Кейінгі жылдары елімізде ұлттық тағамның нарыққа жаңаша форматта ену үрдісі айқын байқалады. Бұл бағытта жас кәсіпкерлердің тың ізденістері мен заманауи технологияны тағамтану мәдениетімен ұштастыру талпынысы назар аударарлық. Соның бірі – Астана қаласының тұрғыны, жас кәсіпкер Ақмарал Сәмет.
2024 жылы Ақмарал «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында өткізілген гранттық байқауда жеңімпаз атанып, бес миллион теңгелік мемлекеттік қолдауға ие болды. Жоба ауылдық өңірлердің әлеуетін арттырып, өңдеуші шағын бизнеске серпін беруді көздейді. Осы бастаманың нәтижесінде жас кәсіпкер ұлттық тағамды нарыққа бейімдеп, заманауи талаптарға сай ұсыну ісіне ден қойды.
Ақмаралдың негізгі өнімі – қазақтың дәстүрлі женті. Ол ежелгі ас түрін қазіргі тұтынушы талғамына сәйкестендіріп, шоколадпен үйлестіре отырып дайындайды. Бұдан бөлек, кәсіпкер сөк пен талқанды түрлі қаптамада шығарып, корпоративтік тапсырыстарды орындайды және ұлттық мейрамханаларға тұрақты жеткізуді жолға қойған. Сондай-ақ құрманы шоколадқа малып әзірлеу секілді шетелдік тұтынушыға да түсінікті форматтағы өнімдер ұсынып жүр. Бұл – ұлттық ас мәзірін жаңа буынға эстетикалық әрі гастрономиялық деңгейде танытудың бір тәсілі.
Қазір кәсіпкердің өндірістік цехы Астананың Есіл ауданында орналасқан. Ал арнайы дүкені жөндеу аяқталғаннан кейін жұмысын бастамақшы. Бұл да қалалық тұтынушыларға жақындаудың бір қадамы екені анық.
Ақмаралдың кәсіпкерлікке келу жолы да қызықты. Ол – заң мен экономика салалары бойынша екі жоғары білімі бар маман. Алайда уақыт өте келе тағамтану бағытында тәжірибе жинап, шағын кофехана ашқан. Бұған қоса флипингпен айналысып, жеке кәсіпті жолға қойған. Кәсіпкердің айтуынша, ұлттық тағамды жаңғырту – отандық бренд қалыптастырудың бір құралы.
«Жент, талқан, сөк сияқты тағамдардың құрамы өте қарапайым әрі табиғи. Онда жасанды қоспалар болмайды. Бұршақ тұқымдас пен дән өнімдері ағзадағы энергия алмас-уын жақсартып, бал, май, ірімшік секілді өнімдер иммундық жүйені қолдайды. Мұндай тағамдарды жаңа форматта ұсыну – денсаулыққа пайдалы дәстүрді сақтап қалудың бір жолы», дейді Ақмаралдың тұрақты тұтынушысы әрі осы саланы көптен бері зерттеп-зерделеп жүрген «Хабар» телеарнасының продюсері Меруерт Абдалиева.
Оның айтуынша, әлемде этнографиялық гастрономия бағыты дамып келеді, ал қазақ тағамдары бұл трендке толық сәйкес келеді.
Отандық кәсіпті қолдау мәселесіне тоқталған экономист Сейітқұл Жұманов ұлттық өнім өндірушілердің әлеуеті әлі толық ашылмағанын айтады. «Ұлттық тағам өндірушілеріне нарық кеңейіп келеді. Бірақ оларға қаптама, сертификаттау, логистика, маркетинг сияқты бағыттарда қосымша қолдау қажет. Қолданыстағы гранттық бағдарламалар нәтижелі. Дегенмен өндіріс көлемін арттыру мақсатында өңдеу саласына арналған арнайы құрал-жабдықты субсидиялау, экспортқа шығару тетіктерін жеңілдету маңызды», дейді ол.
Ұлттық тағам – дәмдік ерекшелігімен ғана емес, мәдениет пен тарихи жад арқылы да құндылыққа ие. Осы тұрғыдан алғанда, Ақмарал Сәмет сияқты кәсіпкерлердің еңбегі ұлттық асхананың бүгінгі күнге лайықталып, жаңа буынға жеткізілуіне ықпал етіп жатыр.