• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ат спорты 27 Сәуір, 2017

Балаларды ат спортына баулып жүр

470 рет
көрсетілді

Тарбағатай ауданында екі ат спорты мектебі бар. Соның бірі аудан орталығы Ақсуаттың іргесіндегі Екпін ауылында орналасқан. 2016 жылы ашылған спорт мектебінің директоры Болат Қойбағаров бұл жердің бүгінде ауыл балаларының сүйікті орнына айналғанын айтады.

«Мектепті ашқандағы мақса­тымыз – ауыл жастарын, осындағы қара домалақтарды ат спортына баулу. Ауылдың барлық балаларына қай уақытта келеміз десе де, есі­гіміз ашық. «Атқа мінген қазақ­тың кеудесін ешкім баса алмайды» дегендей, соңымыздан ерген іні-қарындастарымыз жастайынан жылқыға үйір болып өссе, денелері шымыр ғана емес, саналары да сергек болады», деген Болат Қойбағаров ауылдағы тақымы берік, шабандоз балаларға ақша төленетінін де айтып қалды.

Сондай шабандоздың бірі − 8-сыныпта оқитын Серікбол Қабыл­бекұлы. «Екі жылдан бері атқа шауып келемін. Бапкерім бар. Атқа шапқаным үшін айына 20 мың теңге төлейді. Жүлдесін де сыйға беріп жатады», дейді мектепте оқыса да, табыс тауып жүрген балғын шабандоз.

Бүгінде спорт мектебінде 14 ат бар. Барлығы да асыл тұқым­ды, таза қанды жылқылар. Оның кейбірін сонау Кавказдан, кейбіреуін Алматыдан арнайы алдырыпты. Арасында аламанның алдын бермей жүргендері де бар. Ат спорты мектебінің директоры Болат Қойбағаров келешекте иппотерапия орталығын ашуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы

Суретті түсірген автор

Соңғы жаңалықтар