Қазақстан • 31 Наурыз, 2017

Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен тарихымызға үңілсек, қазақ ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған. Бүгінгі таңда «баласын қоқысқа тастап кетіпті» деген сұмдық хабарларды жиі еститін болдық. «Мал құлағы саңырау» дегендей, ондайды аузымызға алғымыз келмей, құлағымызды бітесек те қазіргі жүгенсіз, жосықсыз ақпарат құралдары шімірікпестен қайта-қайта жазып, айғайлатып айтып, елдің құлағын үйретіп болды. Адамдардың етін де сондай сұмдыққа үйрете бастағанның кесірі ме, қайдам, ондай оқиғалар да жиі қайталанып барады.

Қыз баланы тәрбиелеу –  ұлтты тәрбиелеу деген сөз

2016 жылы осындайларға байланысты 15 қылмыстық іс қозғалса, үстіміздегі жылдың 3 айында ғана далада қалған сәбидің саны 8-ге жеткен. Дү­ниеге шыр етіп енген шарана еш ж­азықты болмаса да санасыз ананың тас­жүректігі салдарынан осындай күй­г­е тап болуда. Мұндайларға «ана» де­ген сөзді шығын қылудың өзі артық. Са­­насыз дейтін жануарлар да іштен шық­­­қан баласын қорғаштап, жан-тә­­ні­мен қамқор болып жатады ғой. Ал қа­ра­­қан басының ғана қамын ойлай­тын тас­­жүректер тоғыз ай бойы көтерген жан иесін адам баласы деп танымайды.

Осындайлардың арамызда болмауы үшін баршамыз болып, қоғам болып, оның ішінде мемлекеттік органдарымыз болып, аталған сорақылықтың ал­­дын алу үшін батыл араласуымыз ке­­рек. Өйткені, мұны қоғамымыздың ор­­тақ дерті деп қабылдаған жөн. Ал ол үшін, алдымен, қыз баланың тәр­бие­сі­не қатты назар аударылуы керек. Бар­лық мектептер мен орта және арнау­лы оқу орындарында, тіпті жоғары оқу орындарында қыз балаларға ар­нал­ған ақыл-кеңес беретін сабақтар жиі өткізіліп тұрғаны абзал. Оған тә­жі­­рибелі, ақылман аналар, медицина, пси­­хология, социо­логия саласының ма­ман­дары да қатысып, қыздардың көзін ашып, көңіл көкжиегін кеңітіп отыру­лары керек. Қыз баланы тәрбиелеу де­ген сөз – ұлтты тәрбиелеу деген сөз еке­нін естен шығармайық.

Осы орайда, төмендегі мәселелерге ба­са назар аударылуы керек деп санаймын. Оған аталған мәселеге тікелей не­ме­се жанама қатысы бар барлық мем­ле­кеттік, сондай-ақ, үкіметтік емес ұй­ым­­дар атсалысуы тиіс деп есеп­тей­мін.

Біріншіден, Денсаулық сақтау ми­нистрлігі жеткіншек қыздардың жетілуі ке­зеңі мен жүкті аналардың есепке тұ­р­уын бақылауды жіті қадағалауы ке­рек. Барлық білім ошақтарында тәр­бие­ге қайшы келетін олқылықтарды жою үшін рухани-адамгершілік құн­дылықты ұлықтайтын арнайы бағ­дар­лама түзілсе артықтық етпейді. Сон­дай-ақ, отбасы – ортасы – білім оша­ғы үштағанының бірлесіп атқарар жұ­мыстарын үйлестіруге назар аудару қажет.

Екіншіден, күн ұзын нәпақасын табумен жүріп, бауыр еті – баласының тәр­биесін кейінге ысыра беретін кей­бір ата-аналармен жұмыс жүргізуді бас­тау керек. Оның үстіне, бүгінде ре­с­публиканың түкпір-түкпірінде «Үміт» үйлері мен «Үміт» топтарында 333 сәби тәрбиеленуде. Аталған үйлер – «от басқан» аналар тығырықтан шы­ғар бірден-бір жол. Осы іспетті орын­дар­дың бар екендігі туралы жауапты ма­ман­­д­ар тарапынан жастарға кеңірек тү­­сінік жұмыстарын жүргізу және та­ныс­­тыру;

Үшіншіден, әйелдер icтері және от­басы мәселелерімен айналысатын мемлекеттік, ҮЕҰ, қоғамдық ұйым­дар­дың осы тараптардағы ісін бір арнаға тоғыстырсақ, тек ұтатынымыз анық. Бұған қоса, осыған дейін де депутаттар тарапынан көтеріліп жүрген «Бэби-бокс» аталатын «үміт бесіктері» бүгінде біраз елде бар. Осыны біздің елде де мем­лекеттік дәрежеде қабылдаса қай­тер еді?

Менің осы депутаттық сау­алым­ды қолдап, «Нұр Отан» партия­сы фрак­циясындағы әріптестерім З.Ба­лие­ва, О.Өксікбаев, С.Үмбетов, О. Ши­ши­ги­на Г.Шиповских, И.Унжакова және Қазақстанның коммунистік халық партиясы фракциясы атынан И.Смирнова қол қойды. Осынша депутатты мазалап отырған мәселеге Үкімет тарапынан да тиісті деңгейде назар аударылып, оң шешім қабылдар деген үміттемін.

Бақытгүл ХАМЕНОВА,

Мәжіліс депутаты


Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38