Фото: Ашық дереккөз
Бұл туралы Үкімет кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді. Оның айтуынша, бастама халық табысын арттыруға арналған кешенді бағдарлама аясында қарастырылып жатыр. Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Ал халықаралық тәжірибеде ең төменгі жалақы көбіне медианалық жалақының 50%-ына тең болады. Қазақстандағы медианалық жалақы шамамен 302 мың теңге деңгейінде екен. Осыған сәйкес, ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген.
Мәжіліс ең төменгі жалақыға қатысты конвенцияны ратификациялады
Сонымен қатар, бұл шешімнің қашан қабылданатыны бюджет мүмкіндіктеріне байланысты болмақ. Вице-министрдің айтуынша, мәселе кешенді әрі күрделі болғандықтан, жүзеге асу мерзімі әзірге нақтыланбаған.
Кешенді бағдарлама шеңберінде бизнеске қолдау көрсету шаралары да қарастырылған. Бүгінде кәсіпкерлер үшін басты мәселе – ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржының тапшылығы. Қазіргі таңда базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде тұр. Осыған байланысты мемлекет банктер арқылы берілетін несиелерді субсидиялап, кепілдік беру тетіктерін іске қосып отыр. Нәтижесінде несие құнын 12%-ға дейін төмендету көзделген, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін аталған бағдарлама бойынша бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру мәселесін енгізу мүмкіндігі де айтылған. Нақты ұсыныстарды мамыр айында таныстыру жоспарланып отыр.
Қазақстанда 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері артады