкинмен жұдырықтасудан бас тартпайтынын бірнеше рет мәлімдеді.
Екі жақ әлі күнге дейін нақты шешімге келе алмай жүр. Осының салдарынан қазақстандық боксшы өткен жылы небәрі екі рет қана шаршы алаңға шықты (23 сәуір күні Доминик Уэйдпен, 10 қыркүйекте Келл Брукпен). Мәліметтер бойынша Головкин-Альварес кездесуі осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр.
Ал британ боксшысы Билли Джо Сондерстің еншісінде орта салмақтағы жалғыз WBO белбеу бар. Қалғаны Головкинде. Қазақстандық боксшы орта салмақтағы барлық белбеуге ие болып, абсолютті чемпион атануды армандайтынын бірнеше рет айтты. Кездесудің қаржы мәселесі шешілгенмен, әлі күнге дейін келісімшартқа қол қойылмады.
Дайындаған: Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»