Мәжілісті ашып, жүргізген «ОЖЭТ» филиалының директоры С.Гольдштейн сөз кезегін «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевке ұсынды.
Кездесу барысында компания басшысы компанияның ҰЭТ-ты дамыту және Қазақстан БЭЖ-інің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің тиімді орындалып жатқанына тоқталды. Бақытжан Төлеуқажыұлы ірі инвестициялық жобалар іске асырылып, қызмет тиімділігін арттыру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілгенін, персоналдарды дамытуға және ұжымның әлеуметтік мәселелерін шешуге үлкен көңіл бөлінетіндігін атап өтті.
Мәселен, 2016 жылы «500кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитін салу» ауқымды жобасының бірінші кезегі – жоғары вольтты 500 кВ Екібастұз-Шүлбі ЕЭС (Семей) – Өскемен желілері жоспарланған мерзімінен бір жыл бұрын пайдалануға берілген.
Өткен жылғы қаржылық нәтижелер акциялары аса өтімді және инвесторлар тарапынан қызығушылық бар «KEGOC» АҚ акционерлерінің үмітін ақтады. Бүгінгі күні «KEGOC» акциялары KАSЕ-де бір акция үшін 1300 теңге баға шегінен асып түсті, бұл орналастыру бағасынан 150 пайыздан артық.
Әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын дамыту шеңберінде KEGOC-та қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалады. Ұжымдық шартпен реттелетін әлеуметтік бағдарламалар іске асырылады. Өткен жылғы қыркүйекте кәсіподақ конференциясында «KEGOC» АҚ пен оның еңбек ұжымы арасында еңбек заңнамасындағы өзгерістер мен қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып жасалған 2016-2020 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шарт бекітілді.
Компанияның 82 пайызды құрайтын өзгермейтін жоғары әлеуметтік тұрақтылық рейтингі, сонымен қатар, ӘБҚ персоналының қатыстырылу дәрежесінің 5 пайызға өсіп 73 пайызды құрағаны компанияның әлеуметтік саясатының табысты екенін дәлелдейді.
Компания ұжымы кешенді және ауқымды бизнесті трансформациялау бағдарламасын табысты іске асыруды жалғастыруда.
Бақытжан Қажиев компанияның дамуы Қазақстанның өркендеуімен және Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басымдықтармен үздіксіз байланысты екенін атап өтті.
Ұлттық компания басшысы бес негізгі басымдықтардан тұратын Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыруға кіріскенін атап кетті. Олар: экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капиталдың сапасын жақсарту, сондай-ақ, институттық түрлену, қауіпсіздік және жемқорлыққа қарсы күрес.
Бұл басым бағыттарды іске асыру – негізгі стратегиялық мақсат, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолында сенімді іргетас қалауды қамтамасыз етеді.
– Еліміздің жаңа технологиялық құрылымын жасау жөніндегі стратегиясында біз өз орнымызды алуымыз керек, – деп атап өтті «КЕGОС» АҚ Басқарма төрағасы. – Бұл мақсатты іске асыру үшін Компанияда барлық мүмкіндіктер бар: тәжірибелі топ-менеджмент, жоғары білікті қызметкерлер, ірі көлемді инвестициялық жобаларды іске асырудағы үлкен тәжірибе, алдыңғы қатарлы және заманауи технологиялар.
Кездесу барысында Бақытжан Қажиев үстіміздегі жылдың наурызында қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң еліміздің негізгі саяси институттары – Президент, Үкімет және Парламент арасындағы өкілеттіктерді неғұрлым анығырақ бөлуге бағытталғанына қызметкерлердің назарын аударды.
Конституциялық реформаның және Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудың тұтас нәтижесі Қазақстан экономикасының жаңа ғаламдық нақтылығындағы орнын анағұрлым күшейтеді, деп атап өтті «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы.
«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функцияларын атқарады, Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етеді және басқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрап тұратын ұзындығы шамамен 25 000 км болатын 0,4-1150 кВ электр жеткізу желілері мен трансформаторларының белгіленген қуаты 36,7 ГВА 78 қосалқы электр стансалары бар. Компанияда 4,7 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы