Қым-қуыт қарбаласқан адамдардың арасында аракідік төңірегін жаңғыртқан ащы дауыстар естіледі. «Жол беріңдер», «Дорогу» деп айғайлайды қоларба сүйреткен арбакештер. Қарсы алдымнан Айдарбек кездесті. Елдес, жерлес Ерболсынның баласы. Облыс орталығындағы жекеменшік жоғары оқу орындарының бірінде заң факультетін бітірген. Әкесінің осы баланы мехнат шегіп, қаншалықты қиындықпен оқытқанын жақсы білетін едім. Қазір жоғары білімді Айдарбек қойма мен сауда сөресінің арасын күре жол қылып, саудагерлердің затын тасып жүр.
Ертеректе заңгерлік мамандығы ерекше құрметті саналатын. Осындай оқу орнына табан іліктірген бала күні ертең сот немесе прокурор, тіпті болмаған күннің өзінде табысты күреп табатын адвокат болып шығатын. Бүгінгі дипломды заңгер Айдарбек базарда қоларбамен жүк таситын арбакеш.
Аз-кем қал-жағдай сұрастық. Мазмұнсыз, мәнсіз әңгіме. Елдестердің есендігі, ауылдастардың амандығы.
– Аға, – деді Айдарбек. – Сіз халықты көп танисыз ғой. Мені күзетшілікке орналастырыңызшы.
– Күзетшілігі несі?
– Арба сүйреп қажыдым. Күзетшілік дегеніңіз рахат қой. Бір күн істейсіз, екі күн демаласыз.
Айдарбектің өтінішін орындай алмасым белгілі. Күзет фирмаларының бәрі жекеменшік. Олар кімнің өтінішіне құлақ ассын.
Жоғары білімді, он екі мүшесі сау, отызға да толмаған, жалындаған жастың арманының шегі, қиял қанатының жеткен жері күзетшілік болыпты. Ол өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, қызмет сатысы бойынша өсуді, түптің-түбінде сот немесе прокурор болуды, сөйтіп, халыққа қызмет етуді ойламайды.
Жастар заңгер, экономист мамандықтарын игеруге құштар. Ал оқу орнын бітіргендердің жартысынан көбі жұмыссыз жүр. Осы орайда, жарнамалық газеттерді қарасаңыз құрылысшы, электр дәнекерлеушісі, автокран жүргізушісі, токарь, слесарь қажет деген хабарландырудан көз сүрінеді. Ендеше, ертеңгі күні жұмыс табылар-табылмасы белгісіз мамандықты игеремін деп жастық шағыңның енді қайтып оралмас алтын уақытын сарп етіп, ауылдағы ата-ананың бетіне қарап отырған екі-үш малына салмақ салып қажеті қанша еді.
Көшеде етік жамап отырған немесе сағат, теледидар жөндейтін, компьютердің тілін білетін, техникалық қызмет көрсету орталықтарында жалаңдап жүрген қазақ баласын көрдіңіз бе? Тіпті қарапайым шаштараз мамандығын игергендер де өзге жұрт өкілдері. Ал, біздің ағайындар шәниіп сот, оқалы погон тағып прокурор болғысы келеді. Қазір ішкі істер саласындағы мамандардың бәрі біздің ұлттан. Көшедегі қоғамдық тәртіп сақтайтын батальонның жауынгерлерін қараңызшы, бәрі ауылдан қалаға көшкен ағайынның маңдайына басқан мың болғырлары. Ішкі істер саласының киімін қазақтың ұлттық киімі деуге әбден болғандай.
Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында: «Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз. Бүгінде дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға 1-6 жоғары оқу орнына дейін келеді. Қазақстанда барлығы 149 жоғары оқу орны бар. 200 ғылыми кеңестер, кандидаттар мен докторларды қалыптан құйғандай етіп, жасап шығарып жатыр. 60 кандидаттың 1-еуі және 37 доктордың 1-еуі ғана ғылымға барады. Осы жылдан бастап ол кеңестердің жұмыстары тоқтатылады», деген болатын.
Үш күн бойы арбакеш Айдарбектің «мен күзетші болсам ғой» деген арманы естен кетпеді. Бүгінгі жастың, білімді маманның кейпі осы. Жаңа оқу жылы, мамандық таңдау маусымы таяп келеді. Мыңның болмаса да, жүздің тіпті, он жастың ойына қозғау салсам деп осы жолдарды жазуға тура келді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ